Қаратал ауданына қарасты Жолбарыс батыр ауылдық округінде бір мезетте 400 адам дауыс беруге жиналды.
Кәлпе ауылына қарасты 14 көшенің тұрғындары №157 сайлау учаскесіне келіп, өз азаматтық таңдауын жасауда. Референдум наурызнаманың онкүндігімен тұспа-тұс келгендіктен сайлау учаскесінің маңында тігілген киіз үйде жиналған жұртшылыққа ұлттық тағамдар ұсынылды. Жастар алтыбақан теуіп, балалар асық атып, ұлттық дәстүрге сай мерекелік көрініс орын алуда.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар», – дегендей, ауылдың тоқсаннан асқан қариялары да бұл маңызды науқаннан шет қалмады. 1934 жылы дүниеге келген Сүлеймен Андасбаев өмірінің 40 жылын мал дәрігері қызметіне арнап, ел игілігі үшін еңбек еткен. Ал Бәтен Бұлдыбаева апамыз денсаулық сақтау саласында ұзақ жыл жұмыс жасаған. Қос ардагер дауыс беруге арнайы келді. Бұл жас ұрпаққа үлгі екені де сөзссіз.
«Жетісу-Ақпарат»





