Тәуелсіздік. Бір ғана сөздің астарында ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы төккен тері мен қаншама боздақтардың көз жасы жатыр десеңізші?! Бұл халқымыз үшін мемлекеттік маңызы жоғары күн. Осыған орай «Тәуелсіздік – тұғырым» атты Ту тарату акциясы өтті.
«Taldykorgan jastary» ұйымдастырған шараның мақсаты – жастардың бойындағы мемлекеттік рәміздерге, ел тарихына деген құрметті күшейту, патриоттық сезім мен азаматтық жауапкершілікті нығайту. Акция барысында тұрғындарға Тәуелсіздік мерекесіне қатысты сұрақтар қойылып, дұрыс жауап бергендерге сыйлыққа Ту берілді.
– Азаттықтың ақ туы желбіреген бұл қастерлі де қасиетті баға жетпес сыйға оңай жетпегеніміз баршаға аян. Еліміз егемендік алу үшін қиын-қыстау кезеңдерді, қаншама қатерлі сапарларды бастан өткерді. Осыған орай біз тұрғындарға ата-баба аңсаған Тәуелсіздікке қатысты сауалдар қойып, Ту беру акциясын ұйымдастырдық. Өйткені ел болашағы өткенін танып, оны жас ұрпақтың бойына сіңіруден басталады, – дейді «Taldykorgan jastary» филиалының жетекшісі Әлішер Әуел.
Кешегі батырлардың ерліктерін насихатталған шараға белсене қатысқан тұрғындар «Азаттығымыз мәңгілік болсын, Туымыз көкте желбіресін!», – деген ақ тілектерін жаудырды.
Айдар ҚАЛИЕВ





