Бүгін Үкімет отырысында өткен аптада Оқу-ағарту министрі қызметіне тағайындалған Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан халқы мен Президенті алдында ант берді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
– «ҚР халқы мен Президенті алдында өз Отаным – Қазақстан Республикасының экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс-әрекетімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант беремін, ант етемін», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Айта кетейік, Жұлдыз Сүлейменова 2025 жылғы қыркүйектің соңында Оқу-ағарту министрі болып тағайындалған еді. Бұған дейін ол Мәжіліс депутаты және әлеуметтік мәселелермен айналысқан комитет мүшесі болған.





