Астана қаласында ҚР Туризм және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиында өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы Париж Олимпиадасына дайындық пысықталды. Сонымен қатар жолдамаға қолжеткізу, бүгінгі оқу-жаттығу жиындары мен спортшыларға жасалып жатқан жағдай да сөз болды.
Алқа мәжілісінде бірінші болып сөз алған ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев ел абыройын асқақтатар елеулі саланы дамыту, спортқа бейім, бәсекеге қабілетті бірегей ұлт, салиқалы ұрпақ қалыптастыру – әрқайсымыздың борышымыз екенін атап өтті. «Министрлік алдында бұқаралық спортты дамыту мен жоғары жетістіктер спортын жетілдіруде ауқымды жұмыстар тұр. Бұқаралық спорт саулығымызды нығайтуға бағытталса, үлкен жетістіктерге жетелейтін спорт елдің оң имиджін қалыптастырады», деді министр Ермек Маржықпаев.
Жиын барысында Жетісу облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл өңір спорты жайлы баяндап, бірқатар атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Айта кетсек, 2023 жылы Әлем, Азия чемпионаттарында облыс спортшылары 2024 жылғы Париж жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін 4 лицензия жеңіп алды. Сонымен қатар, спорттың 6 түрі бойынша лицензия алу жоспарлануда. Қазіргі таңда облыс спортшылары барлық деңгейдегі жарыстарға және оқу-жаттығу жиындарына қатысуда. Ендігі мақсат – спорттық-бұқаралық іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес спортшылардың облыстық, республикалық жарыстарға, Азия, Әлем чемпионаттарына қатысуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, облыс спортшыларының Париж қаласында (Франция) өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында табысты өнер көрсетуі.
Алуа ОСПАНЖАН
ФОТО: ВЕСТИ.КЗ





