Салтанат сарайында облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВТЫҢ қатысуымен жаңа Конституцияның жобасын талқылауға арналған жиын өтті. Оған қоғамдық кеңес мүшелері, жергілікті мәслихат төрағалары, зиялы қауым, саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдері, түрлі сала мамандары қатысты.
Басқосуды облыстық мәслихаттың төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, өңірлік коалиция төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева жүргізіп отырды.
Жиында Бейбіт Өксікбайұлы мемлекетіміздің құқықтық, саяси және әлеуметтік дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын жаңа Ата Заң жобасына енгізілген өзгерістер мен басты қағидаттарды кеңінен баяндады.
– Елдігіміздің басты нышаны – Конституция жобасында мемлекетімізбен қоғамды жүйелі жаңғыртуға деген үлкен мақсат тұр. Ұсынылған өзгерістердің негізінде бірнеше басты қағидат бар. Біріншіден, Парламент пен өкілді органдардың рөлін күшейту. Бұл – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға, шешімдерді ашық әрі институционалдық диалог арқылы қабылдауға бағытталған қадам. Екіншіден, азаматтардың мемлекетті басқару процесіне қатысуын кеңейту. Қоғамдық бақылау тетіктерін дамыту, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту, азаматтық қоғам институттарының шешім қабылдау үдерісіне нақты ықпал етуіне жағдай жасау көзделіп отыр. Үшіншіден, адам құқықтары мен бостандықтарын нығайту. Конституция әр азаматтың қадір-қасиетін қорғаудың нақты тетігіне айналуы тиіс. Заң алдындағы теңдік, әділ сот төрелігі, әлеуметтік құқықтардың қорғалуы – бұл қағаз жүзіндегі ұран емес, мемлекеттік саясаттың өзекті міндеті. Төртіншіден, жауапты және күшті мемлекет қалыптастыру. Билік қоғам алдында есеп беретін, институттар ашық әрі кәсіби жұмыс істейтін жерде ғана сенім қалыптасады. Ал сенім – бүгінгі таңда үлкен күш және стратегиялық даму ресурсы, – деді аймақ басшысы.
Осыдан кейін жиынға қатысушылар кезегімен сөз алып, Ата Заңдағы өзгерістер жайлы ой-пікірлерін жеткізді.
Басқосуда «Ерлік» қимыл-қозғалысы кем мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Роза Ақжаркенова референдумға кедергісіз қатысу үшін сайлау учаскелерінің мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді болуы маңызды екенін айтты.
– Конституциялық реформалардың негізінде әр адамға түсінікті әрі жақын идея – әділдік, тең мүмкіндіктер мен әрбір азаматтың мүддесін қорғау қағидаты жатыр. Жетісу өңірінде мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға ерекше көңіл бөлінген. Қолжетімді инфрақұрылым дамытылып, білім алу мен еңбекке орналасуда тең жағдай жасалып, әлеуметтік қызметтердің сапасы артып келеді. Облыс құрылғаннан бері инватакси саны 18-ден 32 бірлікке артты. Бұл арнайы көлік референдум күні үздіксіз жұмыс істейді. Жалпы алғанда, жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі алдағы референдумды әділетті әрі тұрақты мемлекет құру жолындағы дер кезінде әрі сенімді қадам деп есептеймін, – деді Роза Ақжаркенова.
Жиында облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әсет Қыдырманов еңбек адамының құқығын қорғау, кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев Ата Заңдағы өзгерістер мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы қарым-қатынасты нығайта түсетінін, Жетісу университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Ермек Бөрібаев жаңа Конституция жобасында мәдениет пен білімге, ғылым мен инновацияға сүйенетін даму моделіне басымдық берілгенін кеңінен баяндады.
Ал облыстық «Ассамблея жастары» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Екатерина Подгорнова: «Қазіргі саяси жаңғыру кезеңінде біз, Жетісу жастары Ата заңымыздың жаңа өзгерістерін белсенді азамат ретінде зерттеп шықтық. Қазіргі жастар – білімді, саналы, цифрлық әлемде еркін, өз ойын ашық айта алатын буын. Бүгінгі күні жетістікке жету жолы өте оңай, ең бастысы қоғамға пайдаңды тигізіп, еліне адал қызмет етіп, даму жолында ерінбей еңбек ету маңызды. Біз өзгерістерді қолдап қана қоймай, соның белсенді қатысушысы болуға дайынбыз», – деді.
Жиынды қорытындылаған Бейбіт Исабаев жаңа Ата Заң жобасы жауапкершілікке, әділеттілікке, заң үстемдігіне және адамға деген құрметке негізделгенін айтып, ел тарихындағы жауапты кезеңде облыс халқы шынайы азаматтық ұстанымдарын көрсетіп, жаңа Конституцияның жобасын қолдайтынына сенім білдірді.
Айдар ҚАЛИЕВ





