«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХІ конференциясы өтті. Аталмыш жиынға конференция делегаттары болып, аудандық, қалалық мәслихаттың хатшылары, облыстық саяси кеңес мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, аумақтық партия филиалдары төрағаларының орынбасарлары шақырылып, күн тәртібіндегі екі мәселені талқылады. Оның біріншісі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қойылған міндеттердің орындалу барысы болса, екінші мәселе «Нұр Отан» партиясынан облыстық мәслихат депутаттығына кандидат ұсыну болды.
Конференцияны ашып, жүргізіп отырған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев рухани жаңғыруға байланысты әңгіме қозғап, баяндамашыға кезек берді.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Г. Маупашева рухани жаңғыруға байланысты облыста атқарылып жатқан іске кеңінен тоқталды. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда 108 жоба әзірленіп, республикаға жөнелтілген. Сонымен қатар рухани жаңғыруға байланысты облыс бойынша 627 іс-шара өтіп, халық арасында кеңінен қолдау тапты. Мұнымен қоса 412 көрнекі құрал орналастырылып, облыстық, республикалық басылымдарда 827 мақала жарық көрген. Осындай ауқымды шара әлі де жалғасын табатынын айтып, рухани жаңғыру ұлт болашағының негізгі факторы екенін де тілге тиек етті.
Облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, «Мирас» аймақтық кеңесінің төрағасы Нүсіпбай Әбдірахым мен І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты С. Қожағұловтар рухани жаңғыру тақырыбына байланысты өз ойларын ортаға салып, әңгімені ары қарай жалғады.
Екінші мәселе бойынша облыстық мәслихат депутаттығына кандидат ұсыну мәселесі де өз шешімін тапты. Конференцияға қатысқан делегаттар облыстық мәслихат депутаттығына Қарасай аудандық №16 Ұмтыл сайлау округі бойынша Әлібек Сарсеновтың кандидатурасын бірауыздан ұсынды.
Жиын соңында облыстық мәслихат депутаттығына ұсынылған Әлібек Пернебайұлы өзіне сенім білдірген әріптестеріне алғысын білдіріп, сайланған жағдайда облыстың өркендеуіне аянбай еңбек етіп, бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Ришад ТҰРҒАНБАЕВ





