Алматы облыстық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда Жетісу жерінің әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуына қажетті бағдарламалар мен іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесі таныстырылды.
Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған Қоғамдық кеңес төрағасы Әлихан ТОЙБАЕВ отырыста 3 мәселе қаралатынын жеткізіп, Қоғамдық кеңестің жаңарған құрамын таныстыру үшін алғашқы сөзді облыстық мәслихаттың төрағасы Сұлтан Дүйсембіновке берді. Жетісу жеріндегі жол, ауызсу, денсаулық сақтау, білім, қоғамдық қауіпсіздік сынды салаларға қатысты өзекті мәселелерді қарастыратын Қоғамдық кеңес мүшелерінің жұмысына сәттілік тілеген модератор одан соң Жетісу жерінің былтырғы жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты есеп беріп, осы жылға межеленген міндеттерді көпшілікке таныстыру үшін сөз кезегін облыс әкімі Амандық БАТАЛОВҚА ұсынды.
Өз сөзін:
– Құрметті Қоғамдық кеңес мүшелері! 2017 жылы облыстың барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері табысты іске асырылды. Экономика өсімі 2,7%-ды құрап, меншікті кіріс 24%-ға өскен. 527 миллиард теңге инвестиция тартылды, 26 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ға төмендеген. Өнеркәсіпте өндіріс көлемі 2,9% өсіммен 750 миллиард теңгеден асты. «Индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасының арқасында өңдеуші сектордағы өнім шығару 2 есеге өскен және қазір оның үлесі 85%-ды құрайды. Индустрияландыру картасы шеңберінде инвестициялар көлемі 319 миллиард теңге болатын 55 жоба іске асырылып, 8,7 мың жұмыс орны құрылды, – деп бастаған облыс әкімі жеткен жетістіктерді біртіндеп таныстырып шықты. Оның айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына сәйкес облыстағы 40 кәсіпорын инновациялық технологиялар мен цифрландыру жүйесін өндіріске енгізуде. Соған орай жаңа зауыттарда «Индустрия 4.0» элементтерін қолдану тәртібі қарастырылуда. Олардың қатарында Трансұлттық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылатын 9 жоба бар. Соның ішінде Ресей, Вьетнам елдерімен әріптестік негізде салынатын «Маревен Фуд» зауыты алғашқы жартыжылдықта іске қосылады. Жергілікті шикізатты өңдейтін өндіріс орны 500 адамды жұмыспен қамтып, «Қазақстанда жасалған» брендімен жылына 24 миллиард теңгенің өнімін шетелдерге экспорттайды. Одан бөлек, жыл соңына таман танымал «Лукойл» маркасімен майлау материалдарын шығаратын зауыттың іске қосу жұмыстары басталады. Толықтай автоматтандырылған «ақылды қойма» жүйесімен қамтылған зауытқа салынатын инвестиция көлемі 27 миллиард теңгеге тең. Сондай-ақ, немістің «Бауманн» компаниясы 30 мың тонна қой етін экспорттайтын жобаны жүзеге асыруға кіріседі. Осындай жобалар 2020 жылы өндірістік өнімнің көлемін 1 триллион теңгеге жеткізуге мүмкіндік береді. Жетісу жерінің басты бағыты ауылшаруашылығы болғандықтан диқандар өндірген өнімнің көрсеткіші күллі республика бойынша алдыңғы орында. Соның арқасында былтыр егістік алқабының көлемі 948 мың гектарға жетіп, 648 миллиард теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндірілген. Олардың ішінде 1,3 миллион тонна дәнді дақыл, 293 мың тонна майлы дақыл, 1,8 мың тонна картоп, жеміс пен көкөніс алынған. Еліміздегі қант өндірісіне елеулі үлес қосқан Жетісу жерінің 9 мың гектардан астам алқабынан 334 мың тонна қызылша жиналып, 31 мың тонна құмшекер өндірілген. Енді биыл егістік алқаптарын 11 мың гектарға дейін ұлғайту және 400 мың тонна қант қызылшасын алу жоспарланып отыр. Бір сөзбен айтқанда, ауылшаруашылығында өсім мол, ілгерілеу басым. Мысалы, былтыр 100,2 мың тонна жеміс-жидек жиналып, мал басы өскен. Халықты таза етпен қамтамасыз ететін мал бордақылау алаңдары жұмыс істеп, ет өңдеу көлемі ұлғайған. Одан бөлек, жұмыс орындары көптеп ашылып, шағын және орта кәсіпкерлік бойынша елеулі жұмыстар атқарылып келеді.
Атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктердің бәрі де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына сәйкес атқарылып, межелеген мақсаттарға бағыт алуда. Атап айтқанда, Президенттің қант қызылшасын, жүгері және бау-бақша көлемін арттыру бойынша берген тапсырмасы орындалып отыр. Осыған орай енді мемлекет пен жекеменшік әріптестігі бағыты бойынша сүтті сиырлардың саны мен картоп өсірудің көлемін арттыру міндеті алда тұр. Соған байланысты биыл 350 отбасылық тауарлы-сүт фермасы құрылып, әрқайсысында 100 бас сиыр өсіріледі. Бұл отандық сүт өнімдерінің молаюына септігін тигізеді. Облыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің 110 нысанында 248 мың адам жұмыс істейді. Олардың бәрі де мемлекет тарапынан беріліп отырған қолдауды алып отыр. Жетісу жерінің көркем табиғаты мен көрікті жерлері отандық туризмнің дамуына зор мүмкіндік береді. Соған орай биыл Алматы облысына арнайы келетін туристер саны 2 миллион адамға жетеді деп күтілуде. Сонымен қатар, облыс аумағындағы жолдарды жасау бойынша көптеген жұмыстар атқарылғанын айтқан баяндамашы 2015-2017 жылдар аралығында «Нұрлы жол» бағдарламасымен 73 жоба іске қосылғанын атап өтті. Былтыр пайдалануға берілген 33 мектептің 29-ы осы бағдарлама бойынша салынған. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге де «Нұрлы жол» бағдарламасының қосқан үлесі басым. Мысалы, былтыр пайдалануға берілген 646 мың шаршы метр тұрғын үйдің 97,7 мың шаршы метрі осы бағдарлама бойынша ұсынылды. Соның арқасында 1406 отбасы пәтер алса, 2144 отбасының үй салуына қажетті жер телімі берілген.
Халықты баспанамен қамтамасыз ету бойынша көптеген жұмыстар атқарылып, облыс орталығында көпқабатты үйлер салынып жатқаны белгілі. Президенттің бес әлеуметтік бастамасымен қолға алынып жатқан «7–20–25» бағдарламасы арқылы үй алғысы келетін жастарға да мүмкіндіктер ұсынылуда. Осыған орай жыл сайын 1 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді межелегенін айтқан облыс әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағыты бойынша атқарылған жұмыстарды таныстырып, облыстағы 25 елді мекеннің таза ауызсумен қамтылғанын жеткізді. Соған байланысты орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 87,3%-ға жетіпті. Жылумен жабдықтау бойынша Талдықорған, Қапшағай қалаларындағы қазандықтардың қуатын ұлғайту жұмыстары жүргізіліп, жылу желілері жаңартылған. Тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша көптеген істер атқарылып, 123 елді мекенге газ жеткізілген. Облыстың 11 ауданында осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыс орталығын газбен толық қамтудың екінші, үшінші кезеңдері жүргізілсе, Текелі, Бақанас, Сарыөзек және Үштөбе бағыттарына газ құбырын тарту жұмыстары атқарылуда. Ал Панфилов, Ұйғыр және Райымбек аудандарын газдандыру жұмыстары алдағы уақытқа жоспарланған. Былтыр газдандыру жұмыстарына бюджеттен 12 миллиард теңге бөлінсе, жеке тұлғалардан 22,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Алдағы жылдарда инвестиция көлемі ұлғая түседі.
«Нұрлы жол» бағдарламасымен әлемдік стандарттарға сай келетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Алматы – Талдықорған» жолдары салынса, биыл «Талдықорған – Өскемен», «Үшарал –Достық», «Ұзынағаш – Отар», «Күрті – Бурылбайтал» жолдарын және Балқаш көліне дейінгі жолдың 141 шақырымын салу және жаңғырту жұмыстары басталады. Үлкен Алматы айналма жолын салу басталып, оған үш жылда 514 миллиард теңге инвестиция тартылады. Үкіметтің қолдауымен «Алтын Орда» базарының аумағындағы жол 4 жолақтан 10 жолаққа дейін кеңейтіледі.
Барлық сала бойынша толымды көрсеткіштер бар екендігін жеткізген облыс әкімі Амандық Баталовқа Қоғамдық кеңес мүшелері сұрақ қойып, өздерін толғандырған мәселелердің жауабын тапты. Қойылған сұрақтардың қатарында ғимараттар мен нысандардың өрт қауіпсіздігін нығайту, ауылшаруашылығына мемлекет тарапынан берілген қолдауды халыққа түсіндіру, Қаратал ауданындағы Көпбірлік ауылына апаратын жолды жасау, студенттерге жатақхана салу сынды өзекті мәселелер бар. Осындай мәселелердің орындалуына байланысты нақты міндеттерді атқаруды уәде еткен облыс әкімінің жұмысына Қоғамдық кеңес мүшелері қанағаттандырарлық деген баға берді.
Қоғамдық кеңесте қаралған екінші мәселе бойынша – ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 19 қыркүйектегі №580 Қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының Алматы облысында жүзеге асырылуы туралы» есеп берген облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетовтің жұмысына кеңес мүшелері қанағаттандырарлық деген баға берсе, үшінші мәселе бойынша облыс әкімдігінің 8 Қаулысының жобасы жария талқыланды.
Мәди Алжанбай





