Халық КӨЗІ ҚЫРАҒЫ
облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ ел алдында есеп берді
Әр өңірдің өзіндік даму жолы, ұстанған бағыты, атқарып жатқан іргелі істері бар. Бұл ретте Алматы облысы аграрлық саланы негізге ала отырып өзіндік даму жолын қалыптастырған өркенді өңір десек болады. Облысымызға ғана емес, республикаға танымал өндіріс ошақтары, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу орталықтары бар өңірдің болашағы жарқын, келешегі кемел. Шетелдік инвесторлармен де іскерлік қарым-қатынас орнатып, соның нәтижесінде үлкен жобаларды жүзеге асырып жатқан облыстың экономикасы күн санап дами түсуде. Оны бүгінгі халықтың бақуатты тірлігінен байқауға болады. Қалалардағы қарқынды құрылыс, жаңадан бой көтерген өндірістік аймақтар, жасарып, жайнай түскен елді мекендер, қызу тірлік, қарбалас өмір осының бәрі облыс тұрғындарының бүгінгі жай-күйінен хабар береді.
«Жақсы басшы – елге құт» демекші, облыс тізгінін Амандық Ғаббасұлы ұстағалы өңірде қарқынды жұмыс етек алып, әлеуметтік-экономикалық дамуда ерекше бір серпін пайда болды. Оны Елбасының өзі облысымызға келген сапарында атап өтіп, әкімнің жұмысына, өңірдің дамуына оң бағасын берді. «Халық – қазы, еңбек – таразы» демекші, басшының жұмысына әділ бағасын беретін қалың көпшілік. Сәрсенбінің сәтінде І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайына жиналған қауым облыс басшысының есебін тыңдап, жұмысын бағалады.
Жиынға Жетісу жұртшылығы көптеп жиналды. Астанадан ат арылтып келген ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ пен ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жайсаң АХМЕТОВ көпшілікпен бірге Амандық БАТАЛОВТЫҢ ел алдындағы есебіне құлақ түрді.
Облысымызға келген қонақтар алғашқы кезекте өңірдің ауылшаруашылық, білім, мәдениет саласындағы жетістіктерін паш ететін көрмені аралап көрді.
Ел алдында есеп берген облыс әкімі Амандық Баталов өңірдің даму жолы мен өткен жылдың қорытындысына кеңінен тоқталып өтті.
– Бүгінгі біздің кездесуіміз Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының жүзеге асырыла бастаған кезеңімен сәйкес келді. Ұсынылған ұтқыр саяси, экономикалық реформалар мемлекетіміздің жарқын болашағын қамтамасыз етуге арналған. Сондықтан мен бүгінгі есебімді Жолдауда аталған міндеттермен байланыстыра отырып беруді жөн деп таптым, – деді ол сөз басында. – Өткен жыл – Ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толуымен ерекшеленді. Бұл айтулы межеге республикамыздың басқа өңірлерімен қатар Алматы облысы да жақсы нәтижелермен жетті. Осы кезеңде облыс халқы 300 мыңнан астам адамға көбейіп, екі миллионға жақындады. Өнеркәсіп өндірісінің, ауылшаруашылығының, шағын және орта бизнестің көлемі еселеп артты. 8 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй, 700-ге жуық әлеуметтік нысан іске қосылды.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Алматы – Талдықорған» ірі автомагистральдары, «Жетіген – Қорғас» теміржолы салынды.
Қытаймен шекарада Қазақстанда жалғыз құрғақ порты бар «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы құрылды.
Бұл мықты экономикалық өсім нүктесі, келешекте 100 мың халқы бар жаңа қала пайда болады. Осындай ірі жобаларды жүзеге асыру, экономикада тұрақты өсімді сақтау және халықтың әл-ауқатын арттыру «Нұрлы Жол» бағдарламасы және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының арқасында мүмкін болды.
Өткен жылдың қорытындысынан облыс экономикасы дамуының тұрақтылығы мен серпінділігін байқаймыз. Негізгі мақсатты көрсеткіштер мен алға қойған міндеттеріміз орындалды. Өңірдің даму көрсеткіштеріне тоқталып өтер болсақ, аймақтық азық-түлік жалпы өнімінің көлемі 2 трлн. 179 млрд. теңгеге жеткізіліп, 2 пайыздық өсімді көрсетуде, өзіндік табыс 140 млрд. теңгені құрады. Бұл жұмысымызға инвесторларды тартудың арқасында мүмкін болды. Өткен жылы инвестиция көлемі 529 млрд. теңгеге жетіп, өсім 3,3 пайызды құрады. Екі халықаралық инвестициялық форум өткізіліп, соның нәтижесінде жалпы сомасы 983 млрд. теңге болатын 39 жобаны жүзеге асыру жөніндегі келісімшарттарға қол қойылды.
Елбасының биылғы Жолдауында: «Басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру керек» делінген.
Мемлекеттің қолдауымен инвестиция тартуға жасалған қолайлы жағдайлар облысқа отандық және шетелдік әлеуетті инвесторларды, оның ішінде бірқатар трансұлттық компанияларды тартуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, ирандық «Империя Фуд» компаниясы жылына 8 мың тонна ірі қара етін өңдейтін зауыттың құрылысын аяқтайды, «Маревен Фуд Тянь-Шань» компаниясы тәулігіне 90 тонна өнім шығаратын макарон өнімдерінің зауытын салуда. Сол сияқты ресейлік «Лукойл» компаниясы, голландиялық «Фарм фритс» және германиялық «Бауманн» компаниялары да облыс аумағында өз жобаларын жүзеге асырмақшы.
Бұл жобалар бойынша қосымша 112 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1,5 мың жұмыс орны ашылатын болады. Бұл халықты жергілікті азық-түлікпен қамтып, ары қарай сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Облыс өнеркәсібінің 83 пайызы өңдеуші сектор болғандықтан біз үшін бұл басым бағыт болып табылады. Биыл өнеркәсіп саласында 645,3 млрд. теңгенің өнімдері өндірілді.
Инвесторларды тартудың бірден-бір жолы – индустриялдық аймақ құру. Өткен жылы «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында «Талдықорған» индустриялық аймағы инфрақұрылымының құрылысы толықтай аяқталды. Сонымен қатар Іле ауданында «Боралдай», Талғарда «Қайрат», Жамбыл ауданында «Қазыбек бек», Қапшағайда «Арна» және «G-4 City» спутник-қала аймағында «Береке» индустриялық аймақтары құрылмақ. Бүгінде индустриялық аймақта өндірілген өнім үлесі 20 пайызға артты және бұл көрсеткіш өсе беруі тиіс.
– Елбасы Жолдауындағы басты міндеттің бірі – бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, – деп атап өтті Амандық Ғаббасұлы. – Қазіргі таңда облыста 118 мыңнан аса субъект әрекет етеді. Олардан бюджетке түсетін түсім 2014 жылы 21 пайызға, 2016 жылы 38 пайызға өсті. Кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттен жалпы сомасы 15,4 млрд. теңге, оның ішінде шағын несие бойынша 9,6 млрд. теңге қолдау көрсетілген.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылған шаралар нәтижесінде 25,5 мың жұмыс орны құрылған. Биылғы жылдан жаппай кәсіпкерлік және тиімді жұмыспен қамтуды жүзеге асыру бойынша жаңа бағдарлама қабылданды. Енді ауыл және қала тұрғындары 16 млн. теңгенің шағын несиесін ала алады. Бұл бағдарлама аясында биылғы жылға 6 млрд. теңге және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 1,8 млрд. теңге қарастырылған.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік кәсіпкерліктің дамуына үлкен мүмкіндік ашады. Біздің ауылшаруашылық, мектепке дейінгі білім беру нысандарын бизнеске тартуда айтарлықтай тәжірибеміз бар. Өткен жылы жалпы қаржы көлемі 2,1 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асты. Биыл 21 млрд. теңгенің 11 жобасын жүзеге асыру жоспарлануда, оның қатарында 3 балабақша және Қарасай ауданындағы «Көкөзек» қосалқы стансысы бар, – деді.
Елбасы «аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» деген міндет қойды. Біздің облыс ең ірі аграрлық өңірлердің бірі, республикадағы ауылшаруашылығы өніміндегі үлесіміз 16 пайыздан асады. 1 млн. тоннадан астам дәнді дақылдар, 275 мың тонна май дақылдары, 1 млн. 662 мың тонна картоп пен көкөністер жиналды. Екі жылда қант қызылшасының егістігі 6,5 мың гектарға жеткізілді. Шаруалардың қызығушылығын арттыру үшін техникамен көмек көрсетудеміз, 10 сервистік дайындау орталығы құрылды, биыл Алакөл, Ақсу, Сарқан аудандары мен Қапшағай қаласында тағы 4 орталық құрылады.
Жоғары сапалы тұқыммен де қамтамасыз етеміз, қызылшаны сатып алу бағасын тоннасына 13 мыңнан 17 мың теңгеге дейін көтердік.
Нәтижесінде, қызылша өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының саны 470-ке дейін көбейді, маусымда 11 мыңнан астам ауыл тұрғындары еңбек етті. Соның арқасында 241 мың тонна өнім алып, 25 мың тонна қант өндірдік. Осы тұста әр гектардан 524 центнерден, кейбір шаруашылықтары 700 центнерге дейін ең жоғарғы түсімділік көрсеткен Ескелді ауданының қызылша өсіруші шаруалары екенін ерекше атап өткім келеді.
Биылғы жылы қант қызылшасының егістік алқабын 9 мың гектарға дейін ұлғайтып, 300 мың тоннадан астам өнім жинап, 30 мың тонна қант өндіруді жоспарлап отырмыз.
Өткен жылғы қызылша қабылдаудағы қиындықтарды болдырмау үшін екі жинау алаңы салынады. Біреуі – Сарқан ауданының Қойлық ауылында, ол жерден зауыт қызылшаны өзі тасымалдайтындықтан шаруалар көлік шығындарын көтермейді.
Екіншісі – Ақсу қант зауытының жанында, бұл зауытты жаңа егін жинауға дейін іске қосуымыз қажет, онсыз қантты жоспарланған көлемде өндіре алмаймыз. Биылғы жылдың өзінде облыс халқының қажеттілігін (36 мың тонна) өз қантымызбен 84 пайызға қамтамасыз етіп, импортты төмендетуге мүмкіндік туып отыр.
Жүгері егістігі үш жылда 9 мың гектарға артып, биылғы жылы 78 мың гектардан астам алаңға себіліп, 507 мың тонна астық жиналады.
Кезінде екі астық қырманы салынды, ол шаруа қожалықтарының жүгеріні кеп- тіру және сақтау мәселелерін шешті, ағымдағы жылы тағы екеуін салуды жоспарлап отырмыз.
Екінші крахмал-сірне зауытын жаңғырту жүргізіледі, ол Қарасай ауданындағы «АзияАгроФуд» зауыты, бұл жүгеріні өңдеу деңгейін 45-тен 60 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Облыстың ауылшаруашылығы саласының басым бағыттарының бірі бақ шаруашылығы болып табылады. Бақ алаңдары 20,7 мың гектарға жетті, оның ішінде апорт – 2 мың гектар. Басымдық екінші жылдан өнім бере бастайтын заманауи технологиялармен жабдықталған үдемелі бақтар отырғызуға бағытталған. Панфилов ауданында 1 мың 110 гектар «Жаркент Фрукт», Еңбекшіқазақ ауданында 250 гектар «АlmаGгееnҒіеlds» және 78 гектар «Арріе World» ірі инвесторлар тартылды. Егер бұрын жылына 40-50 мың тонна алма жинасақ, 2018 жылдан бастап жыл сайынғы түсім 100 мың тоннаға дейін жетеді.
Мал шаруашылығында барлық мал мен құс саны артуда. Былтыр мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы 113 пайызға, «Алтын асық» 128, «Құлан» 101 пайызға орындалды.
Облыста шамамен 330 мың тонна ет және 700 мың тонна сүт өндіріледі. Алайда оларды өңдеу жағы ойдағыдай болмай тұр. Сондықтан бізге кооператив құру бойынша белсенді жұмыс атқарып, 500 мыңнан астам кішігірім қожалықтар мен үй шаруашылықтарын біріктіру қажет. Облыста, сондай-ақ, 268 мың жеке қосалқы шаруашылықтар бар, оларды да кооперативтерге біріктіруіміз керек.
Бүгінгі таңда облысымызда 69 ауылшаруашылық кооперативі бар, биыл тағы 39-ы құрылмақ. Сонымен қатар 600 отбасылық ферма және мал бордақылау алаңы, 25 сүт қабылдау, 4 жеміс-көкөніс дайындау орны және 7 отбасылық жылыжай бар.
2017 – 2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа бағдарламасында алдыға қойылған барлық міндеттерді шешудің жолдары қарастырылған.
Облыс тұрғындарын баспанамен қамту да өзекті мәселелердің бірі. Бұл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» және «Қазақстандық ипотекалық компаниясы» арқылы жүзеге асуда. Өткен жылы 1 млн. 253 мың шаршы метр баспана салынып, өсім 10,3 пайызды құрады. Кезекте тұрған және әлеуметтік әлсіз топтарға 442 пәтер берілді. Биыл тағы 1256 пәтерлік 98 үй тапсырылмақ. Алайда қолға алынып жатқан шараларға қарамастан 2015 жылмен салыстырғанда үй кезегінде тұрғандар 5,4 мыңға артып, биылғы жылдың 1 қаңтарында 35,6 мың адамды құраған. Жер телімдерін алу үшін кезекте тұрғандар саны 143 мың адамға жетіп, 2014 жылмен салыстырғанда 2 есеге көбейген. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында инженерлік жүйе мен тұрғын үй құрылысын салу көлемі арта түспек. Бұл мақсатқа жыл сайын 4 млрд. теңге қаржы бағытталып отырса, бүгінде 17 млрд. теңгені игеруге мүмкіндік бар, – деді.
Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де жоспарлы түрде атқарылып жатқандығына тоқталды. Бұл мақсатқа бес жылда 57,6 млрд. теңге бағытталды. Өткен жылы 23 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды және 91 елді мекенге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 84 пайызға жеткізілді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 13 сумен жабдықтау нысанының құрылысы мен қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталуда.
Мемлекет басшысының қолдау көрсетуімен облысымыз үшін өте маңызды жоба «Алматы – Талдықорған» газ құбыры магистралі жобасы жүзеге асуда.
Газбен қамту мәселесі тек облыстық бюджет арқылы ғана емес, Еуропалық даму банкі және жеке инвесторлардың да қаржы салуы негізінде шешімін табуда. Жалпы алғанда 410 мың жетісулық тұрғын көгілдір отынмен қамтамасыз етілетін болады.
Жолдарды жақсарту, әсіресе ауыларалық жолдар мен елді мекендерді абаттандыру, көркейту мәселесіне айрықша көңіл бөлінуде. Облыстық маңызы бар 300 шақырым және ауыларалық 258 шақырым жол мен көшелер жөнделді. Биыл «Талдықорған – Өскемен» және «Үшарал – Достық» автожолының құрылысы және қайта жөндеу жұмысы басталады.
Екі жылда Алакөлдің инфрақұрылымын дамыту арқылы демалушыларға қызмет көрсету сервисі жақсы деңгейге көтерілді. Ақши ауылында заманауи медициналық құралдармен қамтамасыз етілген дәрігерлік амбулатория тұрғызылды. Бес жүз орынды көпсалалы қонақүй кешені бой көтерді.
Туристерді жайлы жеткізу үшін 2015 жылы Алматыдан Алакөлге дейінгі теміржол байланысы ашылған. Үшарал қаласындағы аэропорттың құрылысы аяқталуда, Астана мен Алматыдан ұшақтар ұшатын болады.
Облысымызда атқарылған жұмыстар жайынан хабардар еткен Амандық Ғаббасұлы баяндамасында соңғы жылдары бала туу көрсеткішінің артып, жыл сайын 50 мыңға жуық бала өмірге келетінін атап өтті.
– Бұл қуанарлық жайт, дегенмен бұл жағдай балабақшалардағы орын тапшылығына әкеліп тіреуде, – деді облыс басшысы. – Өткен жылы 125 балабақша аштық, оның 114-і жекеменшік, сөйтіп мектепке дейінгі білім беру деңгейін 87 пайызға жеткіздік. Биыл 63 балабақша, 60 жекеменшік бақша ашып, бұл көрсеткішті 92 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз.
Өткен жылы оқушылар қатары 22 мыңға артып, тағы 10 үшауысымды мектеп пайда болды, оның саны 49-ға жетті. Апатты жағдайдағы және үшауысымды мектептер жағдайын шешуде «Нұрлы жол» бағдарламасы үлкен көмек болды. Оның аясында 34 білім беру нысанына үш жылда 45,8 млрд. теңге бөлінді. Өткен жылы 9 мектепті пайдалануға бердік, биыл 44 білім ошағын тұрғызудамыз. Оның біреуі Райымбек ауданы Сарыжаз ауылындағы апатты мектептің, 34-і үшауысымды білім ошақтарының орнын басады. Осылайша келер жылы апатты және үшауысымды мектептерді толықтай жоямыз.
Елбасының тапсырмасына орай IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыру, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту, үштілді білім беруге көшу бойынша нақты іс-шаралар жүзеге аспақ.
Денсаулық сақтау саласы бойынша шілде айының 1-інен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіле бастайды. Медициналық көмек көрсетуде бізде мекеме желілері жақсы дамыған. Өткен жылы облыс орталығында 300 орынды көпсалалы аурухана ашылып, 14 нысан жөндеуден өтті. Биыл тағы 22 нысан салынатын болады. Санитарлық автокөлікпен қамту деңгейі 87 пайызды, медициналық құрал-саймандармен жабдықталуы 81 пайызды құрады. Талдықорған қаласына дәрігерлерді тарту мақсатында 60 пәтерлі үй тұрғыздық, облыс әкімінің грантымен 85 студент медициналық жоғары оқу орнында білім алуда. Медициналық мекемелердегі заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеудің арқасында дәрігерлердің біліктілігі арта түсті. Бүгінде олар ғажайып оталар жасауда. Адамның орташа өмір сүру жасы 72-ге жетіп, өлім қатары сирей түсуде, оның ішінде ана мен бала өлімі де бар. Ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтына баулу мақсатында әр аудан орталығына дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуды жоспарлап отырмыз.
Қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті сақтауда да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Ішкі істер органдары мен аудандық, қалалық әкімдіктердің бірлесуімен 1760 жиын өткізілді.
«Қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында 344 бейнебақылау қондырғылары қойылып, қоғамдық орындар мен көшелерді қадағалау жұмысы жандана түсті. Барлығы 800 бейнебақылау камерасы орнатылмақ.
Жергілікті полиция қызметі үшін 54 бірлік автокөлік, 60 радиостанция, 166 бейнерегистратор алынды. Тұратын үйімен 7 полицейлік учаскелік пункт тұрғызылды және 62-сі салынады.
Бұзықтық пен бопсалау, өлімге апаратын қылмыс саны азаюда. Жемқорлық деңгейін төмендету бойынша да жұмыстар атқарылуда. Жемқорлыққа қарсы мониторинг және ішкі талдаулар жүргізілуде.
Өңірде жастарға ерекше көңіл бөлініп отыр. Облыс орталығында Жастарға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Сонымен бірге, Талдықорған қаласының өркендеуіне былтыр 16,6 миллиард теңге қаражат бөлінді. Оның үштен бір бөлігі қала жолдарын күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалды. Былтырдан бері Жетісудың жүрегі саналатын Талдықорғанда бірнеше нысандардың құрылысы басталды. Атап өтерлік қуанышты жаңалықтың бірі ретінде биыл Салтанат сарайының пайдалануға берілетінін айтуға болады. Әрі көрме кешенінің құрылысы да аяқталмақ.
Биыл облыс орталығының оңтүстік-батыс бөлігінде 1200 орынды екі мектептің іргетасы қаланады. Оған республикалық бюджеттен 865,3 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, 16 қабатты үш үй бой көтереді.
Олардың бірінші қабаттарында медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін орталық болады. Сөйтіп, Талдықорғанда теңдесі жоқ коттедж қалашығы салынады. Бір сөзбен айтқанда, Талдықорған өзге облыс орталықтарына, өзге қалаларға үлгі болуы тиіс.
Бұл айтылған деректердің бәрі тек бір жылдың ішінде атқарылған жұмыстар. Мәселе мұнымен бітпейді. Сонымен бірге бізде шешімін таппай жатқан жайттар да бар. Оның біріншісі ретінде ауылшаруашылығында кооперативтерге бірігу жұмыстарының баяу жүріп жатқанын атар едім. Облыста барлығы 268 мың жеке шаруашылық болса, оның небәрі 435-і ғана бірікті. Мәселен, биыл біз аталған шаруашылықтардың 1597-сін біріктіруді көздеп отырмыз. Алайда бұл тым аз. Елбасының айтуынша, республика бойынша 5 жылда 500 мың шаруашылық бірігуі тиіс. Демек, жылына 100 мың қожалықтың кооператив құрғаны жөн. Бұл – маңызды қадамның бірі.
Екіншіден, Алматы мен Талдықорған маңында азық-түлік белдеуін құру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Бізде көтерме сауда жасайтын орталықтар, логистика жоқ болып тұр. Үшіншіден, шағын және орта кәсіпкерліктен түсетін түсімдер кейбір аудандарда өте төмен. Атап айтсақ, Ақсу, Кербұлақ, Сарқан және Райымбек аудандары 12-20 пайыз көрсеткішінде қалып отыр. Төртіншіден, бізде жаңа форматтағы сауда орындары жоқ. Жаңа нысандар сыртқы келбеті жағынан өте әдемі, өнімдерді ұзақ сақтай алатын қоймалары бар, заман талабына сай болуы керек. Сонымен бірге, сауда нүктелерінің көліктер тоқтайтын тұрақтармен қамтамасыз етілгені абзал.
Тағы бір түйінді мәселе – облыста тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт жоқ. Жыл сайын облыс аумағына шамамен 800 мың тонна қатты қалдықтар шығарылады. Бүгінде шығарылған қалдықтардың көлемі 8,4 миллион тоннаға дейін жетті. Осы уақытқа дейін жұмыс істейтін қалдықтардың полигоны толып кеткен және бұл мәселе дер кезінде шешуді қажет етеді. Ең бастысы, біз қандай өзекті мәселелердің бар екенін және қай бағытта дамудың жолын жақсы білеміз.
Алматы облысы – ерекше өңір. Бауыры байлыққа, өрісі малға толған, топырағы қасиетті, табиғаты тамаша, сұлу жердің Жетісу деп аталуы тегін емес. Жетісу жері – кие қонып, бақ дарыған тарихи мекен.
Жетісулықтар ынтымағы жарасқан, ерен еңбектің туын биік ұстаған парасаты мол азаматтар.
«Жері байдың – елі бай» дегендей, байтақ өлкеміз – байлық пен берекенің, бақыт пен қуаныштың бесігі.
Егер де біз халыққа жағдай жасап, қолдау білдірсек, шықпайтын белес, алынбайтын қамал жоқ.
Біз, бәріміз бірге Елбасының салиқалы саясатының арқасында, қарапайым халықтың, еңбек адамдарының қажыр-қайраты арқылы алдымызға қойған міндеттерді орындап, басты мақсаттарға қол жеткіземіз деп сенемін.
Есебін осылай тұжырымдаған облыс әкімінің сөзінен кейін талқылау басталды. Жарыссөзге шыққандар облыс әкімінің жүйелі де жемісті жұмысын жан-жақты атап өтіп, қанағаттанарлық деген баға берді. Микрофонмен өз өтініш, ұсыныс-тілектерін білдірген көпшілік газдандыру, жол, мектеп салу, жас мамандарды баспанамен қамту, мұғалімдер мен дәрігерлерге жағдай жасау, саяжайды дамыту мәселелерін алға тартты. Тұрғындар сауалына тұшымды жауап берген облыс әкімі барлық мәселелердің рет-ретімен шешімін табатынын жеткізді. Талдықорғанда тағы бір әйелдер кеңесін ашу мәселесін көп созбай жүзеге асыруды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына тапсырды.
Жылы ауанда, халық пен әкім арасындағы түсіністік аясында өткен жиыннан Жетісу жұртшылығының ауызбірлігін сезіндік. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбек ететін берекелі тірлік нышаны аңғарылып тұрды. Ең бастысы, халқын ардақтайтын әкімі, басшысын биікке көтеретін халқы бар. Лайым, осы берекеміз жарасып, түсіністігіміз арта берсін!
САН САУАЛДЫҢ ЖАУАБЫ
Ержан ШАКЕРОВ, Алакөл ауданының тұрғыны:
– Алакөлдік шаруа қожалық иелері қант қызылшасы мен майбұршақ дақылын себуді қолға алуда. Бірақ ауылшаруашылық саласына енгізілген жаңа бағдарламада гектарына субсидия берілмейді делінген. Жалпы, егістікпен айналысатын шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан қандай көмек беріледі?
Амандық БАТАЛОВ, облыс әкімі:
– Өте дұрыс мәселені көтеріп отырсыз. Бұрындары әр гектарға берілген субсидияның пайдасын халық біраз көрді. Бірақ ол кезде халыққа өсірген өнімін зауытқа жеткізу үшін жағдай жасалмаған еді. Қазір, керісінше, шаруалар өсірген өнімін зауытқа апарып сатса, зауыттан арнайы қағаз алып, әр аудандағы ауылшаруашылық бөліміне өткізсе субсидия алады. Мемлекет басшысының өзі ауылшаруашылығы саласына барынша көмек көрсетіп келеді.
Талғат САЛИХОВ, Талдықорған қаласының тұрғыны:
– Талдықорған қаласы мен ауылдық аймақтар газдандыру жүйесіне қашан толықтай қосылады?
Амандық БАТАЛОВ, облыс әкімі:
– Мамыр айында Талдықорғанның алғашқы үйлері көгілдір отынға қосылады. Облыс бойынша газ құбырларының жалпы ұзындығы 3,3 мың шақырымды құрайды. «Алматы – Талдықорған» құбырын тарту жұмысы аяқталды. Талдықорған қаласының қалаішілік газбен қамту жүйесінің 1-кезегінің 1, 2, 3 іске қосу кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Көксу ауданында «Балпық би» АГБЖ, Іле ауданында «Ақши» АГБЖ салынды, «Талдықорған» АГБЖ монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Еуропалық қайта құру және даму банкінен тартылатын қаражаттар есебінен 4,6 млрд. теңгеге Талдықорған қаласының қалаішілік газбен қамту жүйелерінің 4-кезегінің құрылысы жоспарлануда. Сонымен қатар, тағы 14 елді мекенді газдандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жүргізілуде. Яғни, 2018 жылы тұрғындар толығымен газ жүйесіне қосылады.
Ақнұр ИЗЖАНОВ, Жансүгіров кентінің тұрғыны:
– Ең әуелі Сізді «Жыл әкімі» атануыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Көпшілік жақсы білетіндей, біздің облыс ауылшаруашылығымен айналысады. Ақсу ауданында тұрғандықтан мені Ақсу ауданы қант зауытының болашағы алаңдатады.
Амандық БАТАЛОВ, облыс әкімі:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жетісу жеріне жасаған іссапары кезінде аймақта қант қызылшасын қайта жаңғырту жөнінде тапсырма берген болатын. Осы мақсатта бірқатар ауқымды шара атқарылды. Біз істен шыққан Көксу қант зауытын іске қостық. Чехославакиялық жобамен 1967 жылы іргесі қаланған зауыттың халыққа бергені көп. Ақсу зауыты банкте кепілдікте тұрған. Бірақ банк қызметкерлері зауыттың құжаттарын қайта ретке келтіріп берді. Сол үшін де оларға алғыс білдіремін. Енді біз Ақсу қант зауытын ашу үшін қолдан келген барлық істі жасайтын боламыз. Оған келер аптада қол қойылатын меморандум нәтижесі дәлел. Көксу қант зауытын ашар кезде біз кәсіпкерлерді тарттық. Келушілер көп болды. Алайда олар бірден іс бастап кете алмады. Өйткені мұның жауапкершілігі ауыр. Біз Көксу қант зауытын ашу үшін кәсіпкерге қаражат жағынан көмек бердік. Жағдайын жасадық. Нәтижесі жаман болмады. Біраз кемшіліктер де болды. Биылғы жылы қант қызылшасының егістік алқабын 9 мың гектарға дейін ұлғайтып, 300 мың тоннадан астам өнім жинап, 30 мың тонна таза қант өндіруді жоспарлап отырмыз. Бұл жоспарды іске асыру үшін облысымызда қызылша өнімін жинайтын екі алаң салынады. Біреуі – Сарқан ауданының Қойлық ауылында, ол жерден зауыт қызылшаны өзі тасымалдайтындықтан шаруалар көлік шығынданбайды. Екіншісі – Ақсу қант зауытының жанында. Бұл зауытты егін жинауға дейін іске қосуымыз қажет. Ақсу қант зауытының халықтың игілігі жолында қызмет етуіне басшы ретінде өзім жауап беремін.
Гүлшакира Гүлбалақова, Үштөбе қаласының тұрғыны:
– Үштөбе қаласы облыстағы ең ірі теміржол стансысының бірі. Осы арқылы жолаушылар көп қатынайды. Бірақ аудан орталығы – Үштөбе қаласының жолдары тозып кетті. Осыған көмек берсеңіз?
Амандық БАТАЛОВ, облыс әкімі:
– Талдықорған – Үштөбе арасындағы 34 шақырым жол құрылысы қаншама жыл салынды. Оған қаражат республика бюджетінен бөлінді. Күні кеше ғана облыс бюджетінен Үштөбе қаласы жолдарына 300 млн. теңге бөлінді. Күн жылысымен құрылыс жұмыстары басталатын болады.
Қалибек АЛПЫСБАЕВ, Көксу ауданының тұрғыны:
– ҚР Конституциясының 26-бабы туралы ойыңыз қандай?
Амандық БАТАЛОВ, облыс әкімі:
– Үкімет үйінде өткен отырыста бұл мәселе кеңінен қаралған. Ауылшаруашылығы нысандарындағы жерлерді қазақстандықтарға жалға беру мәселесі де басты назарда. Екіншісі – қазақстандықтарға жалға берілетін жерлердің мөлшерін белгілеу. Үшінші мәселе – ол халықты толғандырып отырған, шекара маңайындағы ауылшаруашылық жерлерін жалға беру тәртібін қатаңдату. Бізде шетелге жер сатылмайды делініп нақты көрсетілген. 1000 шақырымдай жеріміз Қытай мемлекетімен шекаралас. Мәселен, мен әкім болғанымда Панфилов ауданының шекарасына қытайлық миллиардер келіп: «Құмды жерден бізге жер берсеңіз. Қалғанының барлығын өзіміз жасаймыз. Сіздердің тарапыңыздан ештеме керек жоқ» деген болатын. Мен келіспедім. Өйткені, шегенделген шекараның маңын біз ешуақытта өзге мемлекеттерге жалға бермеуіміз керек. Ал бес немесе үш жыл сайын игерілмеген жерге мониторинг жасап, одан ары бос жататын болса мемлекетке қайтаруымыз керек. Жер – біздің басты байлығымыз екенін естен шығармайық.
Әнуар ҚАБДОЛДА, Талдықорған қаласының тұрғыны:
– Қазақы мәдениетімізге сай қолөнер және қазақүй бұйымдарын жасау үшін өнеркәсіптің көзін ашу керек секілді. Бұрындары Үштөбе қаласында арнайы қазақүй жасайтын зауыт болған. Соған қандай көмек бере аласыз? Сонымен қатар, ана тіліміз неге ресми тілдің көлеңкесінде қала береді?
Амандық БАТАЛОВ, облыс әкімі:
– Өте орынды сұрақ. «Бизнес – 2020» бағдарламасы аясында аталған идеяға қолдау көрсетіледі. Сізге нақты жауапты арнайы сала мамандары береді. Өзіміздің ұлттық бұйымдарымызды, оның ішінде, қазақүйді шет мемлекеттерден алып келгенше өзіміздің отандық өнімді тұтынғанымыз әлдеқайда тиімді. Сол үшін де өзіңіздің жобаңызды ұсынып, іске кірісе беріңіз. Ал ана тіліміз ресми тілдің көлеңкесінде қалып тұр дегеніңізге келісе алмаймын. Өйткені қазіргі таңда барлық ресми құжаттарды қазақ тілінде жүргізіп жатырмыз. Біздің тіліміз қазақ тілі болса, мемлекетаралық байланысқа айналған орыс, ағылшын тілдері қарым-қатынас үшін қажет. Елбасының өзі осы туралы ойын үнемі айтып отырады. Ана тіліміздің мәртебесі қазақ тұрғанда ешқашанда құлдырамайды. Көштің жүре түзелетінін де естен шығармайық.
Үкімет отырысында Елбасы басқа облыста игерілмей қалған жобалардың қаржысын, яғни, 7-8-9 млрд. теңгені мемлекетке қайта қайтаруды талап етті. Ал бізде яғни, Алматы облысына барлығы 69 жоба бекітілген. Оған 34 млрд. теңге бөлінген. Біз оны 100 пайыз игердік.
Әсел ЕЛЕУСІЗОВА, Қарасай аудандық жастар саясаты орталығының нұсқаушысы:
– Жастардың мәселесімен айналысатын жастар саясаты орталығының өзіне тиесілі ғимараты жоқ. Соған қарасайлық жастардың атынан сізге өтініш білдірсек деп едік. Ауданға қарасты Береке ауылында ескі Мәдениет үйі бар. Сол ғимаратты орталыққа беруге көмектессеңіз.
Амандық БАТАЛОВ, облыс әкімі:
– Ертеңгі күні ел тізгінін ұстаушы өздерің болғандықтан сендерге бар жағдайды жасауға тырысамыз. Аудан әкімі Махаббат Бигелдиев, осы мәселе қаншалықты шешімін табады?
– («Амандық Ғаббасұлы, Мәдениет үйінің басшысымен жолықтық. 68 миллионға бағаланған ғимаратты келісіп 28 миллионға алатын болдық», – деп жауап қайтарды аудан әкімі).
Мұратбек ӘЖІБЕКОВ, Панфилов ауданының тұрғыны:
– Үлкен Шыған ауылында жыл сайын бала саны артып келеді. Алайда олар білім алатын мектеп тым кішкентай. Осы мәселе қашан шешіледі? Ауыл балаларына арналған жаңа мектеп қашан бой көтермек?
Амандық БАТАЛОВ, облыс әкімі:
– Биыл бірқатар ауылға жаңа мектеп салуды жоспарға енгіздік. Соның бірі – Үлкен Шығанға екіншісі, Талдықорған қаласындағы «Қызылтас» саяжайына салынбақ. 1200 орынды мектеп 2018 жылы іске қосылмақ. Келер жылы балалардың барлығы соңғы үлгіде салынған жаңа мектепте білімін жетілдіреді.
Есен ЕЛЕУКЕН, республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті:
– Алматы облысы жастарға қатысты жобаны белсенді жүзеге асыратын аймақтың бірі. Айта берсек, жеткен жетістіктер де біршама. Соның ішінде Елбасының сөзіне арқау болған қант қызылшасының сұранысы облыста қанша пайызды көрсетіп тұр?
Амандық БАТАЛОВ, облыс әкімі:
– Жетісу жері қант қызылшасының отаны. Облыстағы 2 млн. халыққа 35 мың тонна қант қажет деп есептейтін болсақ, былтыр біз 24 млн. тонна қант алдық. Сонда біз жалпы сұраныстың 80-90 пайызын орындап тұрмыз.
Бақытжан БҰҚАРБАЙ, саясаттанушы:
– Облыстағы туризм саласы бойынша жетістіктерді атап өтсеңіз?
Амандық БАТАЛОВ, облыс әкімі:
– Жер жаннаты Жетісуда туризмнің мүмкіндігі мол. Біз туризм саласы бойынша жаңа бағдарламаларды іске қоспақпыз. Ішкі туризмді дамыту үшін 34 жаңа нысан салуды жоспарға енгіздік. Былтыр шипалы Алакөлге жарты миллион адам келіп демалды. Ол үлкен жетістік. Туристер тарту мақсатында мамыр айында Үшарал әуежайын іске қосамыз. Астана – Үшарал, Талдықорған – Үшарал бағыттары бойынша ұшақ бағыттары іске қосылады. Бесжұлдызды үш қонақүй салынады. Барлығы заман талабына сай атқарылатын болады.
Ауызша сұрақ қойылып біткен соң облыс әкімі жазбаша сұрақтарға жауап берді. Олардың қатарында «ЭКСПО – 2017» көрмесіне бару мәселесі қаралды. Оған өңір басшысы облыстық бюджеттен 300 млн. теңге, мүгедек жандарға 50 млн. теңге бөлінгенін айтты. Мұғалім, дәрігер мамандығында қызмет етіп жүрген жас мамандар баспана мәселесін көтерді. Амандық Ғаббасұлы жас мамандарға арнайы баспана салу жоспарда барын тілге тиек етті. Сондай-ақ, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің көңіл көншітпейтіні де сөз етілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевке Талдықорғандағы әйелдер кеңес алатын орталық жұмысын жақын арада реттеу тапсырылды.
Бізден де бір пікір
Сәуле ҚҰСМОЛДАНОВА, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының директоры:
– Аурухана үш жүз төсекке есептелген. Мұнда он бөлім жұмыс істейді. Барлық бөлімде заманауи құрал-жабдықтар қойылған. Мамандар жаңа технологиямен шетелде оқып, тәжірибе алмасуда. Функционалдық диагностика аппараттары, компьютерлік және магниттік-резонанстық томографтар орнатылған. Бұлардан басқа, автоматтандырылған орталық зарарсыздандыру жабдығы жұмыс істейді. Бұл жабдықтар мен құралдарды аса жоғары деңгейде зарарсыздандыруға болады. Кадрлармен қамтамасыз етуде мамандарды өз облысымызбен бірге, республикадан да шақырдық. Ең бастысы, біздің заманауи аурухана сапалы әрі жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсете алады. Мұның барлығына ықпал еткен Амандық Ғаббасұлы, облыс, қала дәрігерлерінің атынан сізге зор алғыс айтамыз.
Аслан КҮБЕНТАЕВ, Сарқан аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
– «Жасыл ел» жастар жасағының бастамасымен Сарқанда «Жастар» шаруа қожалығы құрылып, біршама істердің басын қайырып келеді. Өткен жылы 4,5 гектар жерге қант қызылшасын өсірдік. Елбасының өзі жұмыс сапарымен біздің алқапқа келіп, ризашылығын білдірген болатын. Жыл соңындағы нәтиже бойынша біздің осы жобамыз республика бойынша «Ең үздік жоба» номинациясын иеленді. Биыл біз жұмыс күшін арттыра отырып, он гектар жерге тәтті түбір егуді жоспарладық. Бізге көрсеткен қолдауыңыз үшін сарқандық жастар атынан сізге рахмет айтамыз.
Арман ДЖАВИДАН, «Империя Фуд» ЖШС-нің директоры:
– Ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін арттыру жобасы аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында атап айтқан сүт пен ет өндірісін дамыту жөніндегі тапсырмаларға сәйкес өткен жылдың маусым айында біздің нысан іске қосылды. Содан бері жақсы нәтижемен жұмыс істеп келеміз. Жалпы, біле білген адамға Жетісу жері нағыз жаннат. Біздің ісіміздің алға басуына атсалысқан азаматтарға, оның ішінде Амандық Ғаббасұлы, өзіңізге ерекше ризашылығымды білдіріп, жұмысыңызға табыс тілеймін.
Виктория ГОРОБЦОВА, «Kagazy Recycling» ЖШС-нің директоры:
– Біз Қазақстан аумағында, сонымен қатар, Ресейдің бірнеше қаласында макулатура жинау бойынша өкілдіктер желісі бар жалғыз отандық компаниямыз. Компания шамамен 500 мың ағашты кесуден құтқара отырып, жыл сайын 50 мың тоннаға жуық макулатураны жинайды және қайта өңдейді. Қазақстан мен Орталық Азиядағы орау өнімдері мен гофрокартон жасайтын ірі өндіруші болғандықтан облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен біршама игі істерді атқарып келеміз. Халық үшін атқарған әрбір ісіңізге береке тілеп, жүйелі жұмысыңызды өте жоғары деңгейде бағалаймыз.
Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Біз ардагерлер кеңесі қала, аудан, ауыл жұртшылығымен кездесу өткізген кезде облыстық басылымға шыққан тезиспен жұртшылықты толықтай таныстырып шықтық. Әсіресе, өскелең ұрпаққа білім беру және спорт саласы бойынша атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі көпшілікті қуантты. Атқарылатын жұмыстың да берер жемісі мол екеніне сенімдіміз. Жетісулықтар бірауыздан сізді қолдап, жеткен жетістіктерге дән риза болуда. Тұрғындар атынан өзіңізге жолданған алғысты жеткізуге рұқсат етіңіз. Елбасы тапсырмасының Жетісу жерінде толығымен орындалуын басты назарға ала отырып, халық үшін істеп жатқан әрбір ісіңізге жетісулықтар атынан алғыс білдіріп, бір жыл бойына атқарған еңбегіңізге қанағаттанарлық деген баға береміз.
Алма Есенбаева
Еңлік Кенебаева
Ж. Мұсабеков





