Астанада өткен Сирия жөніндегі келіссөздің жайы әлем жұртшылығының назарын өзіне аудартқаны белгілі. Осыған орай Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа телефон соққан Ресей президенті Владимир Путин Сириядағы жағдайға орай өткен келіссөздердің ұйымдастырылуына ризашылығын білдірді. Сөз арасында Қазақстан Президенті Сирия дағдарысын бейбіт жолмен реттеу керектігін және алдағы күндерде де осы бағытта ықпалдастық көрсетуге дайын екендігін атап өтті.
Ақорданың интернет сайтында таратылған мәліметтерге қарағанда, екі елдің басшысы әлемдегі өзекті мәселелерді талқылап, соғыс өрті тұтанған елдегі лаңкестер келтірген әлеуметтік-экономикалық шығын жайын әңгімеледі. Осыған орай Астанадағы келіссөздердің жоғары деңгейде өткенін атап өткен Ресей президенті Владимир Путин алдағы күндерде өтетін кездесулердің күнтізбесін бірлесе қарауға шақырды.
Дәл осындай мәселелер Түркия президенті Реджеп Эрдоған мен Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэйдің кездесуінде айтылды. Анадолыға бір күндік ресми сапармен барған Мэймен кездесуден соң журналистерге түсініктеме берген Эрдоған: «Біздің мақсатымыз – стратегиялық әріптестік. Кездесуде біз Сириядағы және Ирактағы жағдайды, коалиция аясындағы әріптестікті, Астана келіссөздерін және Женева процесінің жалғасуына қатысты мәселелерді талқыладық», – деді. Сондай-ақ, Астанада өткен келіссөздерге шақырылған Сирия оппозициясы мен ресми Дамаск өкілдерінің бір үстелдің басына жиналуы үлкен жетістік екендігін атап өткен, Түркия президенті Түркия мен Ұлыбритания арасында әскери-өндірістік кешен, энергетика және тауар айналымы сынды мәселелердің тілге тиек етілгенін айтып өтті. Қазір осы екі ел 15,6 миллиард долларға тең сауда айналымын 20 миллиард долларға жеткізуді межеге алған. Бұл, бір шетінен, Еуродаққа мүшелікке кіруге мүдделі Түркия үшін тиімді қадам болмақ. Осыған орай түсініктеме берген Тереза Мэй: «Біз президентпен Кипрге қатысты мәселелерді талқыладық және барлық тарапқа тиімді шешім қабылдануына сенім арттық», – деп атап өтті. Шындығында Еуроодаққа мүше мемлекеттер Түркиядан Кипрдің тәуелсіздігін мойындауды талап етуде. Еуроодаққа мүше елдердің кейбірі Кипр жарты аралының солтүстік бөлігін «Кипр Республикасы» деп есептейді. Түркия тарапы БҰҰ ұсынған ұсынысты қабылдамай Солтүстік Кипр жерінде 40 мың әскер ұстап отыр. Дегенмен, осыдан екі жыл бұрын Түркия президенті Реджеп Эрдоған Еуроодаққа мүше болу өз елі үшін қызықсыз болып қалғанын айтқан болатын. Ендігі жағдайдың қалай өрбитіні уақыт еншісінде.
Мәди АЛЖАНБАЙ





