Ғасыр ақыны Мұқағали Мақатаев үш бақыттың біріне тілді жатқызып, адамзаттық құндылықты жырына арқау етсе, сырбаз қаламгер Ғабит Мүсірепов: «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді», – деп ашып айтқан. Қазақтың маңдайына біткен қос алып туған тілдің тағдырына алаңдады. Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтату үшін көптеген игі шара ұйымдастырылып келеді. Соның заңды жалғасы – облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйытқы болуымен Оқушылар сарайында өткен рухани кеш.
Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері мерекесіне орай өткен «Мәңгілік Елдің мәңгілік тілі» атты рухани шараның шымылдығы облыстық «Жетісу» газеті тілшілерінің жалынды жырымен ашылды. Одан кейін №16 орта мектеп-гимназиясының 2-сынып оқушысы Рамазан Жұмабайұлы Ш. Смаханұлының сөзіне жазылған Ә. Тінәлиевтің «Анамның тілі» әнін әуелетсе, шараның алғашқы сөзі тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Башбаевқа берілді. Ол:
– Армысыздар, тіл жанашырлары! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тіл туралы: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», – деп айтқан сөзі әрбір адамға жауапкершілік жүктейді. Расында, рухани түп-тамырымыз ұлт рухының өсуімен, мемлекеттік тілдің дамуымен өлшенеді, – дей келе, көпшілікті тіл мерекесімен құттықтап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік тіл саясатын белсенді насихаттауға қосқан үлесі үшін Әлімғазы Райымбеков, Төленді Сарыбаев және Гүлнұр Қабыловаға облыс әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілсе, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Құрмет грамотасымен Сағыныш Намазшамова, Ардақ Сеңгірбаева, Торғын Тұрлыбаева, Марал Болысбекова және Роза Мағрупова марапатталды. Ал облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың Құрмет грамотасы және Алғыс хаты Тілеуқабыл Мыңжасар, Болат Абаған, Әсем Көшеғұлова, Жамилә Атибаева және Қуаныш Тұңғатарға берілді.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев сөз алып, «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» тақырыбында баяндама оқыды. Сонымен қатар, аталмыш департаменттің Құрмет грамотасымен мемлекеттік тілге қосқан үлесі үшін Думан Мырзаханов, Жанар Берлібатырова, Роза Тұрғанбаева, Алмас Тұрсынғалиев және Айбек Оңғаров марапатталды.
Шара барысында Бақытгүл Әбенова секілді жезтаңдай әншілер өнер көрсетіп, көрерменді тебірентті. Сонымен қатар, жетісулық «Тамшыбұлақ» әдеби бірлестігінің мүшелері сахнаға көтеріліп, жалынды жырларын оқып, ағымдағы жылы жарық көрген жинақтарын жылжымалы кітапхана сөресіне қойды. Айталық, биыл тіл басқармасы «Буккроссинг» – еркін кітап алмасу жобасын ұйымдастырған болатын. Осы жобада белсенділік танытқан оқырмандар да марапатқа ие болды. Олардың қатарында әріптесіміз Қозыбай Құрман да бар.
Өз кезегінде Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін сөз алып, алдағы кезеңде түркі халықтарына ортақ қазақ тілінің мәртебесі асқақтай түсетініне бек сенімді екенін жеткізді. Ол тауанды тарихтан дерек келтіре отырып, ұлттық рухты асқақтатар құнды пікірлерімен тіл мерейін асырды. Сонымен қатар, түркі дүниесінің тамырына дендеп, ғасырлар бойы халықаралық дәрежеде қолданылған түркі тілі туралы тебірене тың айғақтар келтірді. Шарада қазақ поэзиясының қайталанбас тұлғаларының бірі, Жетісу топырағынан жаралған Тұманбай Молдағалиевқа арналған жыр мүшәйрасының жеңімпаздары да марапатталды. Аталмыш республикалық онлайн-мүшәйрасында жас ақын Алтынғадыс Күнтуғанұлы бас жүлде иегері атанды.
Тыңдарманды тебірентіп, көрерменнің көңілін көкжиекпен астастырған игі шара жас әнші Марлан Тұрсынғазиновтың орындауындағы «Жаса, қазағым!» әнімен мәресіне жетті.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





