Алғаш қолға түскені – «Күреңбел» атты жыр жинақ. Бұл кітаптағы отты жырлар ақынның туған жұртын ғана емес, мынау жарық ғаламды, жаратушыны қалай сүйетіндігін айшықты айғақтады. Тебірендік. Тамсандық. Одан кейін «Этнографпен әңгіме» атты Жағда Бабалықұлымен өрбіген сұхбат кітабын түгесіп, тіптен қайран қалғанымыз бар. Онда ақынның ұлттық салт-дәстүрге, қасиетті құндылықтарымызға деген жанашырлығы мен олардың ұмыт болып бара жатқанын ұлт санасында тағы бір мәрте жаңғыртып, өшпейтін-өлмейтіндей бедерлеп кетуге тырысқан табандылығын таныдық. Ол жай ғана еңбектің жемісі ғана емес, ерліктің көрінісі болған кітап еді. Ондағы Жағда Бабалықұлындай мәшһүр этнографтың бойындағы бар асылын аман-есен ұрпағына сөз құдіреті арқылы табыстаған, мұра етіп қалдырған автордың еселі ерлік-еңбегін тіптен тереңнен толғай бергің келеді-ақ.
Міне, сол тебіреністі одан бетер күшейтіп, ақынға деген алқаусыз сезімді одан әрмен түпсіздендіре түскен кітап жайлы сөз еткелі отырмыз. Ол – «Этнографпен әңгіме» кітабының заңды жалғасы болған, қазақ руханиятының ширек ғасырдағы өмірге келген ең ғажайып туындылары қатарындағы «ДӘСТҮР: кеше, бүгін, ертең» атты төрт томдық кітап.
«Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухты сөзімен басталған аталмыш жауһар жинақтың алғашқы томында Қасымхан Бегманов қазақтың маңдайына біткен 21 ғалыммен, этнографтармен сұхбаттасқан. Айталық, бір ғана Абай әлемін өзге қырынан танытып, ғылымдық жолда салмақты ой, салиқалы сөз айтып, толайым еңбектің саф алтынын сол күйінде руханият қамбасына қотарып жүрген филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және «Түрік әлеміне қызмет» халықаралық сыйлығының лауреаты Мекемтас Мырзахметұлымен болған «Қынамендені» жаңғыртсақ, тойымыз да жарасымды болар еді» тақырыбындағы сұхбатқа жүгініп көрелік.
Сонау балғын шағынан балауса саусағына қасиетті қаламды қапсырып, сан жауһарды сүзіп ішкен, соның нәрлісін халқына қайтара ұсынған Мекемтас Мырзахметұлы қынаменде салтының ата-баба ұстанымында болғандығын айтып өткен. Тіпті, арқалы ақынның өзі: «Қазақтың салт-дәстүрін сөз еткенде Абайға соқпай кету өте әбестік болар еді. Ұлы ақын дәстүрімізді білу, сақтау былай тұрсын, оларды ел жадында қалдыру үшін өлеңмен өрнектеген ғой.
Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл,
Қыз таныстыр – қызыққа жұрт ыржыңшыл.
Қынаменде, жар-жар мен беташар бар,
Өлеңсіз солар қызық болама гүл?» – дейді ақын. «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деген өлеңіндегі «Қынаменде» дәстүріміздің қай түріне жатады?» – деп Хәкім даналығынан сыр суыртпақтай сауал тастағанда, парасатты ғалым текті халықтың «Бес жақсы» деген құдалыққа байланысты дәстүрінен тартып, бірқатар ұмыт бола бастаған бабалар даналығын жіпке тізген. Ал енді осы орайда оқырман қауымға «Қынаменде» салтының не екендігін айта кетелік.
«Қынаменде» – отырған жұртты күлдіру үшін бас құданы шаңыраққа екі қолтығынан асып қойып, «Қораз болып шақыр, ит болып үр» деген сынды шарт қою арқылы оны құдасымен жақындастырып, алқаусыз тіл табысып кетуі үшін жасалатын салт. Бұл бас құданы мазақтап не келемеждеу мақсатында емес, жақсылыққа жиналған жұртты күлкіге қарық қылып, ұлының бір жұртымен тез тіл табысып, жарасып кетуі үшін жасалатын көрінеді.
Қазақтың қанына сіңген, тұрмысындағы ең ғажайып осындай салттардың өзі бүгінгі таңдағы жандар үшін таңсық болып тұрғаны жасырын емес. Ал әр сөзі қорғасындай салмақты келген, қиырдағы емес, қияндағыны барлайтын текті бабаларымыз бұл салтты тұрмысымызға аса қажет болған соң ойлап таппап па еді?! Өкініштісі, бүгінде оны ұғынып, оқып, білсе де жақсылығында жаңғыртып жүрген жандар жоқтың қасы. Сондықтан да, 505 бетті қамтыған бірінші томдықтың өзінде мұндай салт-дәстүріміздің бірқатары ғалымдар арқылы оқырманына жетіп, ұмыт бола бастаған дүниелеріміз елімен қайта табысқандай күйге түсіргені бар.
«ДӘСТҮР: кеше, бүгін, ертең» кітабының екінші томында алты тұлғаның бойындағы асылын сұхбат арқылы еліне берген Қасымхан Бегменов мың тараулы дүниені, тауанды тарихты, өткеніміз бег бүгінімізді, ертеңге деген сеніміміз бен халықтың заман ағымындағы рухани бетбұрыстары мен аса мән бере бермейтін, уақыт өткен сайын тұрмысынан ысырылып бара жатқан құндылықтарын айрықша қамтып, ерекше бедерлей білген. Соның ішінде тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА құрметті академигі, Гуманитарлық Академияның академигі, Қазақстан, Қарақалпақстан Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Соғыс және еңбек ардагері Уахит Хамзаұлы Шәлекеновпен болған өрелі әңгімесін ерекше атап өткіміз келеді. Сонау тепсінгенде үзеңгі мен айылбасы саз ойнатқан айбарлы Махамбеттің жырындағы Нарынқұмнан тартып, қазақ тарихындағы аса ірі қалалардың тарихи санамыздан алыстап бара жатқандығын, олардың түпкі шежіресін, тың ақпарларды айырықша ашып айта білген Уахит Хамзаұлы өзінің ғұмырбаяндық хамсасын да көркем тілмен келісті жеткізе білген. Отанға деген сағыныш, оған деген перзенттік құрмет пен айрықша сезімнен туған жалынды сөздері оқырмандардың да буынын босатып, көзіне тарам-тарам жас үйіретіндей көрінгенін жасыра алмаспыз.
Уахит Хамзаұлы: «Қазақтар көшпенді деген сөз дұрыс емес. Қазақтар еш уақытта көшпенді болмады. Олар жайлаған жердегі табиғи географиялық жағдайға икемделіп, сол жердің байлығын үнемдеп пайдаланып өмір сүрген. Қыстайтын жерде қыстаған, жайлайтын жерде жайлаған, егістік жер болса, егін еккен. Сондықтан қазақ халқын, жалпы түркі халқын «көшпенді халық» деп атау бұл еуропалық цинтризм, ұлтшылдық саясатынан келіп шыққан нәрсе! Біздің қазақ халқы барлық жерде өздері ру-ру, тайпа-тайпа болып бөліп алып, сол жерде өмір сүріп, сол жерді өзінің меншігіне айналдырған», – деп тың пайым жасайды. Бұл атам заманнан бері өзін көшпенді елміз деп жүрген жұрт үшін, бабаларын көшпенді деп ойлайтын біздер үшін елең еткізген пікір болғаны рас. Аталмыш томдықтағы Уахит Хамзаұлымен Қасымхан Бегмановтың сұхбаты кітаптың 340 бетін қамтығаны тіпті таңданыс тудырғанын жасыра алмаймыз.
Жаһандану заманымен бірге жұтылып бара жатқан жақсы қасиеттеріміз бен құндылықтарымызға «Қарағайға қарсы біткен бұтақтай» қасқая қарсы тұрып, ұлт пен ұрпаққа деген алаңдаушылықтан көп ешкімнің қаламы бата қоймаған ғажайып сүрлеуге ойысып, тек ойысып қана қоймай, олжалы дүниесін ойлы оқырманына мөлдіретіп ұсына білген Қасымхан Бегмановтың «ДӘСТҮР: кеше, бүгін, ертең» кітабының үшінші томдығы алдыңғы қос кітап секілді ғажайып ойлар мен қазақ елінің қасиетті құндылықтары жөніндегі біз ести қоймаған бабалар жосыны, уақыт өте ұмыт болып қалған дәстүрі жайлы байламдар мен танымдық ақпарлар арқылы бай мұрамыздың бүйірін одан ары толтыра түскендей көрінгені бар. Мәселен, бір ғана Астана қаласы медицина университеті, профилактикалық медицина және тағамтану кафедрасының тағамтану технологы Өнерхан Сансызбаймен болған сұхбатындағы Алаштың асы мен дастарқан мәзіріне қатысты сөз байлығының қоры қаншалық екенін оқырманға жеткізіп көрелік. Әсіп, бұжы, бұжығы, қорықтық, жол жұмыр, шүрқан, томыртқа, ақлақ, балбұрым сынды 50-ден астам тағам түрі барын тізіп шыққан. Әрине, олар қазақ халқының ұлттық тағамдары санатындағылар. Міне, осындай сіз бен біз көп кездестіре қоймаған, кешегі данагөй бабалардың тұтынған тағамдарын білудің өзі біздер үшін үлкен олжа емес пе?! Ал дініміз бен ұстанымымыз, төл тарихымыз, сайын дала төсіндегі балбал тастар, ескерткіш пен қорымдардың шежіресі сынды өзге де құндылықтарымыз аталмыш кітаптың жақұты, әрбір қазақ оқып, білуге тиісті ұлттық байлығымыз екені жасырын емес.
Ұлттық мұрамыз бен қасиетті қазыналарымыз қопарыла жазылған кітаптың төртінші томдығы ақын, этнограф Қасымхан Бегмановтың «Дәстүрім – діңгегім» атты ұлтына деген перзенттік махаббаты мен өткенге деген құрметінен байыз таппай еңбектеніп, күллі қазақ сахарасын шарлап шыққандығына, еселі еңбегі ерен күшпен туындағанына дәлел болғандай. Өйткені соңғы томында қаламгер әр облысқа, әр өңірге барып, ондағы кенді кеуделі азаматтармен ұлттық құндылық жайлы тілдескен сұхбаты бедерленген. «Жер кіндігі – Сарыарқа» деген тақырыппен әуелі Арқа төсінде ғұмыр кешіп жатқан Темірғали Аршабеков, Райхан Мұхамедұлы, Қойлыбай Асанұлылармен сұхбаттасып, тамыры терең тарихымыз бен өркениет таратқан өзіндік қасиеттерімізді айқындап берсе, Алматы облысына жасаған сапарында Тілеш Намазбеков, Әміре Әрін, Сейілхан Төреханқызы, Бүркітбай Файзоллаұлымен ұлттық құндылықтар төңірегінде болған әңгімесін бедерлеген.
Қасымхан Бегмановтың «ДӘСТҮР: кеше, бүгін, ертең» атты төрт томдық кітабы ширек ғасырда өмірге келген қазақ халқының баға жетпес байлығы, орасан зор олжасы деп білеміз. Бұл мұқым елдің бай мұрасының қастерленіп хатқа түсіп, ғасырдан-ғасырға кетер жазбасы болары анық.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.
Жүрек сөзі
Даламызға шапағатын шашты кім,
Кімдер келіп жасамады қастығын?
Айтыңдаршы, ағайындар, күні ертең,
Сақталмаса, не боламыз дәстүрің?!Диқандарым уайымдайды астығын,
Мансапқорлар аңдиды тек бастығын.
Уа, халқым-ау, ойланайық бүгін біз,
Сақталмаса кім боламыз дәстүрің?!Қашты кімдер, жаңалықтар ашты кім?
Жаңа заман, алға қадам бас, гүлім.
Тіл мен ділің, дін мен рухың түп-түгел,
Жоғалады сақталмаса дәстүрің.Шексіз сүйдім олпы-солпы халқымды,
Қаршадайдан шығарсам деп даңқыңды.
Туған елім, сақтайықшы ежелгі,
Ырым-тыйым, әдет-ғұрып, салтыңды.Аталғанмен тәуелсіз ел, егемен,
Уайым-қайғы шеге берем неге мен?
Текеметім қайшылармен қиылып,
Сарайларға шығарылды кебежем.Ырымдарым – әжелер ғой аяулы,
Тыйымдарым – тәрбием ғой бояулы.
Қазанымнан қақпақ кетіп бұл күнде,
Көңіл шіркін қаяулы ғой, қаяулы.Жаңа ғасыр бәрін үнсіз жалмады,
Етек жайды түрлі діндер тармағы.
Ғұрыптарым ұмытылып біртіндеп,
Салттарымның кетті азайып салмағы.Салт-дәстүрім тықсырылып бұрышқа,
Қайран тілім туралғандай қылышқа,
Немерең мен шөбереңнің күні ертең,
Бөтен жолмен кеткені айтшы, дұрыс па?Анталаған дұшпандарды байқашы,
Бүлдірмесін арамызды жайтасы,
Неге кірді басқа дінге бозбала,
Иманды мен имансыздың айқасы.Экспонат боп қалмасын күбің де,
Барлық салмақ түсіп тұр ғой бүгінге!
Қазағым-ау, жойылса егер дәстүрің,
Жойылады тіл мен дінің түбінде.Қасымхан БЕГМАНОВ.





