Ел іргесі бүтінделгеннен бері елімізде талай толайым тірлік жасалды. Осынау жылдар аралығында қарапайым халықты қолдауда көптеген бастама қолға алынып, іске асырылып келеді. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі, күтімді қажет ететін жандарға деген қамқорлық ерекше.
Әлеуметтік жұмыс – ізгілік пен қайырымдылыққа, сыйластық пен өзара сенімге негізделген кәсіп. Бұл жұмыспен шұғылдану үлкен ерік-жігерді талап етеді. Әлеуметтік қызметкердің бойында жауапкершілікпен қатар адамзатқа деген махаббат, балаларға деген жанашырлық, үлкен жүрек болуы тиіс. Сонда ғана мамандыққа деген адалдық туындайды. Мен дәл осы қасиеттерді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың бойынан байқадым.
Ермек Арынханұлы 1 мамырда үкіметтік емес ұйымдарды жинап, мүгедектермен жұмыс істеп жүрген қоғамдық қызметкерлерге Алғыс хат табыстап, істеген еңбектерін бағалап, сый-құрмет көрсетті. Ықыласпен жасаған қамқорлығының арқасында ұйымдағы жандар қоғам тынысынан шет қалмауда. Қарт кісілердің алғысын алып, ризашылығына бөленіп жүрген басқарма басшысы әріптестері арасында өз тәжірибесімен бөлісуден жалыққан емес. Оның, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға жасаған қамқорлығын санамалап айтудың өзі артық. Осындай ізгі істермен мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп жүрген азаматты алғыс арқалауға лайықты маман деп білемін. Қашанда үлкендерге сыпайылық танытып, мейірімін шашып жүретін Ермек Арынханұлының отбасына амандық, деніне саулық, жұмыста табысты болуын тілеймін.
Ұлбике САМАЛБАЕВА,
«Бәйтерек» мүгедектер
қоғамының төрағасы
Талдықорған қаласы





