Еліміздің тәуелсіздігіне, ертеңіне қатысты әңгіме үйде жиі айтылған соң бала кезімнен Желтоқсан көтерілісі туралы, тілімізге, тарихымызға, ұлттық құндылықтарымызға қатысты ақпарларға сусындап өстім. Мүмкіндігімше соның барлығын маңайымдағыларға жеткізуге тырысамын.
Мен 1990 жылы Алматыдағы «Орбита» шағынауданындағы орта мектепті тура ортасынан бөліп ашқан қазақ мектебіне бірінші сыныпқа бардым. Екі мектеп бір ғимаратта орналасқан, ортасы темір қоршаумен бөлінген. Келер жылдың көктемінде қазақ мектебінің кіреберісінде апат болып, жаңа ғимарат құрылысы басталып, бір жылда тұрғызылды. Біртіндеп Алматыда қазақ балабақшалары ашылып, мектептер салына бастады. Жалпы тоқсаныншы жылдардың басындағы осындай оң бетбұрыстардың барлығы 1986 жылы желтоқсандағы көтерілістен соң бастау алды.
Отбасында таза қазақша тәрбиелендік. Балабақшада қазақ тобына барып, мектепті де ана тілімізде бітірдік. Университетті ойдағыдай аяқтадым. Шет елде білімімді жетілдірдім. Қазіргі кезде бірнеше тіл білемін. Бүгінде қазақ тіліне шетін қарайтын кейбіреулерге ана тіліне мейірі қанған адам ештеңеден кем қалмайды демекпін.
Заман бір орнында тұрмайды. Жаңа кезең соны талаптарды алдыға тарту етеді. Әлемдік өркениеттен тысқары қалып, өз бетінше өмір сүру, даму мүмкін емес. Сондықтан тілімізге, ділімізге, ұстанымымызға, таным-түсінігімізге кереғарлау кейбір жаңалықтар мен өзгерістерді тірлікте кеңінен пайдалануға мәжбүрміз. Алайда, кім екеніңді, қайдан шыққаныңды ешқашан ұмытуға болмайды. Ол үшін еліміздің тарихын үнемі ой елегінен өткізіп, бар мен жоқты түгендеп отырған жөн.
Ақерке БОЛАТБЕКҚЫЗЫ
ҚазҰУ Шығыстану факультеті
Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі





