Қазіргі таңда мектеп оқушылары қашықтан білім алуда. Бұл жағдай көпшілікке оңай тиіп жатқан жоқ. Бұрын оқушы күнде мектепке барып, білім алып жүргенде көп ата-ана оқу үрдісінен шет қалып отыратын. Олар бұл жағдайда негізгі жауапкершілік ұстаздарда деп ойлайтын.
Ал қашықтан оқыту барысында ата-ана баласының өз бетінше білім алуына жауапты екенін түсінді. Бұл жағдай ата-анаға да, оқушыға да үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Ендеше, осы қашықтан оқытудың артықшылығы мен кемшілігіне тоқталып өтейік.
Артықшылығы баланың кез келген уақытта білім алуға мүмкіндігі бар. Оқушы материалды меңгеруге қашан және қай уақытта кірісетінін өзі шеше алады. Сабақ барысында қатарластарынан артта қаламын деп қобалжымайды. Күрделі мәселелерді зерттеуге қайта орала алады, бірнеше рет бейнесабақты көріп, мұғаліммен хат алмасып, түсінбеген жерін сұрайды. Өзіне белгілі тақырыпты өткізіп жіберіп, керек дәрісті ғана көреді.
Оқушылар үйден шықпай-ақ әлемнің кез келген жерінде оқи алады. Ол үшін тек ғаламторға қосылған компьютер керек. Күн сайын мектепке бару қажеттілігі болмайды. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы.
Американдық ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, қашықтықтан оқыту нәтижелері дәстүрлі білім беруден кем түспейді. Қашықтан білім алушы оқу материалдарын өз бетінше меңгереді. Бұл тақырыптарды есте сақтау мен түсінуді жақсартады.
Қашықтан оқытудың қаншама артықшылығын мысалға келтірсек те, кемшіліктері де жоқ емес. Қашықтан білім алушы барлық оқу материалын дербес меңгеретіндіктен бұл ерік-жігер, жауапкершілік пен ұстамдылықты талап етеді. Сыртқы бақылаусыз оқудың қарқыны төмендейді.
Қашықтан оқыту кезінде оқушылардың бір-бірімен және мұғалімдермен жеке байланысы аз болады. Сондықтан топта жұмыс істеу дағдылары қалыптаспайды. Әсіресе, тәжірибелік сабақтарды қашықтықтан оқыту қиынға түседі.
Қашықтан білім алу дарынды, ізденімпаз оқушы үшін тиімді болса, ал үлгерімі төмен шәкірт үшін біршама қиынға соғары сөзсіз. Өйткені, үлгерімі төмен оқушыға ұстаз көмегі ауадай қажет.
А. Құрманбаева,
Қарашоқы орта мектебінің
информатика пәні мұғалімі
Кербұлақ ауданы





