Облыстық әкімдіктің кіші мәжіліс залында облыс әкімінің бірінші орынбасары, төтенше жағдайлар комиссиясының төрағасы Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен комиссия отырысы өтті. Жиын селекторлық режимде өтіп, оған барлық төтенше жағдайлар іс-қимылына қатысты жауапты мекемелер мен аудан әкімдері қатысты.
Негізгі көтерілген мәселе көктемгі су тасқынының алдын алу, оған тосқауыл қою мәселесі болды. Бұл мәселе жайында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы полковник Д. Байсариев баяндама жасады.
Департамент басшысының айтуынша, соңғы үш күнде ауа райы күрт өзгеріп, күннің жылынып кетуінің салдарынан қар еріп, бірқатар аудандардағы елді мекендердің аулаларын су басқан. Әсіресе Еңбекшіқазақ, Іле, Қарасай, Талғар аудандарында және Талдықорған қаласында мұндай қауіптің алдын алу жайы күн тәртібіне өткір қойылып тұр.
Жалпы облыс бойынша 23-25 ақпан аралығында 173 аулаға су кірген. Мұның басты себебі күннің жылынуы болса, екінші күрделі мәселе – тұрғындардың ауладағы арық жүйелерін тазаламауының салдары екенін атап өтті. Сондай-ақ, департамент басшысы алдағы уақытта күннің жылуы 15 градусқа дейін көтерілетінін және екі күнге жауын-шашын болады деген болжам барлығын айтып өтті. Осыған байланысты барлық ауданның басшылары мен тиісті қызметтер жетекшілерін қауіпті аймақтарды жіті бақылауға алуға және тұрғындарды ұқыптылыққа шақырды. Бұдан кейін «ҚазСелденҚорғау» мекемесінің қызметкері бүгінгі жағдайды баяндап, қауіпті кезеңге арнайы жасақтың сақадай сай дайын екенін жеткізді.
Жауапты қызметкерлердің ақпаратынан кейін аудан әкімдері есеп берді. Бүгінгі таңда аудандарда қауіп төндіріп тұрған ешқандай тосын оқиға болған жоқ, республикалық маңызы бар жолдар мен көпірлер және су өткізу құбырлары тазаланып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеуде. Тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылған. Осы ретте Лаззат Махатұлы жекелеген аудандардағы су басқан аулалардың жай-күйін білді. Бұл ретте Талғар ауданының әкімі Райхан Садықова атқарылған жұмысты егжей-тегжейлі баяндап берді.
– Жалпы аудан бойынша бес ауылда су басу оқиғасы тіркеліп, 15 үйдің ауласына су кірген. Қазіргі кезде барлық су сорылып, арнайы техника мен адамдар жұмыс істеп жатыр, – деді ол.
Жиын соңында Лаззат Махатұлы барлық аудан басшыларына қауіпсіздікті сақтау мәселесі бойынша жұмыс атқарып, қауіпті аймақтардың жай-күйін бақылап, ақпарат беріп отыруды тапсырды. Сонымен қатар арнайы техника мен жанар-жағармай, азық-түлік, дәрі-дәрмек қорын толықтырып, апат бола қалған жағдайда тұрғындарды көшіретін қауіпсіз аймақты дайындау, су қоймаларындағы су деңгейін бақылап, көбейген жағдайда су мөлшерін азайту қажеттігін қадап айтты.
Әмір САНА





