Қазақтың әрбір ауылы ашылмаған дарындар мен танылмаған қабілеттерге толы. Олардың бәрі де өз өнерін тіршілігіне пайдаланып, ағайын-туыстың игілігіне жұмсайды. Сондай қолы ісмер жанның бірі Райымбек ауданы, Тасашы ауылдық округіне қарасты Ақтасты ауылында тұрады. Аты-жөні – Тоқтар Бәйділұлы. Табиғаты тамаша, айналасын жақпар-жақпар жартас қоршаған Ақтастының етегіндегі шағын ауылда ес жиған кейіпкеріміз әкесі Бәйділдің ағаш шебері болғанын жақсы біледі. «Алма ағашынан алыс түспейді» деген сөздің растығын өз өмірінде талай көрген шебер бойындағы қабілеттің әкесінен жұққанын ұғынады. Сөйте жүріп, қаршадайынан көлденең жатқан ағашты жоңқалап, мифтік жануарларға айналдыруды кәсіп қылады.
Алғашында Қурайлы деген жердегі үш сыныптық бастауыш мектепте білім алған жігіт ағасы ұстаздарының қолпаштауы бойындағы қабілетінің ашыла түсуіне сеп болғанын айтады.
–1-сыныпқа барғандағы бір оқиға әлі күнге есімде. Мұғаліміміз Сағыныш Мырқасымбаев деген кісі кішкене қаталдау еді. Ешкімді жөнсіз мақтамайды. Бір күні еңбек сабағынан балта жасап апардым. Соны көргенде мені: «ЈӘй, мына Бәйділдің баласынан бірдеңе шығады екен. Әкесіне тартып, шебер болатын көрінеді», – деп кәдімгідей мақтады. Сол кісінің айтқан сөзі көңілімді әжептәуір көтерді. Шындығында қолдау сөз баланың арманына қанат бітіреді екен, – деген ақтастылық шебер өз өмірін бізге таныстыра кетті.
– Кейін өздігімнен домбыра, баян, мандолина сияқты музыка аспаптарын меңгеріп, ән-күйден сабақ бердім. Сонда шәкіртке жасаған қолдау адамды алысқа жетелей түсетінін ұғындым. Оқуды 1966–1967 жылдары Шырғанақ ауылында бітірдім. Мектепте жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесін құрып, ресми түрде «№336 совхоз» деп аталған ауылдың кәрі-жасына арнап концерт қоятынбыз. Сондағы іскерлігімді көрген кеңшар директоры Социалистік Еңбек Ері Іңкәрбек Жұмағұлов пен жергіліктің жұмысшылар кәсіподағының жетекшісі Қаматай Омарқұлов: «Тоқтар сен клуб меңгерушілігін алсаң қайтеді?» – деп ұсыныс жасады. Сөйтіп, алғашқы еңбек жолымды Шырғанақтағы клуб меңгерушісі болып бастадым.
Тағдырдың сынағын болжау мүмкін емес. Бір жарым жыл клубта бар өнерін шыңдаған Тоқтар Бәйділұлы әкесінің денсаулығына байланысты туған ауылы Ақтастыға оралады. Жинақтаған тәжірибесіне орай ауыл клубы меңгерушілігіне тағайындалған кейіпкеріміз автоклубпен шалғайдағы шопандарға кино қоюға да қатысады. 1970-1971 жылдары Ақтасты ауылында құрылған «Қазақстанның 50 жылдығы» атындағы тәжірибе шаруашылығының мамандар бөлімінің басшысы, кейіннен комсомол ұйымының мүшесі, жұмысшылар бригадасы басшысының орынбасары сынды жауапты қызметтерді атқарған маман көкірегін тербеген ән мен күйдің жетелеуімен көркемөнерпаздар үйірмесін басқарып, мереке күндеріне арналған декорацияларды жасауға қатысады. Бір сөзбен айтқанда, Ақтасты ауылының тіршілігіне, өміріне белсенділікпен араласады. «Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей, сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаздың талмас қажыр-қайраты мен тапқырлығын көрген Тасашы ауылындағы 8 жылдық мектептің директоры Исәділ Әбдіғұлов Тоқтар Бәйділұлын жұмысқа шақырады. Сөйтіп, ұстаздық жолға түскен шебер 1979-1980 жылғы оқу жылында мектептегі «Шебер қолдар» үйірмесіне жетекшілік жасап, оқушыларын аудандық жарыстарға апарып жүреді. Әр сапардан олжалы оралған қолы ұсынықты шебер кейіннен облыстық межені де бағындырады. Содан кейін «Шебер қолдар» үйірмесі қысқартылып, оқу бағдарламасына еңбек пәні енгізіледі.
Жастық жалынмен Абай атындағы Қазақ педагогика институтының көркемсурет факультетіне түскен өнерпаз әкесінің ауруына байланысты бір жылдан соң оқуын тастауға мәжбүр болады. Арада өткен уақыттың есейтуімен кейін сол институттың Тарих факультетін бітіріп шығады. Халықтық өнер мен шеберлікті өмірлік серігі еткен кейіпкеріміз сөйтіп ел мен жердің тарихына назар аудара бастады. Тасашы ауылында 9 жыл еңбек еткен соң өз ауылындағы мектеп оқушыларына тәлім берген ұстаз ата тарихтың ақтаңдақ тұстары мол екенін сезсе де ашып айта алмай, іштен тынған күндерін ұмыта алмайды.
Жасы 70-ті алқымдаған шебердің қолынан ағаштан, тастан, темірден түрлі заттар шығып жатады. Оның көпшілігі тау өзені мүжіген ағаш тамырларын әрлеуден, көріктендіруден туған мифтік бейнелер. Мал терісі мен темірді өңдеп, қалқан, қылыш секілді қару-жарақтарды көрнекі зат күйінде жасайтын шебердің үйі бірден көзге түседі. Қоршауының өзі қолда бар заттармен әсемделіп, қақпасы неше түрлі оюмен әдіптелген. Осының бәрі қолы ұсынықты кісінің қолынан шыққаны бірден көзге түседі. Есік алдындағы шеберханасына түрлі құрал-жабдық жиналған. Қолы істі игергенде ойы алысты шолатын Тоқтар Бәйділұлы құжыр-құжыр жартасты Ақтасты тауының етегіндегі елдің тарихын жетік біледі. Сонау сақ, ғұн дәуірінен, Үйсін мемлекетінен қалған оба қорғандардың адамзат шежіресі үшін маңызды екендігін өскелең ұрпаққа ұдайы әңгімелеп отырады. Соның әсерінен болар шағын ауылдың ақсақалын көрші-қолаң, ағайын-туыс, жергілікті билік өкілдері құрмет тұтып, ақыл-кеңесін тыңдайды. Халқымыздың: «Ауылыңда қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген тәмсілінің мәні осында жатса керек.




