Президент өзара сауда-саттықтағы әкімшілік кедергілерді толық жоятын уақыт келгенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, азаматтардың еркін қозғалуына кедергі келтіретін қолдан жасалған шектеулерді алып тастап, шекарадағы жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегін жою қажет.
– Кедендік реттеу және көлік, санитарлық, ветеринарлық, фитосанитарлық бағыттардағы мемлекеттік қадағалау шаралары ұйым ішіндегі кейбір шешімдерді өткізу құралы ретінде қолданылмауға тиіс. ЕАЭО құрылғаннан бері кедергісіз сауда ортасын қалыптастыруға бағытталған бірқатар құжат қабылданды. Ендігі міндет — осы ортақ талаптарды мүлтіксіз орындап, өзара алыс-беріс пен барыс-келіске тұсау болатын түйткілдерді уақтылы шешу, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Еуразиялық экономикалық комиссияға кедергілерді жедел анықтау мақсатында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің заңнамалық бастамаларына мониторинг жүргізетін жасанды интеллект технологиясын енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, кедергісіз нарық пен тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету басты міндет болуы тиіс, ал азаматтар мен бизнес интеграцияның нақты пайдасын сезінуі қажет.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту
Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтуді белсенді қолға алу қажет екенін айтты.
– Биыл Моңғолиямен Еркін сауда аймағы туралы келісімге, Біріккен Араб Әмірліктерімен Экономикалық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Бүгін Индонезиямен де осындай келісім жасалады. Бұл — бірлескен жұмыстың нақты нәтижесі. Сондай-ақ өзге елдердің Еуразиялық экономикалық одақпен сауда байланыстарын тереңдетуге қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы алдағы кезеңде ЕАЭО-ның Жаһандық Оңтүстік, Араб елдерімен, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка мемлекеттерімен ықпалдастығын кеңейту маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар ШЫҰ, АСЕАН секілді халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет екенін жеткізді.





