Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен өткен онлайн кездесуде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өтетін мерекелік шаралардың жоспары таныстырылып, алдағы міндеттер айқындалды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері қатысты.
– Міне, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды. Іргесі бекіген елге айналып, етек-жеңімізді түріп, төрт құбыламызды түгендедік. Тәуелсіздік ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы ұлы арманы болса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты мен ерен еңбегінің нәтижесінде тәуелсіздіктің қысқа мерзімінде еліміз түрлі салада ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырып, ел экономикасы мен әлеуметтің әлеуетін көтеруде ересен істер атқарылды. Сондықтан тәуелсіздіктің 30 жылдығын ел болып ерекше тұрпатта өткізу – бүгінгі буынның парызы. Осыған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, іс-шаралар жоспары жасалғаны белгілі. Басқосу мақсаты – Мемлекет басшысының тапсырмасын негізге ала отырып, облыста мерейтойды жоғары деңгейде өткізу мақсатындағы жоспарды нақтылап, жауапты адамдарды белгілеп, орындалуын қатаң қадағалау, – деді Лаззат Махатұлы.
Бүгінгі таңда облыста 30 жылдыққа орай 257 тармақтан тұратын облыстық жұмыс жоспары бекітіліп, оның аясында мыңнан астам іс-шара қарастырылып, 57 тармақтан құралған медиажоспар әзірленіпті. Бұл туралы жиын барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Рустам Алпысбаев жан-жақты таныстырып шықты.
Оның айтуынша, тәуелсіздіктің 30 жылдығы идеологиялық тұрғыдан тарихи оқиға болғандықтан оның тұжырымдамасын «Жасампаздыққа толы жылдар» деп атауды жөн көріпті. Тұжырымдама аясында елімізде және аймағымызда 30 жылдықта жеткен жетістіктер толығымен көрсетілуі керек. Осыған орай, мамыр айында Қарасай ауданы, Шамалған ауылындағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-өлкетану музейінде республикалық «Елбасының Тәуелсіз Қазақстанды құрудағы дара жолы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылады. «Елбасы және оның Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рөлі» және «Елбасы түлеткен Талдықорған» атты фильмдер түсірілуде. Сондай-ақ, Семей полигонының жабылғанына 30 жылдығына орай аудан, қалаларда арнайы жоспар әзірленіп, бейбітшілік акциялары өтеді. Жыл бойы инфрақұрылымдық нысандар ашылып, жалпыұлттық «Қайырымдылық марафоны» жобасы аясында аудан, қалаларда еріктілер қозғалысы бастау алады. Сондай-ақ, тарихи тұлғалар мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еңбек еткен облыстың құрметті азаматтардың дара жолын насихаттау мақсатында облыста 33 атаулы күн белгіленіп, арнайы мәдени-ағартушылық шаралар қарастырылған. Облыс аумағында республикалық ақындар айтысы, спорттық турнирлер де өтеді деп жоспарланған.
Тағы бір айта кетерлігі, облыстағы іс-шараларды өткізуге БАҚ өкілдері белсенді түрде жұмылдырылып, ақпараттық қолдау көрсетіледі. Осыған орай, «Жетісу» телеарнасында «Тәуелсіздік жылнамасы» (30 шығарылым), «Тәуелсіздік тұлғалары» (30 шығарылым), «Тәуелсіздік жырлары» атты ақындар арасындағы ТВ-байқау» сияқты деректі фильм, арнайы тележобалар шығарылады. Газет-журналдар мен олардың сайттарында, әлеуметтік желілерде «Мемлекет мерейі», «Юбилейная дата», «Тарих тағылымы», «Достояние республики» атты мерекелік айдарлармен ақпараттық материалдар жариялануда. Сондай-ақ, Алматы облысында Тәуелсіздіктің 30 жылында құрылыс, тұрғын үй, бюджет, салық, әлеуметтік салалардың дамуын көрсететін статистикалық инфографикалар жарияланады. «Тәуелсіздіктің 30 жылында Алматы облысының жетістіктері» атты кітап шығарылмақ. Облыс бойынша жыл көлемінде Тәуелсіздік тақырыбына 1000 билборд, 30 лайтбокс, 52 аспалы қондырғы, 225 стенд орналастырылады. Облыстың 19 LED-экранында арнайы видеороликтер шығарылады. «JETISU MEDIA» ақпараттық алаңында өңірді дамытудың барлық салаларын қамтитын 124 баспасөз конференциясы, 21 баспасөз туры жоспарланған. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 30 жылдық мереке аясында ел дамуына үлес қосқан жетісулықтардың тізімі толықтырылып, олардың өнегелі істері насихатталмақ.
Осыдан кейін аудан, қала әкімдерінің де мерекеге дайындық барысы тыңдалды. Соңында Лаззат Махатұлы аудан-қала әкімдеріне мерекеге орай қолданысқа берілетін индустриялық-инновациялық және әлеуметтік нысандардың құрылысын сапалы, мерзімінде тапсырылуын бақылау, қаржыны жүйелі жұмсап, халықтың әлеуметтік жағдайына баса мән беріп, облыстың жетістіктерін паш ететін шаралар өткізілуін қамтамасыз ету, «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» жобасы аясында ауылдардың жетістіктерін көрсету, Талдықорған қаласы көшірілгенінде 20 жыл жетістіктерін көрсету, «Қайырымды істер» марафонын ұйымдастыру, жастардың өзекті проблемаларын шешу бойынша «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасы аясында жастарды қолдау шараларын ұйымдастыруға қатысты бірқатар тапсырма жүктеді.
Қажет АНДАС





