Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің әдіскері А. Бухарованың ұйымдастыруымен Рахат орта мектебінде «Мектептегі психологиялық қызмет бойынша ата-аналармен жүргізілетін жұмыстағы тиімді әдістер» тақырыбында семинар өтті. Аталмыш семинарға аудан бойынша 45 психолог қатысты.
Қоғамдағы көкейкесті мәселелерді жан-жақты қарастырып, тренинг, дәріс, бейнетаспалар арқылы ой бөліскен жиында болашаққа қадам жасаған баланың өз мүмкіндігін, өзінің өмірлік жоспарын жүзеге асыру үшін қайсар мінезі мен жетілген ерік-санасы болуы керектігі айтылды.
Негізінде баланы тәрбиелеуге ата-аналармен ынтымақтасу педагогикасын жүзеге асыру – оқушыға үй мен мектепте де бірдей талап қою деген сөз емес. Бұл ата-аналарды педагогикалық, психологиялық дербес әдістермен таныстырып, өз баласын сүюді үйрету. Ересектер күнделікті өмірде бала психологиясымен санасып, олардың мөлдір сезіміне дақ түсірмей, бойындағы жағымсыз мінез-құлықтарына сын көзбен қарап, үлгі болу керек.
Рахат орта мектебінің психолог қызметкерлері Айна Көмекбай мен Динара Кунусбаева бүгінгі ұл – ертеңгі әке, бүгінгі қыз – ертеңгі ана, әр перзент әке-шешеге қарап бой түзейтіндігін айта отырып, жасөспірімдер өздерін үлкендер тарапынан болатын зорлық-зомбылықтан, психологиялық қысымнан қорғай алмайтынын және қорғануды білмейтіндігін ескертті. Бірақ балалар ата-анасының мінез-құлқынан, қарым-қатынас мәнерінен үлгі алатындығын ұмытпауымыз қажет. Сондықтан да жағымды қарым-қатынасты нығайту мақсатында ата-аналармен «Өтінемін» тақырыбында тренинг өтті. Сонымен қатар, ата-аналармен «Стикердегі диалог» әдісін жүргізу арқылы өз ойларын жазып, пікірлерін қорғап, эмоцияларын білдіре алды.
Педагогика ғылымының докторы В. Христофорова жаңартылған оқу мазмұнына тоқталды. Қазіргі заманда балалар бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Оқушыларды заманауи әдіс-тәсілдермен оқытып, ой-өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу қажеттілігін айтып, ата-аналарға жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша түсіндірме жұмысын жүргізді.
Ұлы тұлғалардың: «Егер сен болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса», – деген ілімін негізге алсақ, ел болашағы жастардың өмірде табысты болуы ата-ана құзыретіне байланысты екендігі сөзсіз.
Майгүл НАМАЗОВА,
Рахат орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі




