Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев байланыс және ақпарат қызметкерлерінің төл мерекесіне орай журналистерді қабылдап, құрмет көрсетті. Талдықорғанның жаңа әкімі салтанатты шараға елуге жуық журналисті шақырыпты.
Шырайлы шаһар басшысы Дастан Шалтабаев құттықтау сөзін бүгінгі таңда қалада шоғырланған бұқаралық ақпарат құралдары жайлы мәліметтен бастады. – Талдықорғанда барлығы 38 бұқаралық ақпарат құралы бар. Барлығы дерлік Жетісу өлкесінің жаңалығын жеткізіп, жақсылығын көрсетіп, билік пен бұқараның ортасын жалғауда. Осы салада келе жатқан алдыңғы толқын ағаларыма айтар алғысым шексіз. Қоғамды тәрбиелеуге, елдің олқы жағын толтыруға күш салдыңыздар. Сіздердің ақылдарыңызбен ержеттік. Кеше ғана облыстық қос газеттің 100 жылдық тойы тойланды. Жаңа ғана естіп отырмыз облыстық «Жетісу» газеті республикалық «Үркер» сыйлығын алыпты. Қуаныштарыңызға ортақпыз. Бұдан ары қарай да жетістікке жете беріңіздер. Шабыттарыңыз шалқып, қаламдарыңыз ұшқырланып, халыққа айтар ой-пікірлеріңіз болсын, – деді қала әкімі.
Салтанатты шара одан ары қарай журналистерді марапаттаумен жалғасты. Барлық тілші қала әкімінің Алғыс хаты мен ақшалай сыйлыққа ие болды. Журналистер қауымы мерейлі мерекеде өздеріне құрмет-қошемет көрсеткен қаланың жаңа басшысы Дастан Тұрарбекұлының қызметіне ақ жол тіледі. Облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін: – Облыс әкімі Амандық Баталов Дастан Шалтабаевты көптеген жылдан бері тәрбиелеп, басшылық құрылымның бірнеше сатысынан өткізген кадры. Дастанның аяғы құт болып, алты бірдей журналисіміз баспана алды. Дастан Тұрарбекұлы осыған дейін де қаланың көркеюіне үлес қосқан, өзінің көзқарасы, айтары ешкімге ұқсамайтын қайтпас-қайсар мінезі бар азамат. Өздеріңіз көрдіңіздер қала басшысы бүгін қаламгерлердің алдында қағазға қарамай, сөздің майын тамызып сөйледі. Ол әркімнің қолынан келе бермейді. «Алғашқы адымнан, келесі мың адым басталады», – деген. Бұл – еңбек жолыңда өзіңнің тұлғаңды сомдап жатқандығыңның белгісі. Қызметің құтты болсын!– деп ағалық ақ тілегін арнады.
Жиын барысында басқа да журналистер қала әкімінің қызметіне табыс тіледі. Абырой биігінен көріне беруіне тілектестігін білдірді. «Хабар» арнасының тілшісі Тілеуғабыл Мыңжасар әріптестерін мерейлі мерекемен құттықтай келіп, жетісулық журналистердің әріптестері арасында көш бастап келе жатқанын ауыз толтыра айтты. Былтыр «Жетісу» телеарнасы республикалық «Тұмар» байқауында жеңіске жетсе, биыл ел көлемінде ұйымдастырылған «Үркер» сыйлығын «Жетісу» газетінің жеңіп алғандығы сөзге дәлел. Мінбеге көтерілген «Кәсіпкер» журналының бас директоры Гүлжиян Сүлейменова: – Дастан Тұрарбекұлы келе сала 100 жылдық тарихы бар қос газеттің тойы өтті. Той жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Шаһар басшысы бүгінде ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатыр. Бұл – құптарлық іс. Халық істеліп жатқан шаруадан хабардар болып отыруы тиіс. Ағаларыңа құрмет көрсетіп, алғыс алып жатырсың. Қадам алысыңа ризамыз, – деді Гүлжиян Мағданқызы. Салтанатты шарада ақ тілектер ағылды. Тілші қауым әкімнің құрметіне ризашылық білдірсе, қала басшысы қоғамға қозғаушы күш болып келе жатқан тілшілер қауымының еңбегіне табыс тіледі. Шара соңынан барлығы қала әкімдігінің алдына шығып, естелік суретке түсті.
Гүлжан ТҰРСЫН





