Желтоқсан сананы селт еткізіп, дербес ұлт екенімізді, ел бола алатынымызды сезіндірді. Қазақтың тұрмысы ауыр екенін және олардың дені тұрмыстық қолайсыздығы бар алыс ауылдарда тұратынын, жайлы қалаларда басқа ұлттардың басымдығын, қазақ тілінің қағажу көріп, қолданыстан ығыстырыла түскенін бәріміз іштей сезініп, қорланатынбыз. Әсіресе, қалалардағы жатақханаларды, жалдамалы пәтерлерді паналаған студенттер мен жұмысшы жастар тіл үшін, діл үшін шамасы жеткенше күресіп, іштен тынып жүретін. Бір тәубеміз республиканы Д. Қонаевтың басқарып отырғаны еді. Еліміздің бірінші басшылығына қазақтың, Қазақстанның барын тек оқулықтан ғана білетін жанның тағайындалуы меңдеген жараның бетін тырнады. Тәубеміз тас-талқан болды.
Мен де алаңда қатарластарыммен бірге ұрандадым, «Менің Қазақстанымды» шырқадым. 17 желтоқсанның түн жарымына дейін болып, таңға таяу бұқпантайлап жүріп пәтеріме аман-есен жеттім. Ертеңінде тағы барып, алаңдағы жазалаушылардың шабуылы кезінде қоршауда қалып, таяққа жығылып, тау жаққа апарып тастағандар қатарында болдым. Он күн жұмысқа бара алмадым. Пәтеріміздің қожайыны Валя тәтей көпті көрген кісі еді: «Хлеб, мясо, молоко есть. Голода нету, зачем ходил площадь» деп жүріп, жарылған бас пен жырымдалып кеткен құлақты түрлі шөптен жасаған дәрілерімен емдеді.
28 желтоқсанда жұмысқа шықтым. Сол күні басшылар жиналыс ашып, бригаданың алдында мені жүндей түтті. Етіме ащы таяқ тиіп ашынған, алаңдағы қан қасапты көзбен көріп күйінген мен ештеңеден тайынбадым. Олардың алаңда болғаныма қатысты дәлелдері жоқ еді. Айыптары – жұмыста болмағаным.
Ал жоғарыдан мені жазалау үшін келген топтың дені өзге ұлт өкілдері. Негізі жұмысшылардың өзара ынтымақтастығы жақсы еді. Әріптестерім жауға бермеді. Бригадир мен звеножетекшісінің абырой-атағы басқармадан күшеніп жеткендердің аптығын басты. Комсорг Қанат Нұрқасымов та мені жақтап шықты. Бригадиріміз: «Сабаққа дайындалу үшін демалыс алып, он күнге сұранып кеткен» дегеннен танбады. Ақыры үй алуға қатысты кезегімді шегерді, бірнеше жыл демалысты тек қыс айларына белгіледі, комсомол билетімді алып қойды, бір жылдық сыйақыдан қағылдым. Алайда, оның барлығы өткінші екен. Сол жылдары намысымыз қайрала түсті. Ел өзімізге ғана қажет екенін мықтап сезіндік.
Қалай болғанда да 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі жетпіс жыл бойы сіресіп, 15 республиканы ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, қалауынша қанап отырған тоталитарлық тәртіптің тегеурініне сызат түсіріп, бізден басқа республикаларға да қозғау салды. Біз татқан кермек дәм осындай еді.
Болат АБАҒАН
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Ақпарат саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері





