«Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Иорданияның ұлттық секциясының комиссары Мұхаллад Әл Омари және Иорданияның ҚР Төтенше және өкілетті елшісі Ахмед Идрис Инабпен кездесіп, көрмеге дайындық мәселелерін талқылады.
Кездесуде Ахметжан Есімов қазіргі таңда халықаралық қатысушыларға павильондарды тапсыру жұмыстарының қарқынды жүріп жатқандығын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде 10 мемлекет өз павильонын алып, тақырыпқа сәйкес мазмұндық толтыру жұмыстарына кірісті.
Өз кезегінде Мұхаллад Әл Омари Иордания Хашимиттік Корольдігіне ұсынылған павильон және Астанада өтетін көрмеде баламалы энергия көздері бойынша өз ұсынымдарын көрсетуге мүмкіндік берілгеніне алғысын білдірді:
– Бүгін біз Иордания павильонын көріп шықтық. Көрме ұйымдастырушыларының атқарған ауқымды жұмысы көрініп тұр. Біз жақын арада павильонды безендіру жұмыстарына кірісетін боламыз, – деді Иордания ұлттық секциясының комиссары.
Сондай-ақ Иорданияның елшісі Ахмед Идрис Инаб «ЭКСПО – 2017» көрмесіне Иордания королі келіп, өз мемлекетінің ұлттық күнін атап өту шарасына қатысатынын жеткізді.
Кездесу соңында көрмеге қатысу келісімшарты мен павильон тапсыру құжаттарына қол қойылды.
Қажет АНДАС





