Александр Иванович 1927 жылы Қостанай облысы, Обаған ауданына қарасты Лихачевка ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келді. Соғыс алдындағы ауыр жылдарда құрдастарымен бірге еңбекке ерте араласып, егіс алқаптары мен фермаларда жұмыс істеп, бұғанасы қатайды.
1944 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Отан соғысына қатысқан Александр Мосько «Ленин» және «Кутузов» орденімен марапатталған даңқты әскери құраманың жауынгері болды. Бұл кезең оның өміріндегі ерлік пен жауапкершіліктің айқын көрінісі еді.
Әскери қызметтен 1954 жылы демобилизацияланған соң, бейбіт еңбекке араласып, Бөрлітөбе мен Алакөл өңірлерінде партиялық және қоғамдық жұмыстарда еңбек етті. 1968 жылы Талдықорған облыстық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы болып сайланып, 1973 жылдан 1987 жылға дейін облыстық кәсіподақтар кеңесінің хатшысы қызметін абыроймен атқарды.
Еңбегі еленіп, Александр Иванович «Халықтар достығы» орденімен, «Еңбек ерлігі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумының екі мәрте Құрмет грамотасымен, Қазақ КСР Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен, Кәсіподақтар мен Комсомол грамоталарымен марапатталған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының соғыс және еңбек ардагерлері ұйымының үш мәрте Құрмет грамотасымен, Талдықорған қаласы әкімдігінің Құрмет грамотасын және «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атанған.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ол қоғамдық өмірден шет қалмай, ардагерлер ұйымдарының жұмысына белсене араласты. 1987 жылғы 27 ақпанда Талдықорған облысының соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің алғашқы құрылтай конференциясын өткізуге атсалысты. Ұзақ жылдар бойы Жетісу өңірінің тарихына қатысты, жоғары атақтарға ие болған азаматтар туралы деректер жинап, соғыс жылдарындағы және бейбіт кезеңдегі ерлік еңбекті кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат етті. Әсіресе, Отан соғысына қатысқан Жетісу өңірінің әйелдері туралы ізденістері оның ел тарихына деген жанашыр көзқарасының айғағы.
Александр Моськоның өмір жолы адалдықтың, табандылықтың және елге қызмет етудің үлгісі. Оның жарқын бейнесі мен сіңірген еңбегі ел жадында мәңгі сақталары сөзсіз.
Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері





