Облыс әкімі Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға облыстың 11 тұрғыны жазылған. Олардың басым көпшілігін мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу мәселесі толғандырды.
Талдықорған қаласының тұрғыны Сәуле Ақшабаеваның мәселесі тұрғын үйге қатысты. 91 жастағы тыл еңбеккері атанған анасына баспана қажеттігін алға тартқан ол тез арада үйлі болсақ деген тілегін жеткізді. Тұрғын үй қатынастары туралы заңның тәртібі бойынша үй кезек ретімен берілетіндігін түсіндірген Бейбіт Исабаев мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысуына қандай мүмкіндіктер бар екенін қарастыруды тиісті басқарма мен қала әкіміне тапсырды.
Текелі қаласынан келген Қуаныш Секенов көптен бері мәселесі жергілікті деңгейде шешілмей жатқандықтан, облыс басшысынан көмек күтетінін жеткізді. Оның айтуынша, 12 отбасы тұратын көпқабатты үй қауіпті деп танылып, тұрғынның барлығын басқа ғимараттағы бірдей пәтерге қоныстандырған. Қуаныштың үш бөлмелі пәтері болған және оған жергілікті әкімдік ұсынған үйлер көңілінен шықпаған.
Облыс басшысы бұл жағдайдың туындауын анықтап, алты айдан астам уақыт бойы баспананы жалға алуға мәжбүр болған отбасының мәселесін жақын арада шешуді тапсырды. Жауапты мамандар Қуаныш Секеновке аталған нұсқалардың ішінен ұсынылған пәтерді бірінші кезекте өз бетінше таңдау мүмкіндігін қамтамасыз етуі керектігін айтып, жағдайдың оң шешілуін тікелей өзі қадағалайтынын жеткізді.
Қазір тұрғындардың үйге қол жеткізудегі кезек мәселесі де өзекті болып тұр. Облыс әкімі бұл мәселені де дұрыс жөнге салуды ескертті.
«Ондаған жыл кезекте тұрып, үй ала алмағанына бұл азаматтар кінәлі емес. Енді зейнетке шықты деп кезектен алып тастау адамгершілік тұрғыдан қарағанда — әділетсіздік. Сондықтан сотқа талап арыз беруге заңдылық жағынан бағыт беріп, көмектесіңіздер. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін кезекте тұрып, зейнет жасына жеткен қанша азамат бар, сол туралы толық мәлімет дайындаңыздар», — деді Б. Исабаев.
Қабылдауға жазылған барлық азаматтардың көтерген проблемалық мәселелерінің шешіміне қатысты тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берген облыс әкімі сұрақтардың бәрі де хаттамаға енгізілгенін, бұдан әрі өзінің жеке бақылауына алынатынын жеткізді.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Фототілші: Жеңіс Ысқабай





