Сондай күресті бастан өткеріп, бүгінде жоғалған жастық шағын, болмаған балалығын, соғыстан қайтқан жаралы солдатты, майдан даласынан оралмаған боздақты жоқтаған асыл жар, аяулы ананы еске алып, бір уақ үнсіз отыратын қариялардың да қатары сиреп барады. Олар да Екінші дүниежүзілік соғыстың батырлары…
Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылында Қатима Тілегенова есімді кейуана тұрады. Ғасыр жасаған ана сұм соғыстың зардабын тамшы жассыз еске ала алмайды. Тарам-тарам тамырлары дәуірдің дүмпуіндей саусақтарымен басындағы ақ жаулығының бір пұшпағын ұстап, жанарынан тамған тамшыны сүртіп алып, бейбіт күнде сайран салған ұрпағының тілеуін тілейді. Әр секунд, әр минут сайын тарамыс алақанмен бетін сипайды. Қатима Омарқызы өзінен туған 9 баладан тараған 30 немеренің, 39 шөберенің ғана емес, тұтас елдің амандығын тілейді. Алладан сұрайды!
Биыл 95-ті еңсерген кейуана 1930 жылы дүниеге келген. Жылқы жылы сол кездегі Өрқайыңды ауылында (қазіргі Қоғалы елді мекені маңайындағы ауыл деседі) туған. Сұм соғыс басталғанда 10 жастан сәл асқан ауыл бұрымдысы балалығын «жиып қойып», еңбекке ерте араласқан. Айтуынша, ересектермен бір жүріп, күндіз бидай егіп, егін жинаған, «бір түйір дән шашылмасын», «бәрі майдан үшін» деген ұранмен масақ терген. Ал түнде соғыстағы сарбаздар үшін тоқыма тоқыған.
– Сол сұмдықты еліміз енді көрмесін. Ел ішінде тапшылық болса да бәрін майданға жөнелтіп жүргенде тоя тамақ ішіп, алаңсыз аяқ серіппей ұйықтау арман еді ғой. Ойын баласымыз, егілген астықты шашау шығармай жинаймыз. Өрқусақ ауылында соғыстағы сарбаздар үшін апиын да ектік. Қатаң қадағалаумен оны да майданға аттандырдық. Мұндай жағдай, зұлматты күн енді тумасын, – дейді батыр ана.
Қатима Омарқызы соғыс аяқталған соң Сағындық Тілегеновпен шаңырақ көтеріп, 9 құрсақ көтерген. Жары ауыл мектебінде мұғалім болыпты. Елдегі маман тапшылығына сай С. Тілегенов қазақ тілі, әдебиет, сызу сынды пәндерден сабақ берген. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған отағасы 1991 жылы дүниеден өтіпті. Бүгінде қанатын кеңге жайған әулеттің балаларының алды зейнетте. Мұқан Тілегенов аудандық өрт сөндіру бөлімінің бастығы қызметін абыроймен атқарған. Бір қызы сонау әлемге тажал таятқан фашизмнің алауы тұтанған Германияда тұрады екен. Қазір екі арада алтын көпір. Қалай дегенмен бейбітшілік заман ғой.
Қатима ана қазір баласы Мұқанның қолында. Жасы 95-тен әрі жығылса да емін-еркін далаға шығып жүр. Қос зейнеткер есік алдындағы гүлзарды гүлмен көмкеріп тастапты. Анасы қалай егуді тапсырып отырады, зейнеткер баласы ана талабына сай розаларды егеді. Қандай бақыт десеңізші?! Кейуананың кеудесінде жеңіс мерейтойларына берілген орден-медальмен қатар «Алтын алқа», «Күміс алқа» жарқырайды. «Жүз жасаңыз, батыр Ана!» деген тілек білдірдік біз де.





