Газетіміздің өткен сандарының бірінде «Қонақжайлық қағидасы» атты мақала жариялап, қазақтың жомарт жүрегіне сүйінудей сүйінгенбіз. Анығы, қонақжайлығын айтып айызымыз бір қанған-ды. Әрі сол мақаламызда қонақ күтудің көп сырын талдай келіп, келесі дітті тақырыбымыздың «Бөлінбеген енші» болатынын айтып өткен едік. Енді, міне, сол тақырыпты қаузап өтудің де сәті түскендей.
Осы ретте сіз тақырыпқа талқы сұрағандай: «Бөлінбеген енші дегенді айтамыз-ау, сонда бұл заманда кім-кімге енші бөліп береді?» – деп төте сауал тастар ма едіңіз, кім біліпті?! Әйтеуір, «енші» сөзінің ен-таңбасы бұзылған малдай көзден өшсе де, көңілден көшпей сақталғанын дәтке қуат етерміз. Ал осы «бөлінбеген енші» сөзінің қазақы қонақжайлық қалыптың ең сәтті, ең көркем сұлбасы бейнеленген ғажайып картина тәрізді дүние екенін айтсақ, бүгінгі ұрпақ оған сенер-сенбес, ұғар-ұқпас. Әңгіме, тіпті, онда емес-ау. Әңгіме баба дәстүрді ұрпақтың санасында жаңғыртудың маңыздылығында болып отыр емес пе?
Бұл – Алаштың бөлінбеген еншісі! Аңызға сүйенсек, тарихта атақты Алаш атты әділ де парасатты хан өткен. Сол Алаш хан бірде үш ұлына енші бөліп береді. Үшеуіне ұлан-ғайыр атырап пен артса талай атан көтергісіз қазынасын теңдей бөліп, жеке-жеке разылықтарын алады. Сонымен бірге, үш баласына берген еншінің әрқайсысымен пара-пар келесі бір еншіні «Алаштың бөлінбеген еншісі» атап, үш ұлына қарата үн қатады.
– Өзіме тиесілі еншімді мен дәл қазір тең бөліп, үшеуіңе таратамын. Бұл – иісі қазақ баласының қонақасыда сыбағасы бөлінбеген мәңгілік еншісі болсын. Яғни, үш баламнан тараған ұрпағым бірінің үйіне бірі барғанда қысылмай отырып, қонақ болатындай өзара мейірімге бөленсін, – дейді Алаш хан.
Ханның сөзін ары қарай сабақтар болсақ, соңғы төртінші еншінің кез келген жол тартып, алыс-алыс сапар шеккен әр қазақтың несібесі екенін, қай уақытта болсын менің Алашта бөлінбеген еншім бар деп түстеніп, қоналқы сұрауға болатыны аманатталады. Содан бері қазақ түсінігі бойынша әрбір жолаушы адам – құдайы қонақ. Оны дәм-тұзымен қарсы алып, ақ төсек салып қондырып, жол мұқтажын беру әр қазаққа міндет саналады. Тіпті, құдайы қонақтың қонақасы берілмесе, сол елдің биіне барып, арыз айтып, кінәлілерден ат-шапан айып алатын тәртіп болған.
Қонақ күтуде әрбір қазақ ескеруі тиіс бір жайтты айта кетуді жөн көрдік. Мәселен, үйге құтты қонақ келгенде үй иесі оны алдымен кіргізеді де, сосын барып есікті жабады. Сіз мүмкін осы пікірге де: «Бұл, әрине, түсінікті жағдай ғой. Үйге бірінші қонақ кіргесін есікті үй иесі жабады емес пе?» – деп қайыра сауал тастауға қақылысыз. Ендеше, гәп қайда дейсіз ғой, гәп – көшпенді жұрт танымы бойынша үйге келген қонақтың құт әкеледі деп есептелуінде еді. Сол себепті, жас бала болса да бірінші оны үйге оздырып, есікті қашанда үй иесі жабуға тырысады. Қазақтың қонақты құтты қонақ деп айрықша леп беріп айтуында да осындай бір себеп бар-ды.
Ал мейман шығардағы салттың жөні тағы бөлек. Бұл жолы есікті аттанушы ашады. Алда-жалда есікті үй иесі ашар болса, бұл көргенсіздікке баланады. Оның да ала-бөтен себебі бар. Егер есікті үй иесі ашса, қонағын қуғанмен бірдей деген сөз. Бұлай болғанда қонақ іштей шын ниетімен күтпепті-ау, бекер түскен екенмін деп аттанады. Бұл да атам қазақтың пайымы. Осындайда қазақтың «Қонақты қусаң құт қашады» деген аталы сөзін ескермесеңіз, кішкентай олқылықтың өзі орны толмас өкінішке ұласатыны тағы анық.
Этнограф ғалымдардың айтуынша, бөлінбеген енші – құдайы қонақ институты қазақтардың үлкен аумақты емін-еркін жайлап, бір шетінен екінші шетіне қиындықсыз қатынап тұруына мүмкіндік береді. Бұл туралы «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi» атты энциклопедиялық еңбекте де кеңінен айтылған.
Мысалы, аталған еңбекте үй иесінің аттанарында қонақтан бұйымтай сұрайтыны жазылған. Мұнда қонақтың да ғұрыптық құқықтары айқын көрсетілген. Ол дәстүр бойынша құдайы қонақ үй иесінің аты, иті мен мылтығынан басқасын сұрай алатын болған. Бір сөзбен айтқанда, жеті қазынасының үштігін, тұрмысының тиянағын сұрау әбестік саналған. Бұл тіпті, тар жерде ер-тоқымның артқы қасын сұраған жаманның қадетіндей көрініп, адал асын төсеген үй иесінің ішкі наразылығына себепкер болған. Әдетте, мұндай қонақ алыс жолда қажет болатын бір бұйымды ғана сұраған. Ал дәстүрге орай ол сұраған бұйым берілмесе, немесе күтушіге түстеніп-түнеуші разы болмай кетсе, ол шаңырақ үлкен ұятқа қалды деп есептелген. Ол ол ма, уақытша той-томалақ, ду-думаннан да шет қағылған.
Бақсақ, бұл аңыз сонау Мөде қаған билеген ғұндар заманынан бастау алған. Алтай мен Атырау арасын алып жатқан алып Тұран даласында бабадан қалған өсиет бұл. Айшылық жолды ай тұяғымен турап, күншілік жерді күнде шалған көшпелі қазақ үшін осы бір хан жарлығының маңызы зор болғаны белгілі. Соның арқасында кез келген жолаушы кез келген бағытта жолға шықса да, мейлі, ол бай не кедей болса да, көздеген жеріне еш қиналмай жетіп отырады. Барған жерінде жайылып жастық, иіліп төсек болған үй иесі тұрады алдында. Нәтижесінде, ел мен елдің берекесі артып, Ұлы дала ұлысы одан сайын ұйыса түскен.
Оны айтамыз-ау, мұны қазақтың «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген аталы сөзі де расқа шығармай ма?! Бұл принцип те қазақты алғаусыз көңілімен атымтай жомарттықтың шыңына шығарды. Ең кереметі, ел кез келген қонақтың арасында жүрегі жұмсақ, пейілі аппақ Қыдыр жүреді деп сенді. Сосын да қонақ разылығын алған адам бұл өмірден армансыз өтеді не тілеген тілегі орындалады деген сенімде жүрді. Бәлки, ол заманда да қазақтың табиғаты соған жақын ба еді, кім білген? Өйтпесе, қазақ ашық алақан, ақжарма ниетті ұлт болмаса, оның тағдырына бұл жомарттық дәл осылай жарасар ма еді, тәйірі?!
Осы арада сөзіміз сөлді болсынның кебімен бір мысал айта кеткенді жөн деп таптық. Біздің нағашы жұртымызда Үмітпек есімді апайымыз болды. Әлде, тәңірінен ұл тілеп жорта атағаны ма, әлде үмітім еді, үзілмей тоқтасын деді ме, әйтеуір осы кісінің азан шақырып қойған ныспысы осы дейді үлкендер. Ары қарай қазбалап сұрауға ол заманда біздің де жүрек дауаламайтын. Мүмкін, ат қоюдың да өзіндік шарапаты бар ма, ол кісі ұл мінезді болып өскен.
Бір күні әлгі апайымыз кешкі алаң-елеңмен таласа үйге кірген адамды төрге оздырады. Үйде жалғыз болғасын шақырылмаған қонағының үсті-басын тәптіштей тінтіп шыққан ол бірден жік- жапар болып күте жөнеледі. Қаптағы бар-жоғын салып, керегедегі сүрісін қазанға сүңгітіпті. Неге дейсіз ғой? Қазақтың бір басынан асып-төгілген аңғалдығы ғой баяғы. Кешкі апақ-сапақта кірген қонақтың үсті-басының лас екенін, жүдеу бейнесін байқаған апайымыз әуелде аңтарылып тұрып қалады. Артынша ойына аталарының: «Қыдыр көбіне кеш уақыттарда қонақ есебінде жүреді, үсті-басы лас болып көрінеді. Одан жиіркенбей күткен адамның жолы ашылады. Бай болады», – деген сөзі түседі. Қараса бұл қонақтың сол суреттеуден кем түсіп тұрған жері жоқ. Не керек, ойда-жоқта үйге түскен «Қыдырды» нағашы апай әбден күткен.
Бір мезетте жұмыстан шаршап оралған жездеміз алдынан шыққан апайымызға: «Үйге Нұрсейіт молда келді ме?» – деп сұрапты. Сонда сасып қалған нағашымыз: «Нұрсейіті несі? Ондай адам келген жоқ. Үйде бір міскін бейнелі адам отыр. Алакөлеңкеде келді. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деуші еді ғой, тегін адам емес», – деп жауап қатады. Мырс етіп күлген жездеміз үйге кіріп: «Қыдырханның Нұрсейітіне де нұр құйылып, Қыдыр болар күн туыпты-ау», – деп қонағын кекете кеңк-кеңк күліпті дейді жарықтық.
Сөйтсе, көктемгі жаңбырда велосипед тепкен молда бір арықтан өтем деп оңбай құлайды. Майы шыққан қара балшыққа құлаған адамның күлге аунаған түйеден айырмашылығы қайсы еді? Үсті-басы, кейіп-кеспірі адам танығысыз өзгерген оған жездеміз жолығып, үйге барып түсе беруін өтініп, өзі аз-кем шаруасымен өзге ауылға кеткен екен.
Міне, бұл көп қазақтың басынан өткен дүние болса керек. «Қырықтың бірі – Қыдыр» туралы лепеске тұздық ретінде айтқанымыз болмаса, әуелгі тақырыптан ауытқу әсте ойда жоқ-ты. Ойлаңызшы, түгін тартса майы сорғалаған құйқалы қазақ даласы кімге мақтан болмаған? Сол даланың төсін иітіп, төбесін тауға жеткізіп, тауын аспанға тигізіп сүйген қазақтың да ұлылығы шексіз-ау.
Ұлылықты айтпақшы, ұраны – Алаш, керегесі – ағаш қадым заманда да қазақ топырағына табаны тиген әлем саяхатшылары көп болыпты. Солар да Алаштың бөлінбеген еншісінен дәм татысып, көңілі соққан үйге мейман ретінде түскен. Қай қиуасына, қай түкпіріне барса да жік-жапар болып күткен елдің ниетіне тойып, шексіз ризашылығын білдірген деседі. Осылайша қазақтың ұлылығын айтып, кәрі құрлық аттаған саяхатшылардың, тарихшылардың сөзі де мұрағатта қаттаулы бүгін. Бәрі – шежіре, бәрі аңыз қазір.
Айталық, XIX ғасырдың аяғында Сырдария облысына (Қызылорда облысының бұрынғы атауы – Қ.Қ.) саяхат жасаған Н. Гродековтың айтуынша, үйге келген қонақты қазақтар мейлінше ренжітпей күтеді. Тіпті, оған көршісі де міндетті түрде қонақасы арнап, үйіне шақырады. Көршісі құдайы беріп және оның қонақтарының саны ойлағаннан көп болса, көмек беру парыз деп санаған дейді. Демек бұл тұтас әлеуметке жауапкершілік жүктеген. Оның атқарылуы бұлжымас ғұрыптық құқық ретінде саналған.
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
ҚАЗАҚ КІМ?
«Қазақ» сөзінің шығу төркінін зерттеген тарихи деректерді көп ақтардым. 1870 жылы жазылған «История казачества» деген орыс казактарының үш томдық тарихында «казак» сөзі: «Еркіндік сүйгіш, азат» деген мағынаны береді деп көрсетілген. «Қазақ» сөзінің мағынасы да дәл сондай. Орыстың казагы мен қазақ ұғымы бір мағынаға ие. Ежелгі Мәуренахр жерінде көпшіліктен бөлініп, өз бетімен кеткен адамды «қазақ болып кетті» дейді екен. Мұндай ұғым түрікмендерде де бар. Біздің табиғатымыз, мінез-құлқымыз қазақ деген ұғымға лайық. Біз ешқашан басымыздан сөз асырмаған, кеудемізді жауға бастырмаған халықпыз.
Ахмет ТОҚТАБАЙ,
тарих ғылымдарының докторы
ОЙТҮРТКІ
Қазір жаңа үйленген қазақ жастарына мемлекеттен арнайы енші бөлу әлі толық шешімін таппаған мәселе болып отыр. Жас отбасыларға «Мемлекеттік енші беру» деген тұжырымдама жасайтын кез келді. Бұл ұлттық мемлекет құрудың бір тірегі. Ұлттық идеологияның да нақты, жанды көрінісі болмақ.Абай ХАМЗА,
жазушы.
Қозыбай ҚҰРМАН.





