Бүгінде Ата Заңның рухын жас ұрпаққа насихаттау тек ресми мінберлерде ғана емес, өнер мен мәдениет арқылы да жүзеге асып келеді. Талдықорған қаласындағы Болашақ шағынауданында орналасқан №7 үйдің қабырғасына салынған «Ата Заңым – айбыным» муралы осындай игі бастамалардың бірі. Бұл туынды тек көркем бейне ғана емес, елдік құндылықтарды дәріптейтін символдық мағынасы бар мәдени нысанға айналды.
Муралдың ашылу салтанатына қатысқандардың қарасы көп болды. Сол қатарда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, «Жетісу жастары» КММ директоры Шамил Ванкеев, «Amanat» және «Ақ жол» партияларының өкілдері жұртшылықты қуанышымен құттықтады.
Қонақтар өз сөзінде Ата Заңның ел бірлігі мен тұрақтылықтың басты кепілі екенін атап өтіп, мұндай игі бастамалар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Айта кету керек, бұл мурал – жастардың бастамасымен жүзеге асқан жоба.
– Қашанда жастар идеяға бай, жаңалыққа құштар келеді. Сондықтан мына туындыны Жетісу жастарының жаңашыл ойы мен шығармашылық ізденісінің жемісі деуге болады. Күні кеше ғана Ата Заңның жаңа жобасына байланысты маңызды референдум өтті. Біз бұл көркем туындыны сол тарихи сәттің құрметіне арнадық, – дейді жоба авторларының бірі Ақерке Қызайбай.
Муралдың мазмұнында терең мағына жатыр. Онда ата мен немеренің арасындағы сыйластық пен рухани сабақтастық бейнеленген. Ашық аспан, жарқыраған күн мен қыран құстың үйлесімділігі – болашаққа деген сенім мен еркіндіктің белгісі. Бұл көрініс жастардың аға буыннан тағылым алып, олардың өмірлік тәжірибесін құрметпен қабылдайтынын да аңғартады.
Шараға келген қала тұрғындары да жаңа муралға оң бағасын білдірді.
– Негізі Сарыөзектің тұрғынымын. Осы шағынауданда балаларым тұратындықтан, соңғы екі жылдан бері олардың қасындамын. Бұл мурал маған өте тартымды әрі тәрбиелік мәні зор дүние болып көрінді. Енді ары-бері өткен сайын көз тоқтатып, немерелеріме оның маңызын айтып отырамын. Осындай көркем туындылар жастарға патриоттық тәрбие беріп, елге деген құрметті арттырады деп ойлаймын. Игі істі қолға алған жандарға алғыс айтамын, – дейді қала тұрғыны Гүлжан Жеңсікбаева.
Қажет АНДАС





