Пандемия кезінде оқушыларға сапалы білім беру әлемдік мәселелердің біріне айналды. Жаңа оқу жылы әр елде әртүрлі басталды. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көптеген мектеп оқушылары жаңа оқу жылында қашықтан білім алуда.
Қашықтан оқыту жүйесінің рөлі қазіргі таңда білім саласы үшін өте маңызды. Себебі, бұл жүйе арқылы мұғалімдеріміз бен оқушыларымыз оқуын онлайн жалғастыруға, ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге, өздерінің білімдерін шыңдауға зор мүмкіндік алады. Алайда қашықтан оқыту мектеп оқушыларына оң әсер етуі үшін сабақ жақсы ұйымдастырылуы қажет екенін есімізден шығармағанымыз жөн.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын деп дана халқымыз айтқандай, коронавирус пандемиясына қарсы күрес мақсатында жүріп жатқан «Біз біргеміз» жалпыұлттық акциясы аясында мектебіміздің тұрақты демеушісі ТОО «DICOSTA TECHNOLOGIES, LTD» компаниясының президенті, химия ғылымдарының кандидаты Александр Дугласович Серазетдинов пен «Трансавиа» ЖШС ұшақтар компаниясының үлесі орасан зор.
«Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без» дегендей, қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, 13 жыл бойы жақсылық жасаудан қол үзбей келе жатқан, жастарға ісімен үлгі-өнеге болып жүрген тұлғаның бірі Александр Дугласович. Ол жағдайы төмен отбасында тәрбиеленіп жатқан оқушылардың сапалы білім алуына арналған қашықтан оқыту форматының басты құралы планшеттерді сыйға тартып, жүректеріне жылулық ұялатты.
Мұнымен қоса «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Түрген ауылындағы Абыхан Жексембеков атындағы орта мектебіндегі «Заманауи мұғалімдер бөлмесін» уақыт талабына сай компьютерлермен жабдықтап, ұстаздарға сапалы білім беруге ықпалын тигізген.
«Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы аясында жылда демеушілік көмек көрсетіп, оқушыларға қажетті оқу құралдарын сыйлап жүрген «Трансавиа» ЖШС ұшақтар компаниясы осы жылда да жақсылық жасаудан сырт қалмай, бас директоры Виктор Иванович Матвеев және Tourism & MICE бөлімінің бастығы Оксана Александровна Нестерова мектепке келіп акцияға үлес қосты. Олар дарынды, үздік, оқушыларды қолдау мақсатында Қазақстанның қалаларына, ТМД елдеріне саяхаттарға жіберуін жүзеге асыруға негізделген екіжақты меморандумға қол қоюды жоспарлады.
Бұл істе де демеушілер өз елінің патриоты және білімнің жанашырлары екенін тағы бір дәлелдеді. Осы жандардан баршамыз үлгі алып, көп болып қолымыздан келген көмегімізді аямай, асыл арманына қол созғандарға сүйеніш болып, жақсылық жасауға ұмтылып, сауапты іске себепкер болайық.
Гүлбахыт Қасымжанова,
А. Жексембеков атындағы
орта мектептің директоры
Еңбекшіқазақ ауданы




