Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.
Мерейтойлық іс-шаға еліміздің әр аймағыннан келген ақын-жазушылар, Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және Түркия, Қытай, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды әлемнің бірнеше мемлекетінің қаламгерлері мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы, сондай-ақ, Еуразия Жазушылар одағының президенті қатысты.
Одақ төрағасы Мереке Құлкенов жүргізген басқосуда алдымен Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтау хатын оқып, ізгі тілегін жеткізді.
– «Жазушылар одағы – руханиятымыздың алтын діңгегі. Бұл ұйым қаламгерлеріміздің кәсіби қауымдастығы ретінде төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді өркендетуге және оны әлемге танытуға зор ықпал етеді. Сөз өнерінің қарашаңырағын ұлттық бірегейлігіміздің берік тұғыры деуге болады. Ақын-жазушыларымыз ұлтты ұйыстыру жолында қалтқысыз қызмет етіп жүр. Аға буын негізін қалаған осы ұлағатты дәстүр үздіксіз жалғасып келеді. Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айғақтайтын ұлы қазына. Оны заман талабына сай дамыту – қаламгер қауымның ғана емес, мемлекетіміздің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Қазір біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып жатырмыз. Озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу ісінде зиялы қауым айрықша рөл атқаруы керек. Осы жауапкершілікті терең сезініп, адамгершілік құндылықтарды кеңінен дәріптеп жүрген барша қаламгерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін», – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Осыдан соң жеке-жеке сөз алған әр елдің зиялы қауым өкілдері Қазақстан Жазушылар одағының орны мен рөліне, әрі, ұлт руханиятын нығайтуға қосқан өлшеусіз үлесіне кеңінен тоқталып, селбесе жұмыс атқара беретіндерін айрықша айтап өтті. Жиын соңында әр бірінің жүлде қоры 5 миллион теңгені құрайтын «Асыл сөз» сыйлығы екі азаматқа табысталса, шетелдік 5 қаламгер Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен, шетелдік 11 жазушы Қазақстан Жазушылар одағының құрметті төс белгісімен, 16 меценат «Атымтай жомарт» медалімен марапатталды. Шара соңы танымал өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Айдын КӘЛІМХАН