«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қаратал филиалының спорт бөлімі және Қаратал аудандық білім саласы кәсіподақ ұйымының қолдауымен тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай шахмат және дойбы ойынынан аудандық турнир өтті.
Салтанатты іс-шарада Қаратал аудандық ақсақалдар ұйымының төрағасы Рақымғали Өтегенов ардагерлер әрқашан алғы сапта бола беретінін, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа, адамгершілікке баулу мақсатында аудан көлемінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
Осыдан кейін Үштөбе қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Бақберген Ибраимов, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Қаратал аудандық филиалының төрағасы Берік Абақов барша жарысқа қатысушыларды мерекемен құттықтап, зор денсаулық тілеп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Шахмат және дойбы ойыны аса тартысты әрі қызықты өтті. Жарыс нәтижесі бойынша шахмат ойынынан 1-орынды Үштөбе стансысы желілік полиция бөлімінің қызметкері Нұрбол Кенитбаев жеңіп алды. Аудандық «Қаратал» газетінің тілшісі Асхат Өмірбаев жүлделі 2-орынға ие болса, Елтай ауылдық округінің тұрғыны Дін-Мұхамед Қосжанов 3-орынға қол жеткізді.
Дойбышылар ішінде ешкімге дес бермеген Үштөбе қаласының тұрғыны Мұхтар Рымбеков 1-орынды қанжығасына байлады. Айту би ауылдық округінің тұрғыны Рақымғали Өтегенов 2-орынға қол жеткізсе, Елтай ауылдық округінің тұрғыны Данияр Буратаев 3-орыннан көрінді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудандық ардагерлер ұйымы мен аудандық спорт бөлімінің мадақтама қағазымен, медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ардагерлер арасында жақсы ойын өрнегін көрсеткен Балпық ауылдық округінің тұрғыны Құмархан Назарбаевқа, Айту би ауылдық округінің тұрғыны Зейнелғабден Жұмановқа, сондай-ақ турнирге қазылық еткен Александр Тюляндинге естелік сыйлықтар табыс етілді.
А. Бақытұлы




