Сарыарқаның төрінен орын алған әсем қала Астанада талайды тамсандырып этноауыл ашылғаны баршамызға аян. Алайда «жүз рет естігенше, бір рет көр» деген тәмсілді басшылыққа алып, аталмыш ұлттық мәдени кешенге бас сұққан жайымыз бар. Кіреберістегі қақпаны күзеткен қос батырдың ескерткіші бірден Ұлы Дала ұландарын көз алдыңа алып келеді. Ал ішіне енсең, таңдай қақтырар қызықтар жетіп-артылады. Олай болса, ойлы оқырман, сол қызықты бірге тамашалайық.
Қақпадан кірген бойда қымыз-қымыраны сапырылған нағыз жайлауға келгендей боласың. Береке-бірлігі жарасқан көшпелі кезеңдегі қазақ үйлер бірінен соң бірі қатарласа орналасып, есігін айқара ашқан. Менмұндалап тұрған ұлттық үйдің әрқайсысы өзінше бір мәдениеттің ошағы іспетті. Этноауылда ЭКСПО – 2017 құрметіне әр он күн сайын республикамыздың әр өңірі келіп, мәдениет күндерін өткізіп келеді. Біз барғанда Ақтөбе облысы өнер туындыларын назарға ұсынды. Бірінші тұрған қазақ үйге аяқ басып едік, көздің жауын алар ер-тұрмандар көрінді. Көркі бірінен бірі асып, қайда қарарыңды білмей, көз тоқтата алмай жалтақтап әлектенесің. Қызығушылығымызды бірден аңғарған былғары шебері Қанатбек Байғонов ер-тоқым жасау өнерімен таныстыра жөнелді.
– Жаныммен сүйетін кәсіппен 1997 жылдан бері айналысып келемін. Өзім өнер, оның ішінде әншілік мамандығын тамамдағанмын. Бала кезден ат әбзелдеріне деген қызығушылығым тыныштық бермеді. Ақыры тәуекелге бел буып, бағымды сынап көрдім. Қазір жаман емес, шаруамды өрге домалатып келемін, – деп өткеніне аз-кем тоқталды.
Әрмен қарай бір ерді жасауға кемінде 2-3 ай кететінін, ол үшін қарағай, қайың ағаштарын пайдаланып, арнайы былғары илейтініне тоқталды. Күміс бұйымдармен көркін келтіріп, қарамасқа қоймайтын өнер туындысын жасап шығарады. Мысалы, арқар мен таутекенің мүйізінен жасалған ер-тұрман жасауға барлық шеберлігін сарп етіпті. Сатылымға шығарған ерлерінің бағасын сұрап едік, 1–3 миллион теңгенің аралығында екен. Сондықтан көбіне тапсырыспен жасайды. Қанатбек ағамыз «сендерге көрсеткен олжам болсын» деп 200 жыл бұрын жасалып, өзіне мирас болып қалған ер-тоқымды көрсетті. Сол кездің өзінде ата-бабаларымыздың осыншалық өнер туындысын жасағанына таңданбасқа амалың қалмайды. Күміс ер әлі күнге дейін тозбай, сол қалпы сақталған. Көмкерілген әшекейлерінің өзі оның маңыздылығын аңғартып тұр. Шеберге әртүрлі мұражайдан ұсыныс түскенімен, жәдігерді сақтауды өзіне мирас тұтыпты. «Бұл ерді қасиетті санаймын. Қанша қарасам да аталарымыздың осыншалық өнерлі болғанына таңдана түсемін. Кейін мен де ұрпағыма мұра ретін қалдырғым келеді», – деп әңгімені түйіндеді.
Келесі қазақ үйге кіріп едік, неше түрлі бұйымдарға кезіктік. Ою-өрнекпен көмкерілген құрақ көрпе, жастық. Киіз, ағаш пен теріден жасалған кәдесыйлар назарыңды аудармай қоймайды. Сол секілді қалған киіз үйлерде де шеберлердің қолынан шыққан сырға, жүзік, білезік, белдік, белдемше, тақия, бөріктің түрлі-түстісін көруге болады. «Шебердің қолы алтын» демекші, қобыз, домбыра, садақ, қанжар сияқты өнер туындалары қаптап тұр. Алар болса, қалтаға да салмақ салмайды, қол жетімді бағаларға алуға ыңғайлы. Әсіресе, қыз-келіншектерге арналған кестелі бұйымдар, көйлек-камзолдан бастап, көптеген әшекейлерге дейін жетерлік. Тіпті, шеберлерге тапсырыс арқылы өзіңнің ойындағыдай жасатуға болады.
Этноауыл аумағындағы құмыра мен саятшы, жүзік пен батырдың ескерткіші, одан бөлек алтыбақандар мен үздіксіз орындалатын дәстүрлі әндер көкірегіңе қуаныш сыйлайды. Орыс, неміс асүйлері сынды әртүрлі асxанадан дәм татуға да әбден болады. Бір ерекшелігі қай мемлекеттің ас- үйі болмасын, барлығынан бірдей қымыздан дәм тата аласың. Әрмен қарай жүрсең оюланған тұрмыстық заттар, оның ішінде кесе, қасық, тәрелке сынды ыдыс-аяққа кезігесің. Соның жанына бүркітшілердің қырандары мен аңшылардың жүйрік тазыларын тамашалайсың. Ал садақ ату алаңында, нысанаға оқ көздеп, бағыңды сынайсың. Осылайша, қазақ xалқының ұлттық болмысына таңдана, таңырқай түсесің. Көшпелі дәуір қылаң беріп, бір сәтке болмасын өткеніңе сапар шегіп қайтасың. Мәдениет күндері күресу алаңында белдескен балуандар назарға ілігіп, концерттік бағдарлама арқылы күмбірлеген күй, әсерлі ән мен әсем би көруге мүмкіндік алады.
Мәулен Әнербай





