АҚШ Президенті Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты Газа бойынша құрылатын Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге шақырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
АҚШ-тың жаңа бастамасы Газа секторындағы көпжылдық қақтығысты тоқтатып, аймақта тұрақтылық орнатуды көздейді. Осы мақсатта құрылып жатқан Бейбітшілік кеңесіне әлемнің ықпалды мемлекеттері тартылуда. Қазіргі уақытта Түркия, Пәкістан, Мысыр, Иордания, Қатар, Аргентина, Венгрия және Италия сияқты елдер бұл ұсынысты қабылдап, келісім берген.
«Мемлекеттер басшыларының бірқатар мәлімдемесінен кейін АҚШ президенті Дональд Трамптан келген осындай ресми үндеуді жасыру дұрыс болмас еді. Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік көшбасшылар арасында алғашқылардың бірі болып Бейбітшілік кеңесі құрамына кіруге, ал Қазақстанға осы кеңесті құрушы мемлекеттердің бірі болуға ресми шақырту алды. Бұған жауап ретінде Мемлекет басшысы АҚШ президентіне шынайы алғысын білдіріп, осы жаңа бірлестіктің құрамына кіруге келісімін растайтын хат жолдады», — деді Руслан Желдібай.
Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-сессиясының жалпы дебатында сөз сөйлеп, Газадағы жағдай туралы айтты.
«Газадағы гуманитарлық дағдарыстың ауқымы тіпті қорқынышты. Оған бей-жай қарау мүмкін емес. Бұл қақтығыстың тарихи тамыры тым күрделі. Біз осы жауласудың түпкі себебін ескерусіз қалдыра алмаймыз. Қазақстан әскери іс-қимылды дереу тоқтатуға, бейбіт тұрғындарды толық қорғауға және халықаралық гуманитарлық құқық аясындағы көмектің кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге шақырады. Біз екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешімді құптаймыз әрі БҰҰ-ның жетекші рөлін мойындаймыз», — деді Тоқаев бұған дейін.





