Бұл жолғы Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс мәселелер қаралып, Шығыс Қазақстан облысында орын алған су тасқынына назар аударылды. ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев көп адам қаза тапқан Кемероводағы қайғылы оқиғаны да еске алды.
– «Өздеріңізге белгілі, наурыз айының ауа райы өте құбылмалы болып тұр. Тек, соңғы аптаның өзінде Астана қаласы мен Ақмола, Павлодар Ақтөбе, Қостанай, тағы басқа облыстарда күн райы бұ- зылып, жауын-шашынға ұласуда. Бұл туралы ескерту де жарияланды. Мәліметтер бойынша, алдағы күндері Оңтүстік Қазақстан мен Қы- зылорда облыстарында жаңбыр жауып, өзендер ернеуінен асуы мүмкін. Шығыс Қазақстан облысында жауын болады деп күтілуде. Бұған дейін Шығыста таудан аққан және өзендерден тасыған су бірнеше елді мекендерді басып қалды», – деп мәселені көлденең тартқан Үкімет басшысы аталған өңірдің қазіргі жағдайы мен осы бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар жөнінде тереңірек білу үшін сөз тізгінін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке ұсынды.
Жиында мәлім болғандай, ауа райы қолайсыздығының салдарынан Шығыс Қазақстан облысында екі жүзден аса тұрғын үй су астында қалып, су басқан үйлерден мың жарым адам қауіпсіз жерге көшірілген. «Қызыл жарты ай» қорының қызметкерлері бес жүзге жуық адамға қомақты қаражатқа материалдық көмек көрсетіпті. Наурыз айының басынан жиырма бесіне дейінгі аралықта аталған өңірде автокөлік жолдары мен су өткізу құбырларын екі рет су шайып, он жеті арнадан су тасыған. Бүгінде бұл мәселелер оң шешімін тауып, арналардан су тасу қаупінің алдын алу бойынша қажетті іс-шаралар қолға алыныпты.
Су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар мен гидрометеорологиялық болжамдар туралы ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов пен ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев хабарлама жасады. Осы мәселелерге байланысты ой қорытып, апаттың айтып келмейтінін еске салып өткен Бақытжан Әбдірұлы аймақтар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне су тасқынына байланысты жағдайды ерекше бақылауға алып, зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуді тапсырды.
Үкімет басшысы: «Кемероводағы сауда орталығында болған жағдай бәріңізге белгілі. Онда көптеген адам қаза тапты. Оның жартысынан көбі балалар. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Президентіне ресми түрде көңіл айтты. Біз де мұндай төтенше жағдайдан сабақ алуымыз керек», – деді.
Осы орайда, Ішкі істер министрлігіне және өртке қарсы қызметтерге әкімдермен бірлесіп барлық сауда орталықтарына тексеру жүргізіп, қажетті шараларды қабылдау қажеттігі тапсырылды.
Бұдан соң 2015–2019 жылдарға арналған индустриялдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың қорытындысы тыңдалып, мемлекеттік қала құрылысы кадастрының қызметі мен оны енгізу мәселелері баяндалды. Бірінші мәселе бойынша ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев және ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов хабарлама жасады.
Онда белгілі болғандай, былтырғы қорытындыға сәйкес индустриялдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы сәтті іске асырылып, 2015 жылмен салыстырғанда өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,7 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш негізінен металлургия, мұнай өңдеу, химия өнеркәсібі, фармацевтика және азық-түлік өнімдерін өндіру салалары есебінен ұлғайған. Өңдеу өнеркәсібінің экспорты, өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялар көлемі де артқан. Соңғы үш жыл ішінде мемлекеттік бағдарлама аясында құны 3 трлн. -нан астам теңгені құрайтын үш жүзден аса жоба іске қосылып, отыз мыңнан аса тұрақты жұмыс орны құрылыпты.
Мұндай жұмыстар биыл да жалғасын тауып, жыл соңына дейін жүз елу жаңа жоба іске қосылып, он бес мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Ендігі кезекте қазақстандық өңдеу өнеркәсібінің өнімдері 122 елге экспортталатын болады. Шетелдерге шығарылатын өнімдердің үштен бірі шикізаттық емес экономика секторына тиесілі. Қазақстандық өнімдерді Орталық Азия елдеріне тасымалдау 30 пайызға өскен. Жалпы отандық ауылшаруашылығы өнімдері шетелдерде үлкен сұранысқа ие. Бүгінде Ауғанстан, Біріккен Араб Әмірлігі, Иран елдеріне шығарылса, ет, құс өнімдері мен өсімдік майы және бал Қытайға жеткізіле бастаған. Жыл сайын 380 экспорттаушы қаржылық және сервистік қолдауға ие болады.
Энергетика желісі бойынша аталған бағдарлама шеңберінде алты ірі жоба іске асырылуда. Жалпы, индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының соңғы үш жылдық кезеңі жоспарлау сапасы, қол жеткен нәтижелер, әлеуметтік-экономикалық тиімділік бағыттары бойынша жүзеге асырылған.
Сондай-ақ, жиында қала құрылысының кадастры сәулет және құрылыс жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылды.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының сөзінше, соңғы жылдары елде қазақ тілін үйренуге құштарлық танытып жүрген азаматтардың қатары көбейген. Мәселен, былтыр 58 мыңнан аса адам мемлекеттік тіл курстарынан өтіпті. Мемлекеттік тілді оқып, үйренуге ынталанып жүрген мемлекеттік қызметкерлер де аз емес. Үш тілді қатар білгісі келетіндер де бар. Осы бойынша қазір қажетті іс-шаралар қолға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Жиын соңында Үкімет басшысы жалпы аталған бағдарламалар бет алысының жаман еместігін айта отырып, өңдеу өнеркәсібін жандандыру, экспорттық әлеуетті арттыру, индустриаландыру картасының жобаларын іске асыру, халыққа қазақ тілін үйрететін тегін курстар ұсыну, латын әліпбиіне көшуді жүзеге асыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын одан әрі күшейту, осы бойынша іс-шаралар жоспарының уақытылы орындалуын қамтамасыз ету сынды мәселелерге назар аударып, салаға жауапты лауазымды тұлғаларға тапсырмалар жүктеді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





