Наурыз айының 1-і күні Бастөбе тауының етегінде аудан әкімі Қайрат Бұлдыбаев бастаған қараталдықтар мен қонақтар, этнос өкілдері басқос- ты. Іс-шара шымылдығы еліміздің Гимнімен ашылып, «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоқтары қойылды. Облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли көпшілікті шуақты мерекемен құттықтап, игі тілегін жеткізді.
– Құрметті қауым, құрметті Қаратал ауданының тұрғындары! Қазақстан Респуб- ликасының Тұрғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялады. Ежелден бақ-ырыс қонған қасиетті Қаратал өңірі жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір сан алуан этностардың құтты қонысына айналды. Құрметті ағайын, Алғыс айту күні Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құтты болсын, – деді Рустам Әлиұлы. Ол көп алдындағы сөзінде өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап Ресейдің орталық және шеткері аймақтарынан ұлт пен ұлыстар қазақ даласына қоныс аударғанын айтты. Қараталдықтар түрлі этнос өкілдерін бауырына басып, қамқор құшағына алып, тар үйінен орын беріп, бір үзім нанымен бөліскен. Мерекеге орай облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли этномәдни орталықтармен жұмыс жүргізетін азаматтарға Алғыс хат табыс етті. Олардың қатарында Бастөбе ауылдық округінің әкімі Эдуард Ким, Үштөбе қаласының ардагерлер ұйымының төрағасы Бақберген Ибраимов, Корей этномәдени бірлестігінің мүшесі, Наталья Ким, Қаратал ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер Флора Тё, Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Қасымов бар.
Корей ардагерлер қоғамы төрағасының орынбасары Виктор Пак қиын-қыстау кезеңде депортацияға ұшырап, аш-жалаңаш қалған сандаған ұлттың өкілін құшақ жая қарсы алып, көмек қолын созған жергілікті халыққа алғыс айтты. Үштөбе қаласының ардагерлер ұйымының төрағасы Бақберген Ибраимов бірлігі бекем елдің ырысы арта береріне сенім білдіріп, ақжарма тілегін айтты.
Мереке соңында жиыналған қауым монумент маңайына тал егіп, жастарға үлгі-өнеге көрсетті.
А. ӨМІРБАЕВ
Қаратал ауданы




