Облыс әкімі Амандық Баталовтың және Үлкен Алматы айналма автокөлік жолын салатын мердігер компания өкілдерінің қатысуымен тағы бір ғасырлық жобаның тұсауы кесілді. Батыс Қытай – Батыс Еуропа күрежолымен керуен тартып, Алматы қаласы арқылы өтетін көліктердің іркіліссіз қатынауын қамтамасыз ететін айналма автокөлік жолының құрылысы биыл басталатын болды.
Инвесторлармен кездесіп, емен-жарқын әңгімелескен Амандық Ғаббасұлы:
– Өткен жылы Алматы облысының экономикасына 567 млрд. теңге инвестиция тартылса, бір ғана Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының құрылысына құйылған инвестиция 512,3 млрд. теңгені құрады. Өңірдің экономикалық әлеуетін көтеріп, әлеуметтің тіршілігіне серпін беретін жобаға жұмсалған қаржының 176,7 млрд. теңгесі инвестициялық шығындардың өтемақысына, 28,0 млрд. теңгесі пайдалану шығындарының өтемақысына, 307,6 млрд. теңгесі басқарғаны үшін сыйақы, яғни, меншікті капиталдың құны, банктік пайыздар және қосымша құрылысқа, тағы басқа шығындарға жұмсалады, – деді.
Қарасай, Іле, Талғар сияқты үш ауданның аумағын кесіп өтетін айналма жолдың жобасы 2013 жылы қолға алынған болатын. Алматы қаласының аумағы ұлғайып, көрші аудандардың жер телімдері қаланың территориясына кіруіне байланысты жоба қайта қарастырылды. Осы уақыт аралығында жол өтетін жер телімдерін жекеменшіктен мемлекет меншігіне өткізу жұмысы жүргізілді. Қазір айналма жол өтетін аумаққа орналасқан 722 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жерде тұрғын үй, сауда орталықтары, егістік алқабы, мекемелердің ғимараты, өндіріс орталығы сияқты нысандар болғандықтан көптеген қиындыққа жолықса да жол құрылысына кедергі келтіретін себептердің бәрі жойылды.
Жолды салып, бітіру мерзімі 2018 – 2021 жылға, пайдалану мерзімі 2036 жылға дейінгі 15 жылға жоспарланған. Жалпы ұзындығы 66 шақырымға созылатын алты жо- лақты, 1 «а» категорияға жататын жол бойында 41 көпір, 7 жол айырығы салынады. Жоба пайдалануға берілгенде айналма жолдан тәулігіне 38 мың көлік өтсе, толық қуаттылығына енгенде 104 мың көліктің іркіліссіз қатынауына мүмкіндік туады.
ҚР Инвестиция және даму министрлігі Автокөлік жолдары комитетінің тапсырысы бойынша қолға алынған жобаны түркиялық және кореялық құрылыс компаниялары серіктесіп жүзеге асырады. Олар күрделі инженерлік жұмысты атқаратын мамандардан басқа 90 пайыз жұмысшыны жергілікті тұрғындардан аламыз деп отыр.
– Жоспар бойынша биыл дайындық жұмыстарын аяқтап, келесі жылдан жол салуға қарқынды кірісеміз. Бәрі ойдағыдай болса, 2021 жылы жолды тапсырамыз. Оған қуатымыз да, мүмкіндігіміз де жеткілікті. Мұндай ауқымды жобаны Қазақстанда бірінші рет қолға алып отырғанымызбен басқа елде бірнеше мәрте жүзеге асырдық, тәжірибеміз жеткілікті, – дейді «Алсим Аларко» АҚ-ның вице-президенті Аббас Шахин.
Жобаны іске асыру үшін облыстық әкімдік жол құрылысына керекті қосалқы материал дайындайтын, тас үгітіп, цемент пен асфальт шығаратын зауыттарды орналастыруға қажетті жерлерді анықтап береді.
Осы арқылы мердігер компанияның белсене жұмысқа кірісуіне жағдай жасаймыз. Жоба жоспарлы уақытында аяқталса, оның пайдасын кептелістің қиындығын тартып жүрген жүргіншілер көреді. Міне, осылай Жетісу жерінде тағы бір ауқымды жоба жүзеге асырылатын болды.
Қажет АНДАС





