Мен сұңғыла саясаткер де, өлеңнен өрнек өрген ақын да емеспін. Сонда да болса XX ғасырдың ұлы тұлғасын, Алланың ерекше жаратқан перзентін әрдайым еске алып, рухын ардақтап отыруды өзімнің азаматтық парызым деп білемін. Содан кейін де Димекеңмен болған әрбір кездесуді өзгеше толқыныспен, ерекше тебіреніспен есіме алып отырамын.
Облысымыздағы Балқаш ауданының Бақанас ауылында болған кездесу осы күнге дейін есімнен кетпейді. Қарапайым ауыл мұғалімі, жас ұстаз үшін Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттығына сайланған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен кездесуге бір емес, екі рет қатысу үлкен мәртебе, айрықша құрмет саналатын.
Аудан орталығында 1971 жылғы 7-мамырда және 1980 жылғы 16-ақпанда өткен осындай кездесулерге делегат болып қатысқанымды ғұмырымның соңына дейін мақтан тұтамын. Сол кездері ұлы адамның ұлағатын тыңдап, жарқын өмірінен үлгі алып, ғұмырыма азық етіп келе жатқанымды кейінгі ұрпаққа ұдайы айтып отырамын. Ресми басқосулар мен басқалай жиындарда, түрлі отырыстарда да ол кісінің бойындағы керемет адами қасиеттерді кейінгі жастарға үлгі етуден жалықпаймын.
Тау алыстаған сайын биік көрінеді. Сол сияқты, Димаш атаның да болмысы ғасыр өтсе де көз алдымда. Ол кісімен бір залда отырып, қолынан ұстау бақытын Жаратқан Алла тағала маған да бұйыртыпты.
Біздер – мұғалімдер, Димаш атамның, басқа да ел ағаларының ерен еңбектерін кейінгі ұрпаққа жеткізіп отыруды асыл парызымыз деп білеміз. Бұл үрдіс ешқашан үзілмеуі керек. Олай дейтінім, қандай да бір тұлғаның, қайраткердің үлкен адамгершілігі мен кіршіксіз адалдығы, өзін тәрбиелеп өсірген халқына деген шексіз сүйіспеншілігі сынға түсетін биік деңгейге миллиондаған, миллиардтаған адамдардың арасынан ілуде біреу ғана жете алады. Димекеңді біртуар қайраткер дейтініміз де сондықтан. Абайша айтқанда, толық адам Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев.
Димаш ата ел басқарған кезде Қазақ мемлекетінің тұтастығы сақталды, қазақ жастарының жан-жақты, терең білім алуына ерекше көңіл бөлінді, түрлі өнеркәсіп ошақтары, фабрикалар мен зауыттар, қалалар мен кенттер салынды, ауылшаруашылығы қарқынды түрде дамыды, ел игілігіне қызмет еткен басқа да ұлан-ғайыр шаралар жүзеге асты. Демографиялық дүмпу байқалып, кеңестік озбыр саясаттың кесірінен миллиондап қырылған қазақ халқы бұрын-соңды болмаған деңгейде өсіп-өнді, көбейіп, көсегесі көгерді! Қазіргі ел басқарып жүрген, саясат пен ғылым, мәдениет пен әдебиет, өнер салаларын дамытуға қомақты үлес қосып жүрген қайраткерлердің дені сол кезеңде қалыптасып, ұлты арқасүйер арда тұлғаларға айналды.
Димаш ата адалдық пен тазалықтың, биік адамгершілік пен кәміл ақыл-парасаттың, елін-жерін елжірей сүйген, Отанына жан-тәнімен қызмет еткен ұлтжандылықтың ерекше үлгісі. Ол кісінің кіршіксіз таза өмір жолы барша қазақстандықтар үшін өшпес өнеге, таусылмас ғибрат.
«Батаменен ер көгереді, жаңбырменен жер көгереді» дейді халқымыз. Көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған Димаш атаның батаменен көгерген дуалы ауыз, қасиетті жан болғандығы жайындағы әңгімелер аз емес.
Бұл күндері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясында қызмет етіп жүргенімді орынды мақтан етемін.
Осыдан алпыс жылдай бұрын Балқаш ауданының аймағында күріш егіле бастады. Атамыздың арқасында құм суырған сары далаға Іле өзенінен канал тартылып, 8 күріш совхозы құрылды. Осыған байланысты Димаш атамызға арнап ән шығарылды.
Бұл әнді бүгінде ауданның еңкейген қарты мен еңбектеген баласына дейін жатқа айтады. Бұл біртуар тұлғаның рухына, аруағына деген халқымыздың мәңгілік сый-құрметі!
Елінің махаббатына бөленген нар тұлғаның халқы үшін жасаған еңбегі, оның есімі артында қара ормандай қалың жұрты барда ұмытылмақ емес. Қонаевтай нар тұлғасы бар қазақтың да аты тарих беттерінен өшпей, өз орнын табары анық.
Әлима Сқағиева,
филология ғылымдарының
кандидаты, профессор




