Шараға облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ, қала әкімі Ернат БӘЗІЛ, зиялы қауым өкілдері, әскери қызметкерлер және қала жастары қатысты.
Көше атауы жазылған тақтаның ашылу салтанатында Талдықорған әскери гарнизонының үрмелі аспаптар оркестрі Мемлекеттік Гимнді орындады. Мұнан кейін облыс әкімі Бейбіт Исабаев көпшілікті мерекемен құттықтап, бұл жиын Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңындағы айтулы шараның бірегейі екенін атап өтті.
– Сағадат Қожахметұлы – ержүрек жауынгер ғана емес, Қазақстан Қарулы күштерінің тізгінін ұстаған мемлекет қайраткері. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан Армиясының негізін қалауға бар күш-жігерін жұмсап, өлшеусіз үлес қосты. Осындай біртуар тұлғаның әскери мұрасын зерделеу, өнегелі өмірін ұрпаққа насихаттау – біздің ортақ парызымыз. «Жер-судың аты – халықтың хаты» дейді халқымыз. Бүгінгі шара – Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, бүгінгі бейбіт өмірді сыйлаған барша аға буынға халықтың көрсеткен үлкен құрметі деп білемін. Батырдың ерен ерлігі, ел дамуына сіңірген еңбегі туған халқымен мәңгі бірге жасай берсін, – деді облыс басшысы.
Айтулы шараға Сағадат Нұрмағанбетовтың немересі Айжан Талғатқызы арнайы қатысты. Ол атасының ерлігі мен іскерлігін айтып, көпшілікке алғысын білдірді.
– Атамыз үшін парыз, ар-намыс сөздері бәрінен де маңызды еді. Сондықтан да жалғыз ұлы Чернобыль АЭС апатын жоюға алғашқылардың бірі болып аттанды. Атамыздың ерлігін ұмытпаған халқымызға ризамыз. Қазіргі таңда еліміздің әр қаласында Халық Қаһарманының есімі жаңғырып тұр. Өмірін әскери салаға арнаған асыл азаматтың, жанашыр әке мен мейірбан атамыздың есімі осындай ұрпағы барда ешқашан да өшпейді. Еске алғандарыңызға рахмет. Барша отбасымыздың атынан Қорғаныс министрлігіне, облыс әкімдігіне және осы есте қаларлық шараны ұйымдастыруға атсалысқан барлық жанға алғысымды білдіремін, – деді батырдың ұрпағы.
Сағадат Нұрмағанбетовтің есімі берілген көше «Шығыс» шағын ауданында орналасқан. Бүгінге дейін «Қарағайлы» атаумен аталған ұзындығы 1,7 шақырымды көшеде 3 мыңға жуық тұрғын тұрады. Бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысандармен қатар индустриялық аймақ та осы көшеде шоғырланған. Бұл Талдықорған қаласындағы «Халық қаһарманы» атағы берілген алғашқы көше.
«Бейбіт күнді қырағы күзетіңдер» деп соңына өшпес із қалдырған батыр атамыздың бір-ауыз сөзі тек сарбаздарға емес, әр отандасымызға жүктелген аманат. Оны орындау бәріміздің перзенттік парызымыз.
Еңлік КЕНЕБАЙ





