Жайсаң ауылындағы орта мектепте Қазақстанның Халық ақыны Әсімхан Қосбасарұлының мүсіні орнатылды. Ақын ескерткішінің ашылуына ауыл ақсақалдары мен тұрғындар, алыс-жақындағы туыстары және өзге де құрметті қонақтар келді.
Салтанатты шара мектеп мұғалімі Өкей Абайдың арнау жырымен басталды. Аудан әкімінің орынбасары Дастан Шалтабаев өз сөзінде Ұлы Отан соғысының және Фин соғысының ардагері, Сүйінбай мен Жамбылдың жыр дәстүрін жалғастырған Әсімхан Қосбасарұлының өлеңмен өрілген өмір жолына кеңінен тоқталды. Ол ұлттық құндылықтарды ұлықтау бағытында атқарылған мәдени іс-шараның Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылып отырғанын атап өтті. Ақынның асқақ бейнесі сомдалған ескерткіш-бюстің лентасы қиылып, әжелер шашу шашты.
Шарада ақынның немере інісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор, қобызшы, өнертанушы, ұлағатты ұстаз Базархан Қосбасаров, Үмбетәлі Кәрібаев музейінің меңгерушісі Әуелбек Ысқақов, қадірменді ақсақал Әшімқұл Ақпейілов, Жайсаң орта мектебінің директоры Зейнехан Нақысбекова жүрекжарды лебіздерін білдірді. Оқушылар Әсімхан Қосбасарұлының өлеңдерін жатқа оқыды. Ән салып, би билеп, өнерлі өрендер екенін көрсетті.
Көпшілік ақын мұражайындағы жәдігерлермен танысты. Одан кейін ақын ұрпақтары өздері алып келген он түп шырша ағашының көшеттерін мектеп ауласына отырғызды. Соңынан Әсімхан Қосбасарұлының үлкен ұлы Есенханның шаңырағында ақын рухына Құран бағышталып, ас берілді. Әсімхан Қосбасарұлының қоладан құйылған бюстін жасатқан ақын ұрпақтарына көпшілік ризашылықтарын білдірді.
Ұстаздары мен шәкірттері әр- түрлі байқауларда топ жарып жүрген аталмыш мектепке ақын есімі берілсе деген пікірлер айтылды сол күні. Себебі, жас кезінде жыр алыбы Жамбылдан бата алып, домбыраны өмірлік серігі еткен ақынның елімізге еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, алқалы айтыстарда топ жарған кестелі сөздің шебері болғаны белгілі. Осы тұста аудандық білім бөлімінің басшысы Ләйләш Бәкірованың келесі жылы ауылда 300 орынды жаңа мектеп ғимараты салынатыны туралы жеткізген ақжолтай хабары тұрғындарды қуантып, бәрі бірауыздан бәрекелді десті. Өйткені, қазіргі мектеп ғимаратының қаланғанына жарты ғасырға жуықтап, тозығы жеткен екен. Әрі бүгінде 456 оқушы оқитын білім ордасының тарлық етіп тұрған жайы тағы бар.
Әсімхан Қосбасарұлының «Азамат», «Алатау аясында», «Жамбылдан алып батаны», «Жетісуым – жерұйығым», «Айтамын саған наз, дүние», «Жетісудың дүлдүлі» атты кітаптары әр жылдары жарық көрді. Бүгінде осы ауылдағы бір көше оның есімімен аталады. Жайсаң орта мектебінде 2002 жылы халық ақынының мұражайы ашылып, «Әсімхан оқулары» жүйелі өткізіліп тұрады. Бұдан тұп-тура үш жыл бұрын 100 жылдығы кеңінен аталып өткен еді. Енді, міне, «Ақсеңгірдің ақиығы» атанған ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін мұражай осылайша тағы бір құнды дүниемен толықты.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.




