Туған елінің жарқын болашағы үшін өз өмірлерінен бұрын халқының тағдырына жаны күйініп, сол күресте шейіт болған азаматтардың есімі ел тарихында, ұрпақ жадында мәңгі қалуға тиіс. Олардың қауіп-қатерге, тәуекелге толы өмір жолдары, жанкештілік пен ізгілікті істері қатар жүрген қызметтері көбірек насихатталса ғана аталған мақсатқа жетеміз. Халқымыздың сондай аяулы ұлдарының бірі Алашорда үкіметінің мүшесі, сол замандағы баспасөз басылымдарына «Бабай бүркіт», «Орта жүз» деген бүркеншік аттармен жарияланып тұрған Отыншы Әлжанұлы еді.
Отыншы Әлжанұлы Жетісу өлкесінің Лепсі уезіне «саяси сенімсіз» деп айыпталып, жер аударылғаны мәлім. Сол кездің заң тәртібі бойынша «саяси сенімсіз» адамдарға бала оқытуға, аудармамен, адвокаттықпен айналысуға тыйым салынған. Соған қарамастан, ол өзінен көмек сұрай келгендерге, атап айтқанда, сот, заң мәселелері бойынша ақыл-кеңес беріп, оларға жазбаша арызданудың ең тиімді жолдарын үйретіп отырған. Ол 1917–1918 жылдардағы дүрбелең кезінде Жетісу өлкесін шарпыған қым-қиғаш саяси шайқастардың бел ортасында болды. Өз мамандығы мұғалім болғанымен, Ақмолада, Омбы қаласында өңірлік сот мекемелерінде тілмаш болып істеген қызметтерінің арқасында заң жолдарын жақсы білді. Көз алдында өтіп жатқан сан түрлі әділетсіздіктер, қиянаттар, озбырлық пен қорлықтар Отыншының ар-ұят, намыс алдындағы әрекеттеріне қатты қозғау салды. Ол саяси көзқарастары қалыптаспаған, тіпті, саясаттан мүлдем алыс, табиғатынан момын, қанағатшыл қандастарына қайткенде көмек бере аламын деген адал ниетінен ешуақытта айнымаған адам. Отыншының қатысуымен «Алашорданың» әскери полкі жасақталып, жергілікті халықты қан қақсатқан большевиктердің, ақ гвардияшылардың, белочехтардың, казактардың шабуылынан қорғады.
Отыншы Әлжанұлы уақыттың аса бір аласапыран кезінде өмір сүріп, саналы, жігерлі кезеңін халқының сәулелі болашағына арнады. Оған жете алмай, келісімге де, сатқындыққа да бармай мерт болды. Соңғы демі шыққанша ол Алаш туын биік ұстап, желбіретіп кетті. Сол қасіретті күндер туралы публицист жазушы, өзі де Алаш әскеріне жасақ жинаған асыл азамат Міржақып Дулатұлы «Тағы құрбан» мақаласын жариялады. Онда «Отыншы Алаш жолында құрбан болды! Қызықты ғұмырының көбі абақтыда, айдауда өтті, бірақ, қымбатты Отыншы, Алаштың көркейгенін көре алмай, арманда кеттім деме, сендей ұл туған ел ешкімнен кем болмас», – деп жазған еді.
«Ұлт қызметінде жүріп құрбан болған Отыншы Әлжановтың мезгілсіз қазасына қайғырамыз. Марқұм Алашорданың бір мүшесі еді, құрылтайдың өкілі еді. Алаш баласына Отыншының шығыны батады, орны ойсырайды, әсіресе, балшықтан кісі жасап ала алмай отырған Жетісудағы ағайындарға басшысынан, көсемінен айрылғаны жан ауырарлық іс болды. Тағдырға шара бар ма?» – деген Жүсіпбек Аймауытовтың азалы сөзі 1918 жылдың 22 тамыз күні «Абай» журналына басылды.
Біздердің, оның ұрпақтарының, Отыншы бабамыз жайында толық біле алмауымыз – заңды құбылыс. Ол туралы балалары – Мұхаметқасым, яғни, Мұқаш, Бибіфатима, Ғалымжан балаларына ешнәрсе айтпады. Айтса да мардымсыз ғана хабарлар болды. Ал немерелері – Мұқаштың қыздары Әмина, Сәуле – Кеңес өкіметінің өркендеп, дәуірлеп тұрған заманында өмір сүргендіктен, шөберелеріне Отыншыдай бабалары жайында толық мәлімет бере алмады. Әсіресе, Әмина анамыз. Алайда қазақ халқы нешеме ғасыр бойы армандаған тәуелсіздік таңы атты, ел егемендігін алды. Алашым деп жүрегі соққан батырларымыз күн шапағымен бірге көтерілгендей, халқымен қайта қауышты. Баспасөз беттерінде «Алаш аманаты» айдарымен берілген мақалалар көңіл қуантып, жарияланып жатыр. Қазақстанның әр тарапында түрлі іс-шара ұйымдастырылуда.
Кең-байтақ жеріміздің жайнаған шығысы – Отыншы бабамыздың кіндік қаны тамған жер. Соның ішінде, табиғаты ерекше Үржар, Науалы, Мақаншы, Бақты – Отыншы Әлжанұлының ең соңғы аялдаған, жан алысып, жан беріскен, табаны тиген қасиетті мекендер. Отыншының ой-мақсаттары өте биік болды, үлкен ұлы Мұқаш атамыз сөзге сараң болғанымен, кей-кейде бір суыртпақтай естелік айтса, оның сөзінен Отыншы бабамыздың ерекше болмысын байқаушы едік. Мұқаш атамыз «халық жауының» баласы ретінде жер аударылып, қуғын көрді. Нұржәмила әжеміздің айтуында екі ұлы да әкелерінің тағдырын қайталаған. Отыншы Көкпектіден Лепсинск уезіне жер аударылса, Мұқаш та Лепсинскке қызылдардың өктемімен келген. Бұл шамамен 1945-46 жылдар болуы керек. Оның екі қызы Әмина мен Сәуле жастай аналарынан айырылып, жетімдік көрді. Сәуле әжесінің бауырында өссе, Әмина әкесімен бірге ол қайда барса, сонда болған. Баспасөз беттерінде жарияланған Отыншының отбасы суретінде әжесі Нұржәмиланың қасында тұрған Отыншының тұңғыш немересі – Нұрсағила, яғни, Әмина. Сурет Бішкекте, 1932 жылы түсірілген. Сонда Әмина анамыздың жасы 6-да, Сәуле суретте жоқ, ол әлі сәби, бар болғаны 1-де. Осы деректің өзі көп нәрсені аңғартқандай. Анасыз өткен балалық шақ, үнемі үреймен келетін күндер мен түндер…
Сөйтіп, Әмина әкесімен әр қалада 1942 жылға дейін бірге болады. 1942 жылы Мұқаш соғысқа сұранып кетеді де, Әмина әжесімен қалады. Мұқаш атамызды 1944 жылы мүгедектігіне байланысты әскерден босатып, елге қайтарған. Осыдан кейін ол Лепсинскке кеткен. Әкесінің хабарын естіген соң қызы Әмина оны іздеп, жолға шығады. Ол уақытта жасы 18-ге келіп қалған бойжеткен кезі, орыс тілін өте жақсы меңгерген, сол уақыт үшін едәуір білімі бар адам. Бірақ әкесі кеткен Жетісу өңірін дұрыс білмейді, сұрай келе, Лепсі стансысына жетеді. Алайда Лепсинск қаласы Жасыл көл маңында, ал бұл Лепсі теміржол бекеті, яғни, екеуі екі бөлек елді мекен болатын. Әмина осылайша жеттім деп есептеп, Лепсіден түсіп қалады. Аудандық оқу бөліміне барып, жөн сұрағанында, қызметкерлер оған бұл жер ол іздеп келген Лепсинск қаласы емес, Лепсі стансысы екенін айтады. Ол қанша қапаланса да, әрі қарай кете алмаған. «Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, ол сол маңдағы «Үлгі» ауылына мұғалім болып келеді. Кейін Мұқан Төлебаевтың туған інісі Әбілмәжін Төлебаевпен қосылып, шаңырақ көтерген. Осылайша тарыдай шашылған Отыншының ұрпақтары заманының суық желімен жапырақтай ұшып жүре берген.
Анамыздың көз жасына ие бола алмайтынын, оның себептерін біздер кеш түсіндік. Жалпы өзі көп өкпе арқаламайтын, кешірімшіл, әсемдікті, жаңалықты жақсы көретін адам еді. Нағашы жұрт кімге де болса, ыстық, қымбат қой. Бұл туралы мен өз анама да, Сәуле тәтеме де сансыз сұрақ беретінмін. Әмина анамның жайын байқаған соң, сұрақтар Сәуле тәтеме көбірек қойылды. Мен оған қатты ризамын, Отыншы атамыздың жеті атасына дейін қалай таралғанын әңгімелейтін. Оған жасында әжеміз жаттатқан, ол кәдімгідей тақпақтап, әнмен айтылады. Сәуле тәтеміз соны дәл айтып жеткізді. Бұл деректі өзінің жазып, жарыққа шығарып кеткен «Отыншы Әлжанов» деген кітабына енгізді. Сәуле Әлжанова көзі тірісінде бабасы Отыншы туралы екі еңбекті жазып, жариялады. Артындағы ұрпақтары – біздер үшін бұл еңбектер аса құнды.
Бірде анамыз Әминамен емен-жарқын әңгімелесіп отырғанда: «Біздің әкелеріміз бен Құнанбайдың арасында туыстық бар», – деп қалды. Бұл өткен ХХ ғасырдың 80-жылдары болатын. Мен аң-таң болып: «Қойшы, тәте, кәдімгі Абай Құнанбаевтың әкесі Құнанбайды айтып отырсыз ба?» – дедім. Әрине, сеніңкіремей отырғаным белгілі болып қалды. Бұл тақырып еш уақытта кеңінен қозғалмайтын, анамыз жүрегіне өте жақын қабылдап, өзіне-өзі ие бола алмайтындықтан, көп қаузамайтынбыз. Бұл жолы өзі бастады, мүмкін, ішіне сыймай, аузынан қалай шығып кеткенін байқамай қалды-ау деймін. «Айтсам, сенбейсіңдер, М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы Ізғұтты біздің үлкен атамыз болады», – деді. Міне, керемет! Не дерімді білмей, сәл кідіріп барып, әкеме қарадым. Ол күлімсіреп отырды да: «Тәтең айта береді ғой», – дегенде, мен де манағыдан гөрі басылып, айта бередіге сендім бе, үнсіз қалдым. Бірақ, анамыз біздің ендігі жерде білгенімізді қалады ма: «Жоқ, айта бермеймін ғой, шын мәнінде солай», – деп жалғастырды. – Ізғұттыны Құнанбайдың өзі қалап, бауырына басқан. Ол тобықтыларға барған соң барысы оң болсын, ізі құтты болғай деген оймен есімін Ізғұтты қойған. Үлкен бабамыз Нұранның ұлы Сақаудан, шын аты Мұхаметжаннан Ізғұтты туған. Анасы Құнанбайдың туған қарындасы Молда апамыз – Тайбала. Ізғұтты өте ақылды, мінезге бай, туысқа мейірімді адам болыпты. Құнанбай Меккеге барып, ауырып қалғанда Қағбаның мешітіне Құнанбайды арқалап кіргізіпті. Меккенің басында Құнанбай мұсылман баласы үшін үй салдырды дегенді білесіңдер. Арабтың дін басылары үй салуға жер бөлместен бұрын кімсіңдер, қандай елден келдіңдер деп сұраған. Бұлардың қазақпыз дегеніне таңырқап: «Қағаздарыңда қырғыз деп тұр ғой, тіпті, мұсылман емес шығарсыңдар, қазақ, мұсылман дегендеріңді дәлелдейтін құжат бар ма? Ол болмаса, қонақүй салуға рұқсат берілмейді, сол құжатты әкелуге бір жыл мерзім береміз, сендер кепілдікке не бересіңдер?», – дейді. Сонда Құнанбай Ізғұттыны кепілдікке беріпті. Құнанбай адамдарын елге жібереді, олар бір жыл өткенше тиісті қағаз, құжаттарды көп қиындықпен тауып апарған. Солай қонақүй салынған. Менің ата-бабаларымның осындай істерге қатысты болғандарын мақтан етемін. Олардың айтылар уақыты келеді әлі. Әзірге сендер біле беріңдер, маған ренжімеңдер, ұзақ уақыт тіс жармадым. Денсаулығым да нашарлады, өкінбейін деп айтып отырмын», – деп барып тоқтады.
Әкеміз оның осы тақырыпта көп сөйлемеуін ойлайтын. Себебі, анамыздың қан қысымы күрт көтеріліп кететін. Бәрінің себеп-салдарын кейін білеміз ғой. Мына жағдайларды естігенде нағашыларымның нағашы жұрты тобықты, аузы дуалы Құнанбай қажының рухына басымды идім. «Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» екенін ұқтым. Уақыт шіркін аңдатпай өтіп жатса да, кештеу түсініп, білгеніме ризамын.
Анамыз айтқан Ізғұттының кепілдікке берілуі туралы мен Алматыдан 2006 жылы «Қажылар керуені» сериясы бойынша жарыққа шыққан Сәбит Салқынұлы атты азаматтың «Досжан хазірет» кітабынан мәлімет кездестірдім. Кітаптың 100 бетінде: «Мүмкін, сендер кәпір шығарсыңдар? Кәне, мұсылман екендеріңді дәлелдейтін құжат әкеліп тапсырыңдар». Талапты орындауға бір жыл мерзім береді. Ізғұттыны кепілдікке алады. Ол – Құнанбайдың асырап алған баласы», – дейді. Әрине, мұндай деректің елге таралып, осылай көрініс тапқанына қуаныштымын.
Өкініштісі, Отыншы атамыздың біз барып, қол жайып, Құран бағыштайтын жатқан жерінің, белгісінің жоқтығы. Бұл – ең үлкен өкініш. Тағы бір қиын нәрсе, Үржар еліне аталарының ескерткіші орнатылғанын Әмина да, Сәуле де көре алмады. Алайда ұлым деген құшағы кең елі барда, қазақ деген тарихы терең Отаны барда Отыншыдай асылдар мәңгі тірі болары сөзсіз. Өзіне өзі айтқандай, Алаштың қыран бүркіті Отыншы Жетісудың да жерін басып, оның ел-халқына қамқор болып, қызмет етті.
Отанды сүю, елдікті сақтау, ел азаматы, патриоты болу деген ұлы ұғымдар осындай асылдарымызды дәріптеуден басталмай ма?! Бүгінгі ұрпақ үшін Отыншы Әлжанұлының жүріп өткен жолы тұнған өнеге. Сөз соңында жазықсыз жала жабылып, қудалауға түсіп, жапа шеккен арыстарымызды ұмытпайық дегім келеді.
Майра ТӨЛЕБАЕВА,
Отыншы Әлжанұлының шөбересі
Ақтау қаласы,
Маңғыстау облысы





