Дүниежүзіне таралған Covid-19 пандемиясы өткен жылдың желтоқсан айының ортасында басталды. Сол шақта орталық Қытайда орналасқан Хубэй провинциясына кіретін Ухань қаласының Хуанань жануар мен теңіз өнімдері базарында болған тұрғындардың түсініксіз пневмонияға шалдыққаны анықталған.
Осыдан кейін Қытай ғалымдары коронавирустың жаңа түрін – SARS-CoV-2 анықтады. Осылайша 22 қаңтардан Ухань қаласына карантин жарияланып, қоғамдық көліктер тоқтатылып, қалаға кіріп-шығуға тыйым салынған. Бұған қарамастан ауру тез арада басқа қалаларға, кейіннен дүниежүзіне тарап кеткен болатын.
Қазірге дүниежүзі бойынша 25 миллион адам Covid-19 вирусын жұқтырды. Бұл пандемия әлемді үлкен қайғы мен қорқынышқа толы сезімге бөледі. Қаншама адам жақындарынан айырылып, қазадан қан жұтып отыр. Пандемия әр елді үлкен дағдарысқа ұшыратты. Үлкен, шағын компаниялардың жұмысы тоқтап қалып, кинотеатрлар, сауда кешендері және тағы басқа көпшілік баратын жерлер карантинге байланысты жабылды. Жағдай оңалады дегенше, қиындай берді. Қазақстанның пандемия кезіндегі жағдайын айта кетсек, басқа елдерден жақсы деп айта алмаймыз. Біздің елімізде вирус наурыз айының соңына таман пайда болған. Сол кезден бастап елде карантин режимі жарияланды. Ауру елді тітіркентсе де көп адамдар аса мән берген жоқ. Олар індетті жала мәлімет деп санады. Елдегі ахуал өрши бергенде ғана адамдар карантин тәртіптерін қадағалай бастады.
Денсаулық әр жанның ең қымбат, баға жетпес байлығы. Әр жеке тұлға өзінің және өзгелердің денсаулығына қамқор бола білу керек. Отбасымыз, туысқандарымыз және достарымыз бұлардың бәрі – жүрегімізге жақын адамдар. Өзіміздің және жақындарымыздың баға жетпес байлығын, денсаулығын індеттен аман алып қалу үшін карантин тәртіптерін қатаң түрде сақтауға тиіспіз.
Тәртіптердің ішіне көпшілік жерге барғанда бетперде тағу, антисептикпен қолдану және үйден аса маңызды себепсіз шықпау кіреді. Сіздің қолыңыздан келетін көмек осы. Бұл қағидалар сіздің және өзгелердің өмірін сақтап қала алады. Сондықтан оларды ұстауларыңызды сұраймыз. Барлығы біздің қолымызда. Егерде індетті жеңуге бар күшімізбен атсалыссақ, барлық кедергілерді жеңіп, бұрынғы бақытты шақтарымызға оралатынымызға сенімдімін.
Әмина САМАТОВА,
№20 лицейдің оқушысы
Талдықорған қаласы





