Шыға бастағанына 100 жыл толып отырған “Жетісу” газеті, оның өзім істеген жылдардағы және қазіргі шығармашылық ұжымындағы әріптестерім маған ерекше ыстық. Өйткені, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында алты-жеті жыл осы басылымның мәдениет және әдебиет бөлімінде тілші болдым. Ел аралап, жер көрдім. Қаламы жүйрік ағалардан тәлім алып, қатарластарыммен жарыса алға ұмтылған кездер болып еді.
Күні кеше ғана қайта ашылған Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданындағы “Советтік шекара” газетінде бас редактордың орынбасары болып жүргенде осы облыстық газетті басқарып отырған марқұм Пернебек Бейсенов ағамыз облыстық партия комитеті арқылы қызметке шақырған. Ол кезде мұндай тәсілді “переводпен — аудармамен” жұмысқа алу дейтін. Обалы не, жас та болсам балалы-шағалы маған әр жанбасына шағып, оған қарт анамды қосып, сегіз адамның жол-пұлын, Алматыдан 350 шақырым шалғай тұратын Нарынқолдан Алматыға дейін жүгімді жеткізген ауыр автокөлікке төлейтін ақшаны да редакция көтерген еді. Шыны керек, осындай құрметке ие болам деп ойламап ем. Әлде намысым оянды ма, жоқ жастықтың оты ма, барымды салып кірістім жұмысқа. Отырған бөлімім мәдениет пен әдебиет болған соң қаламгерлердің жаңа шыққан кітаптарына пікір білдіруге күш салдым. Облысымызға танымал өнерпаздар мен ақындар әлеміне қалам тарттым. Надежда Лушникова, әнші Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, Лидия Кәденова мен Ержан Қосбармақов, қобызшы Ерлан Сәбитов, Іле ауданында тұратын Базархан Нұрғалиевалар жайлы кейде очерк, енді бірде суреттемелерді бірінен-кейін бірін жазып шығарған кездерім есімде.
Әрине, сол жылдарда қызмет істеген аға журналистерден көп нәрсе үйренгенім де рас. Пернебек Бейсеновтен кейін «Жетісудың» редакторы болып келген Баймолда Мусин ағамыз да орнықты кісі еді. Аз сөйлейтін. Ризашылығын да, кей сәттегі ескертпесін де, қас-қабағымен білдіретін. Және еңбегіңді дұрыс бағалайды. Асыра мақтамайды да. Орынсыз десіңді де қайтармайды. Бәрін жәймен түсіндіреді. Орынбасары Жанәбіл Темірбеков ағамыз бала мінезді. Жұмысқа самдағай. Аңқылдап сөйлеп, ақтарылып жүреді. Кекшіл емес. ЦК-дан, обкомнан кейде орысша түсетін шұғыл хабарларды бірден мәшенке басатын қыздарға диктовкамен аударып, бұрқылдатып жіберетін де сол кісі. Жымыйып жүріп қыруар жұмыс атқаратын жауапты хатшы Жұмаш Арғынбаев, ауылшаруашылығын шемішкеше шағатын Мұғалімбай Жылқайдаров, қыз мінезді ақын ағамыз Шекербек Садыханов, бір бөлмеде отыратын Қуандық Түменбаев пен Ислам Бейсебаев секілді жігіттердің көбі қазір ел танитын қаламгерлер атанды. Мен соларды мақтаныш етемін!
Желтоқсан жаңғырығы тек Алматы қаласында емес, сол кездегі Кеңес өкіметінің барлық жерінде дүр ете қалған тұста «Жетісудың» тізгінін ұстап отырған белгілі журналист Мамадияр Жақып ағамыз еді. Қыз мінезді, жүрегі жұмсақ, жаны таза, мәдениетті кісі. Алайда, ұлттың намысын жыртуға, ұрпақтың қамын ойлауға тура келетін сәттерде бұқпантайлап қала алмайтын.
Қазақ елін басқаруға шеттен келген Колбинге қарсылық танытып, шеруді бастағандардың ішіндегі от жүректі жігіттердің қатарынан көрінген Қайрат Рысқұлбеков пен оның жанындағы қазақ жігіттерінің суретін газетке неге жарқыратып, үлкен форматта бересің деп облысты басқарып отырған Меңдібаев бас редактор Мамадияр ағамызды кезектен тыс обкомның бюросына салып, аяқастынан қызметінен босатты. Партиялық жазаға тартты. Бұл газет ұжымына аса ауыр соққы болды. Сол қиын сәтте Мамадияр Жақып ағамыз еңсесін түсірген жоқ. Өзі қызметтен кетіп бара жатып, бізге абай болыңдар. Түбінде әділдік жеңеді деген еді. Расында солай болды. Сол кезде біздің жүректі ұл-қыздарымызды «бұзақылар» деп айдар тағып, бастарын қорғағандардың біразы мұндаға дейін жауапты қызметтер атқарып келгенін көрдік біз! Бірақ соларды ұлты мен ұрпағын сүйген, сол мінезі үшін жазықсыз жапа шеккен, кейін ақталып, қазір қаламы арқылы халқына қызмет етіп келе жатқан Мамадияр ағамен салыстыруға бола ма?
Кейде сол өткен ғасырдың сексенінші жылдардағы «Жетісуда» өткен қызық кездер еске оралады. Облыстық газетте қаламақыны ең көп алатын ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Мұғалімбай Жылқайдаров ағамыз екен. Дәл қайсы ай екені есімде жоқ, өнер адамдары туралы бір-екі очеркім, үш-төрт көлемді суреттемелерім бірінен кейін-бірі газетке жарияланып, маған әжептеуір қаламақы жазылды. Баспалар үйінің бесінші қабатындағы кассада иін тірескен кезек. Кассиріміз Ажар деген келіншек. Бір уыс ақшаны алып, қалың нөпірден әзер шығып келе жатқанда қарсы алдымнан Шекербек ағам кездесті:
– Бала, бүгін Жылқайдаров сабайды сені!
– Неге? – деймін мен.
– Мұғалімбай ағаңнан озып қаламақы алып нең бар еді, – деп кеңк-кеңк күледі ақын ағам. Мен ештеңе түсінгенім жоқ. Арада жарты сағат өткеннен кейін мен отырған бөлмеге Мұғалімбай ағам күле кірді:
– Әй, «щенок»! Менен озып, көп «гонорар» алатындай қайдан шыққан мықтысың сен? – деді де сол қолымен бүйірімнен періп қалды. Мен аң-таңмын. Ағам ашулы емес. Күліп тұр:
– Әкел қолыңды! Жарайсың! Ана Еркін Ібітановпен көп жыл бірге жүріп, қызмет істеді деп естіп ем сені. Ол секілді жалқау емес екенсің. Ұмтыла бер осылай, – деп арқамнан қақты.
Осы бір эпизоттар арада отыз жылдан аса уақыт өтсе де есімнен кетпейді. Ол кезде жап-жас, жігіт кезіміз. Мен айтқан ағалар алды он, кейбірі алты-жеті жас үлкен еді бізден. Бүгін солардың кейбірі сексенге таяды. Біразы аттанып кетті ана дүниеге. Қайран әріптес, ағалар -ай! Биыл 100 жылдығын атап өтіп жатқан «Жетісу» газетінде небір арыстар, елге танылған қарымды қаламгерлер қызмет еткенін бүгінгі жас буын біле ме, жоқ па? Менен бірер жыл бұрын өзім қызмет атқарған бөлімде жұмыс істеген Қостанай жақтың тумасы, отты ақын Кеңшілік Мырзабеков досымның жөні бөлек еді.
– Әй, Айташ, осы газетте көп адам еңбек етті. Солардың ішіндегі мықтысы кім, ей?… Әсіресе, ақындардан?.. Шамасы, шын мықтысы осы мен ғой деймін, – деп кеңкілдей күлер еді марқұм.
Отыз жылдай бұрынғы әріптестеріммен ғана емес, «Жетісудың» казіргі шығармашылық ұжымымен де тығыз байланыстамын деп айта аламын. Бұған дейін газетті басқарған Жақыпжан Нұрғожаев, одан кейінгі Нүсіп Додабайұлы, қазіргі Әміре Әрін бәрі де бауырымдай жақын араласқан қаламгерлер. Жетісудың елі мен жерін, экономикасы мен сан-салалы өндіріс, оқу-ағарту, денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы салаларындағы жетістіктер мен кейбір «әттеген-айларды» да дер кезінде оқырманға жеткізіп отырған айтулы басылым. Айтар айшықты газеттің 100 жылдық тойы құтты болсын! Ғасырлар керуенімен бірге жаңа дәуірге қадам баса беруіне тілекшімін!
Айтақын Әбдіқал,
газеттің 1984 – 1991 жылдар аралығындағы қызметкері,
“Құрмет” орденінің иегері




