Сенат депутаттары «Архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Аталған құжатты бастапқыда 4 желтоқсанда қарау жоспарланған болатын. Алайда ол Сенатта талқылауға кейінірек шығарылды.
Заң жобасы Еңбек кодексіне, сондай-ақ қолданыстағы 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Олардың қатарында балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы заңнама да бар.
Ұсынылған нормаларда педофилияны және дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттайтын ақпараттың қоғамдық кеңістікте, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникациялық желілер мен онлайн-платформалар арқылы таралуын шектеу мәселесі қарастырылған.
Сенатор Амангелді Есебайдың айтуынша, бұл шаралар жас ұрпақты қорғауға, отбасы институтын нығайтуға және ұлттық құндылықтарды сақтауға бағытталған.
«Дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауды шектеуге бағытталған нормалар жас ұрпақты антиәлеуметтік құбылыстардан қорғауға, отбасы институтын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге және адамгершілік-рухани тәрбиені қамтамасыз етуге жағдай жасайды», – деді сенатор.
Қорытындысында депутаттар Сенаттың тұрақты комитеттері заң жобасына қатысты ескертулер мен ұсыныстар білдірмегенін атап өтті. Дауыс беру нәтижесінде құжат бірінші оқылымда мақұлданды.





