Алпыс жасқа жету – уақыттың еншісі, ал сол жасқа елге сіңірген еңбегімен, абыроймен жету – маңдайға жазылған мәртебе. Бұл – адам баласы өмірдің тереңіне бойлап, жинаған тәжірибесін халық игілігіне жарата алатын кезеңі. Осындай мерейлі белеске толымды табыспен келген азаматтың бірі – Ерлан Қазбекұлы. Ол – өз саласын терең меңгерген білікті ұстаз, отандық ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқан, шәкірт тәрбиесін өмірлік мұрат еткен зиялы тұлға.
Ерлан Қазбекұлы 1965 жылдың желтоқсан айында Талдықорған облысы, Қапал ауданына қарасты Көшкентал ауылында дүниеге келген. Әкесі Қазбек Оспанғалиұлы ұзақ жыл мал дәрігері болып еңбек етсе, анасы Орынбасар Нүкенова сауда саласында адал қызмет атқарды. Ауылына сыйлы, ағайын-туысқа жанашыр болған ата-анасының өмірлік ұстанымы оның адамдық болмысының қалыптасуына берік негіз қалады. Ол – әулеттің кенже перзенті, алдында бір әпкесі мен екі ағасы бар.
1983 жылы Көшкентал орта мектебін үздік тамамдаған Ерлан Қазбекұлы Қарағанды педагогикалық институтына оқуға түсіп, «Бастапқы әскери дайындық және дене шынықтыру мұғалімі» мамандығын игерді. 1991 жылы жоғары оқу орнын үздік дипломмен аяқтап, сол жылы-ақ ұстаздық жолға қадам басты. Ал 1991 жылдың 25 тамызынан бастап Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде үздіксіз еңбек етіп келеді. Бір оқу ордасында 30 жылдан астам уақыт табан аудармай қызмет ету – үлкен адалдық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Осы жылдар ішінде ол ұстаздықты да, ұйымдастырушылық қызметті де қатар алып жүріп, оқу орнының дамуына елеулі үлес қосты.
2007 жылы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты атанды. Бұл – ұзақ жылғы ғылыми ізденістің нәтижесі.
2012-2016 жылдары дене шынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі әрі спорт клубының басшысы қызметін атқарып, жастарды отаншылдыққа, саламатты өмір салтына тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлді. Осы еңбегі үшін 2012 жылы «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Сол жылы жас спортшыларды тәрбиелеудегі қажырлы еңбегі де еленіп, салалық марапатқа ие болды.
2015 жылы «Семей мемлекеттік медициналық университетінің профессоры» атағы беріліп, ғалым еңбегіне жоғары баға берілді. Ал 2017 жылы Жетісу университетінде 16 спорт түрінен өткен республикалық универсиада оқу орны тарихындағы айтулы оқиғаға айналып, университет беделін биіктетті.
Ғылыми ізденіс пен кәсіби білімді ұштастырған ұстаз 2022 жылы «Педагогика» мамандығы бойынша қауымдастырылған профессор ғылыми атағына ие болды. 2016 жылдан бері дене шынықтыру және өнер факультетінің деканы қызметін абыроймен атқарып келеді. Осы жылдар ішінде 80-ге жуық ғылыми мақала, 10 оқу-әдістемелік құрал және 3 монографияның авторы атанды.
Ерлан Қазбекұлы қызметте ғана емес, отбасында да үлгілі азамат. Жары Динара Жүнісовамен шаңырақ құрып, үш бала тәрбиелеп өсірді. Тұңғышы Диас Маңғыстау облысының экономикалық тергеу департаментінде қызмет атқарса, қаржы саласында білім алған Назерке Ерланқызы да өз орнын тапқан.
Кенже ұлы Әмір Қазбек Жапония мемлекетінің грантымен Токио халықаралық университетінде «Цифрлық бизнес және инновация» мамандығы бойынша білім алуда. Бұл – ұстаз еңбегімен қатар, әкелік тәрбиенің де жемісі.
Бүгінде оның шәкірттері елдің әр саласында абыройлы қызмет атқарып жүр. Мемлекеттік басқару, спорт, мәдениет пен білім саласында жүрген түлектерінің әр жетістігінде ұстаз еңбегінің, берген тәрбиесінің ізі бар.
Алпыс жас – маңдай тердің өтеуі, парасаттың асқары. Ұлағатты ұстаз, беделді ғалым Ерлан Қазбек- ұлы осы уақыт ішінде ел білімінің дамуына, ғылымның өркендеуіне, жас ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосты. Бұл өнегелі жол алдағы уақытта да жалғасын табары анық.
Ілияс Жансүгіровтің «Ұстаз – адам жанының сәулетшісі» деген сөзі дәл осындай тұлғаларға арналғандай. Ерлан Қазбекұлы – осы биік бағаға әбден лайық, ғұмыры ғибратқа толы азамат.
Мадвақас МЫРЗАХАНОВ





