Өңірде Дания Қыдырбаеваны танымайтындар кемде-кем. Қоғамға сіңірген еңбегімен ерекшеленетін, азаматтық жауапкершілігі жоғары, ізгілікті ұстаныммен жұмыс істейтін тұлғаның облыстық «Азаматтық Альянсы» үкіметтік емес ұйымының президенті, облыстық ата-аналар комитеті төрайымы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, сонымен қатар облыстық және қалалық деңгейдегі бірнеше қоғамдық кеңес пен комиссияның белсенді мүшесі екенін, есімі мен еңбегі «Қазақстанның Алтын кітабына» енгенін жетісулық жұрт жақсы біледі. Бірақ ол бұл жетістіктерін алға тартып мақтанған емес. Еңбегінің өтеуіне үкіметтен қаржы да сұрап көрмеген десек сенесіз бе?! Бұл айтқанымызды оның қасында жүрген үлкен де, кіші де жоққа шығармайды.
Дания Сәлімбайқызының өзі құрған «Мүшелтой» аула клубы осы жылдар ішінде қанша талантты қанаттандырды. Аула клубынан тәрбиеленіп шыққан өрендер еліміздің белсенді жастарына айналғаны сөзсіз.
Кеш аясында сөз алған Болат Тұрысбеков:
– «Мүшелтой» аула клубы облыста ең бірінші болып құрылған ұйым. Көптеген қиындыққа қарамастан 2006 жылдың басында шағын бизнес жасап отырған 5 бөлмелі пәтерінде клуб заңды түрде тіркеліп, ресми ашылуы өтті. «Мүшелтой» шағынауданындағы 6-7 үйдің баласына арналған бұл клубтың барлық шығынын жылуы, суы, жарығы бар, тіпті, қолөнерге қажет заттар алуға Данияның жолдасы Серік Батырбаевтың қолдауын ерекше айта кеткеніміз жөн. Халық үшін риясыз жұмыс істеген отбасыға қалай алғыс айтсақ та жарасады, – деп пікір білдірді.
«Мүшелтой» аула клубына 2011 жылы балалардың саны 140-қа жеткенде қала әкімінің қолдауымен М. Жұмабаев атындағы №19 мектеп-гимназиясының 530 шаршы метрлік жертөлесінен орын беріледі. Ол жерден 38 машина қоқыс шығарылып, жөндеу жұмысы өткізілді. Аталған клуб қазіргі уақытта осы жерде жұмыс істеуде. Онда гимнастика мен қуыршақ театр залы, қолөнер, дойбы, шахмат, ағылшын тілі, өнерпаздардың киімін тігуге арналған тігін бөлмесі бар.
Салтантты басқосуда клуб мүшелері мың бұрала би билеп, әннен шашу шашты. Жиылған жұртты өнерлерімен сүйіндірді. Кәсіби әнші, биші болмаса да тағылымды әркеттерімен таңғалдырып, көптің көңілін бір серпілтті.
Айтулы шараға арнайы келген облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Әбибеков Алғыс хатын оқып, ізгі тілегін білдіріп, «Мүшелтой» аула клубының ұжымына теледидар мен тігін машинасын тарту етті. Есеп беру жиынында қала әкімі Ернат Бәзілдің құттықтау хаты оқылып, ұйым жетекшісіне табысталды.
Көңілді кеш одан әрі мектеп жертөлесінде жалғасты. Онда Қуыршақ театрының актерлері «Дүлей жын» қойылымын сахналады. Қойылымнан ерекше әсер алған көпшілік ұйымдастырушыларға алғыс жаудырды.
Жасөспірімдердің жан-жақты қабілетін ашып, шығармашылығын дамытып, өнерін өрістетіп, мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерге барынша қолдау, аз қамтылған әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына көмек ұйымдастыру, қоғамдағы сананы қалыптастыру мақсатында құрылған «Мүшелтой» аула клубының 20 жылдан бері қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын айта кеткен жөн.
Медет ЖҰМАБАЙ






