Фахредин Магеррамов,
«Нахичевань» этно-орталығының төрағасы:
– Наурыз мерекесі түркі халықына ортақ болғанымен әр елде өзгеше тойланады. Өзіндік өзгешеліктер болғанымен түркіге ортақ құндылықтар сақталып, береке мен бірліктің нышаны басты темірқазыққа айналады. Дәл осындай ұлттық құндылықтың бірі – Әзірбайжан елінде де кең көлемде аталып, наурыз мерекесін жалпы ұлт болып атап өтеді.
Әзірбайжанда бұл мерекені «Новруз байрамы» деп атайды. Елдегі ең маңызды мерекелердің бірі саналады. Мереке күндері адамдар жұмыстарын доғарып, жақындарымен жүздесіп, көңілді уақыт өткізген. Атап айтқанда, Оңтүстік Әзірбайжанда бұл дәстүр осы күнге дейін сақталған.
Наурыздың бірінші күні адамдар ұйқыларынан ерте тұрады. Су қоймаларына барып, беті-қолын жуады. Сонымен қатар, бір-біріне су шашады. Осылайша, тазарту жүреді. Одан кейін дәстүр бойынша адамдар бір-біріне тәтті жегізеді. Бұл күні бал немесе қант жеу керек. Одан соң терең дем алып, «жаман рухтардан» арылу керек деп есептейді. Наурызға арналған дастарқанды дайындауға көп көңіл бөледі. Дәстүр бойынша әр отбасы дастарқанға «с» әрпінен басталатын жеті тағамнан дайындалатын ас қояды. Үстел үстінде сумах, сюд – сүт, сирке – сірке суы, семени – бидайдан жасалатын ботқа, сэбзи – көкөніс және басқа да тағамдар тұрады.
Дәстүрлі тамақтардан бөлек үстел үстіне айна, майшам және боялған жұмыртқа қойылады. Аталған заттардың терең мағынасы бар. Майшам адамды жаман рухтардан қорғайтын жарық пен жалынды, ал айна Жаңа жылдың келуін немесе тазалықты білдіреді.
Наурыздың негізгі символы – семени (өнген бидай). Ол табиғаттың оянғанын білдіреді. Семени Наурыз мерекесіне дейін бірнеше апта бұрын дайындала бастайды. Ол дастарқанға қойылар алдында қызыл лентамен оралады. Мереке аяқталғаннан соң семени тасталмайды, бидайдан тәттілер әзірленеді.
Негізі Наурыз мерекесіне дайындық бір ай бұрын басталады. Наурыздың алдындағы төрт сейсенбі төрт дүлей күшке арналған. Бұл дәстүр «чершенбе ахшамы» деп аталады, ел аузында қысқаша «чершенбе» делінеді. Осылайша, әр сейсенбі сайын Су, Од, Йел және Торпаг (немесе Ахыр) чершенбе (Су, От, Жел және Жер күні) атап өтіледі. Бұл элементтердің оянуы бесінші элемент – Наурыздың келуіне, Жердің қайта тірілуіне әкеледі.





