Дегенмен, уақыт өте келе ол кәсібін кеңейтуді ойлады. Себебі, жылдан жылға пластиктен жасалған есік, терезеге деген сұраныс көбейді. Ал сұранысты қанағаттандыру үшін кәсіпкердің шағын цехы мүмкіндік бермеді. Ол ұзақ уақыт цехты кеңейту жолдарын іздеді. Дегенмен, барлық мәселе қаржыға келіп тіреледі ғой. Жаңа орынды жалға алып, оны қажетті құрал-жабдықтармен, шикізаттармен қамту, жұмыскерлерге жалақы төлеу көп қаржыны талап етті. Осы орайда көпбалалы әке кәсібін кеңейтудің түрлі жолын қарастырып, «Мансап» орталығы арқылы мемлекеттік бағдарламаға өтініш берді. Яғни бұл бағдарлама ауылдық округтердегі жеке кәсіпкерлерге грант береді екен. Ол үшін жеке кәсіпкер бизнес жоспар жазып, оның тиімділігін комиссия мүшелері алдында қорғап шығу керек. Бұл мемлекет қаржысын талан-таражға салмас үшін әрі жоба шикі болса оны әрмен қарай пысықтап, пісіру үшін таптырмас мүмкіндік. Комиссия мүшелерінің ұсынысымен Саян Ақыбаев бизнес жобасын дамытып, ақыры мемлекет тарапынан 1 млн.570 мың қаражатқа қол жеткізді.
Жеке кәсіпкер бұл қаржыға алдымен цехын кеңейтті, кәсібін өзі ойлағандай жаңа сатыға шығарды. Қазір ол пластик есік-терезенің түр-түрін шығарады. Біздің өңірде жаңадан үй көтеріп, қоражай салып жатқандар өте көп. Және де ауданда түрлі кәсіптік нысандар қарқынды түрде салынуда. Құрылыс қарқыны қатты. Оның бәріне есік-терезе қажет екені белгілі. Көпшілік бағасы арзан, бірақ сапасы жоғары пластик есік-терезе іздейді. Шетелдік өнімдердің бағасы қымбат. Сонда оларға жергілікті кәсіпкердің, атап айтқанда, Саян Айтжұмаұлының өнімі ыңғайлы.
Жалпы пластик есік-терезе өндірісі елімізде жедел дамуда. Қазір барлық нысан пластик есік-терез қояды. Бұрынғыдай ағаш есік-терезені пайдаланатындар азайып барады. Заманауи есік-терезе бөлмеге қыста суықты, жазда ыстықты кіргізбей, жылы температураны сақтап тұрады. Сондықтан да пластикке деген сұраныстың артуы заңды. Мысалы, кез келген қызмет көрсету орнына, атап айтсақ, шаштараз, дүкен, қойма, базар секілді жерге барсаңыз, барлығында пластик есік-терезе. Оны адамдар оңай ашып-жауып жатыр. Одан сынып, бүлініп жатқаны жоқ. Яғни өте төзімді. Олар болмашы нәрсеге сына қоймайды. Ағаш, әйнек есіктер күтімді талап етеді. Ал пластик соншалықты күтімге мұқтаж емес, барлық тосын сынаққа шыдап береді. Сондықтан да адам көп жүретін, көп келетін мекемелерге пластик өнімдерін тұтынады.
Осыған байланысты кәсіпкерлер де пластик цехын көптеп ашуда. Олардың арасында Саян Ақыбаев секілді азаматтар дер кезінде кәсібін кеңейтіп, бәсекелестікке төтеп беріп отыр. Мақсат сапаға жұмыс істеу әрі сол арқылы кәсібін дамытып, отбасын ғана емес, аудан тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз ету. Осы арқылы ол тек отбасын асырап қоймай, өңіріміздің әлеуетін арттырып, экономиканың жандануына тамшыдай болсын үлес қоспақ.
Кәсіпкер алдағы уақытта мол тапсырыстың арқасында мемлекет тарапынан берілген грантты тиімді пайдаланып, кәсібін дамытып, жұмыссыздықтың азаюына өз септігін тигізуге ниеттеніп отыр.
Жақсылық ИГІМАН





