Қазақстандық тұтынушылар қоғамы кәсіпкерлердің тұтынушыларға депозит төлетуі дұрыс емес екендігін ескертеді. Мысалы, көңіл көтеру, демалыс орындары демалушыларды депозит төлеуге мәжбүрлейді. ҚР «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» Заңының 28-бабында келушілерді қажетсіз қызметті сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынады. Сатушы тұтынушыға ыңғайлы уақытта, еркін таңдау жасауына жағдай жасау керек.
Жетісу облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еділ Зайтбеков облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасында «Көңіл көтеру орындарында, демалыс базаларындағы депозит мәселесі және тұтынушылар құқығы» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» өткізді. Басқосу барысында заңның нормаларын кәсіпкерлерге, оның ішінде көңіл көтеру орындары мен демалыс базасы бар бизнесмендерге түсіндірді. Кейде кәсіпкерлер «барлық қызметті сатып алмасаң, басқа қызметті көрсетпейміз» деген талап қояды. Оған көнбеу керек. Мұндайда басқа адал қызмет көрсету орнына кетіп қалған жөн.
«Дөңгелек үстелде» департамент басшысы «Тұтынушылар мейрамхана, тойхана, асхана және басқа да тамақтану орындарында тапсырыс беруге арналған мәзірдегі тіл мәселесін қозғады. Жоғарыда аталған заңның 24-бабына сәйкес сатушы қоғамдық тамақтану орнында «ҚР Тіл туралы» Заңның талаптарына сәйкес ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде беруге міндетті» екендігін атап өтті. Еділ Зайтбековтың айтуынша, тұтынушылар тарапынан тауар аттары, қызметтер, мәзірдің орыс тілінде ғана жазылатындығы жайлы шағым көптеп түскен.
«Дөңгелек үстелде» көтерілген тағы бір өзекті мәселе, тұтынушының құқықтары бұзылған жағдайдағы шағым жазу, оған кәсіпкер тарапынан кері байланыс жасау мәселесі көтерілді. Бұл жайында Еділ Зайтбеков «ҚР Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» Заңының 33-2-бабында сатушы тауарды өткізу орнында уәкілетті органның және тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу құрылымдарының мекенжайы мен телефон нөмірін, сондай-ақ, тұтынушы өзінің құқықтарының бұзылғандығы мен заңды мүдделерін қорғау үшін оларға немесе сотқа жүгіну құқығы туралы ақпаратты орналастыруға міндетті екенін атап өтті.
Осы жылдың 1 жартыжылдығында облыс бойынша сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне 200-ден аса өтініш түсіп, 6 101 000 теңге қаржы тұтынушыға қайтарылған. Өтініштердің арасында көбінесе кездесетін шағымдар: сапасыз тауарды жөндеуден, айырбастаудан, қайтарудан бас тарту. Бірақ, тұтынушылар құқын қорғайтын заң кәсіпкерлердің заңды бұзуына жол бермейді.
Гүлжан ТҰРСЫН





