Еліміздегі ең үлкен отбасы саналатын Талғар қаласындағы «Нұр» қайырымдылық балалар үйінің құрылғанына 20 жыл толады. Осы уақыт аралығында жетімдіктің, жоқшылықтың зарын көрген 700-ге жуық баланы бауырына басып, маңдайынан сипап, жанарын жастан құрғатқан Қазақстанның Құрметті азаматы, республикалық «Бірлік» алтын медалінің иегері Тұяқ Есхожинаның еңбегі ерен. Түрлі қиыншылықтарға қарамастан қанатын қатайтып, қияға ұшырған балаларының барлығы дерлік орта және жоғары білім алып, қызметке араласуы алтын жүректі ананың қуанышын еселеуде. Біразының отбасын құрып, бала-шағалы болғанына да шүкіршілік етеді.
Қайырым мен мейірімнің қара шаңырағына айналған бұл үйде бүгінде 2 мен 16 жас аралығындағы 48 бала тәрбиеленуде. Бір үйдің баласындай бір-біріне бауыр басқан бүлдіршіндердің киімі бүтін әрі таза, қарындарының тоқ болуын қамтамасыз ету жолында 10-нан астам адам еңбек сіңіруде.
Қайырымдылықтың қара шаңырағына айналған «Нұр» балалар үйіне облыстық «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің өнер ұжымы келіп, концерттік бағдарламасын ұсынды. Мың бұралған би мен кеудені кернеген патриоттық әндерден тұратын концертті тамашалаған балалардың жүзінен қуаныш лебі есті. Концерт соңында өнер ұжымына алғысын білдірген шаңырақтың мейірбан анасы Тұяқ Есхожина балалар үйінің бүгінгі тыныс-тіршілігін баяндап берді.
– Балаларымның жағдайын жасап, тұрмыстық қажеттілігін өтеуде қайырымды жандардың көмегі көп. Соның арқасында киім-кешек, дәрі-дәрмек, азық-түліктен таршылық көрген жеріміз жоқ. Алыс-жақыннан қол ұшын созып, керек-жарақпен қамтамасыз ететін жандарға алғыс айтамыз.
– 20 жылда 700 баланы өсірдім. Олардың 350-і жоғары білімді, қалғандары колледж бітірді, 15 магистрантым бар. Құдайға шүкір, бәрі білімді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет етіп жатыр. Қазіргі кішкентайларымыздың арасында екі ұлым, Мақсат пен Әділжаным хореографияда оқиды. Қалған балаларымды сенбі-жексенбі сайын Алматыға боксқа, футболға апарамын. Қыздарымды үй шаруасына, қолөнерге бейімдеймін. 12 баламды спорттық мектепке дайындап жатырмын. Жанары мөлдіреген балапандардың ешқандай жазығы жоқ қой. Сондықтан отағасы екеуміз шама келгенше осыларды жеткізіп, қатарға қоссақ деген тілек бар. Мен ұядан ұшқан балаларыма ризамын. Ешбірі жаманатқа қалдырмады. Теріс жолға түскені жоқ. Барлығы адалынан қызмет етіп, елге еңбегін сіңіріп жүр, – дейді мейірімді ана.
Көп сөзділіктен гөрі нақты істі көрсетуді ұнататын Тұяқ апа қай уақытта да жақсылық жасауға ұмтылу керектігін айтады. Соның арқасында сан жүздеген баланы бауырына басып, қатарға қосудағы іс-тәжірибесі шетелдіктердің де қызығушылығын тудырған. Айталық, 2005 жылы «Мәскеу-Севастополь» қайырымдылық қоры көмек қолын соза отырып, тәжірибе алмасса, былтырғы жылы Ресей Президентінің шақыртуымен Мәскеуде 12 күн жүріп келгендіктерін мақтан етті. Одан кейін еліміздің әр қаласында болып, сый-құрметке бөленулері жетімін жылатпаған пейілі кең халықтың арқасы екендігін ризашылықпен әңгімелеп берді.
– Өзім соғыстың тұсында бір әулеттен қалған жалғыз бала болғандықтан, атымды Тұяқ деп қойыпты. Анамның өмірден өтерінде қыз да болсаң әкеңнің атын шығар деген аманатын арқалап жүрген адаммын. Менің ойымды құптап, қиындықты бірге көтерісіп жүрген өмірлік жолдасым Әнуарбекке және үш ұл, үш келініме ризашылығымды білдіремін. Осы күнге дейін бәріміз осы балапандарымызбен бірге бір шаңырақтың астында тұрамыз, – деген Тұяқ апа жас кезінде ән айтуға әуес болғанын жасырмады.
Жиырма жылдың ішінде аталған екіқабатты ғимаратқа алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы бастаған қайырымдылық қорлары ұйытқы болып, іскер азаматтар білек сыбана атсалысуда. Қазірдің өзінде электр желілері жаңартылып, біраз бөлмелер заманауи құрылыс технологияларымен ағартылған. Бұған қоса, бөлме жиһаздары да жаңартылмақ. Өткен жылы көгілдір газға қосылған қайырымдылық үйі енді аз уақыттан соң іші-сырты бүтінделіп, жыртығы жамалып, түгелдей жаңарып қалатындығына балалармен бірге біз де қуана тарқастық.
Ұлболсын ИСАБЕК,
Талғар қаласы




