Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген маңызды түзетулерге қол қойды. Бұл құжат шетелдік есепте тұрған көліктерді Қазақстан аумағында басқару тәртібін нақтылайды. Енді елімізде тұрақты тұратын азаматтар үшін шетелдік көлік тізгіндеуге қатысты шектеулер күшейтілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы Kolesa.kz сайтына сілтеме жасап.
Заңның 65-бабына енгізілген жаңа тармаққа сәйкес, автокөлік «халықаралық қозғалыстағы көлік» деп танылуы үшін нақты талаптар қойылады.
Шетелдік нөмірмен кімдер жүре алады?
Егер көлік иесі Қазақстан азаматы болса, ол тек мына жағдайда ғана шетелдік нөмірмен бір жылға дейін жүре алады:
-
Қазақстаннан тыс жерде тұрақты тұруға рұқсаты (ВНЖ) немесе тиісті визасы болса;
-
Көлік оның жеке меншігінде болса;
-
Көлік Қазақстанда тіркелмеген және уақытша әкелінген болса.
Негізгі өзгеріс неде?
Бұған дейін көптеген азаматтар шетелдік нөмірдегі көліктерді еш кедергісіз айдап келген болатын. Жаңа ереже бойынша, егер сіз Қазақстанның тұрақты резиденті болсаңыз (яғни шетелде тұрмасаңыз), онда шетелдік есептегі көлікті елімізде еркін пайдалануға шектеу қойылады. Бұл қадам заңсыз әкелінген көліктер ағынын реттеу және жол қауіпсіздігін бақылау мақсатында жасалып отыр.
Заң қашан күшіне енеді?
Аталған түзетулер ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі. Сондықтан көлік иелеріне заң бұзушылықтар мен айыппұлдардан сақтану үшін құжаттарын алдын ала реттеу ұсынылады.
Бұл не береді?
Сарапшылардың пікірінше, бұл шаралар ел ішіндегі көлік саудасын ашық етуге және салық төлемдерінің бюджетке түсуін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Сонымен қатар, халықаралық қозғалыстағы көліктерді есепке алу жүйесі цифрландырылып, бақылау күшейтіледі.





