Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» ЖШС басшылығымен онлайн режимде кездесу өткізді. Жиында «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында индустриалды парк салу жобасы талқыланды.
Шара барысында сөз алған облыс әкімі «Hubei Kelison» индустриалды паркінің құрылыс жобасы, 2020 жылдан басталған «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» деп аталатын өндірістер мен логистикалық қызметті ұйымдастыру ісі ойдағыдай жүрмей тұрғанын айтты.
– Пандемияға дейін, 2017-2018 жылдарда индустриалды аймақта болашақта тұрғызылатын нысандарды құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге арналған бетон араластыру құрылғысының бірінші технологиялық блогы ғана салынған. Сол сияқты технопарктің 1-ші кезегінің негізгі іске қосу аймағындағы алаңы 67 гектар болатын аумақтың жоспары, жол салынатын жерді тегістеу жұмыстары, арнайы экономикалық аймақтың магистральді жолымен жалғасатын жолды нығайту жұмыстары ғана аяқталған, – дей келе Қазақстан Үкіметі жобаны іске асыруды одан әрі жалғастыруды мақұлдағанын айтып, құрылысты қайта жандандыруға қатысты іс-шаралар мен олардың нақты мерзімі көрсетілген екі жақты меморандумға осы жылдың соңына дейін қол қоюды ұсынды.
Сонымен қатар, аймақ басшысы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында өндіріс саласы бойынша және біздің облыс пен Сямэнь қаласының арасындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған халықаралық форумды ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Аталмыш жобаның құрылысы пандемия басталғалы бері мүлдем тоқтап қалыпты. Соның салдарынан индустриалды парк салу жобасына қатысты негізгі жұмыстардың небары 10 пайызы ғана орындалған. Құрылыстың аумағы 5 млн. шаршы метрден асады. Бұдан бөлек, жеке қаражат есебінен жол және инженерлік инфрақұрылым құрылысын жүргізу жоспарланған. Жұмыстың межеленген ауқымын және жобаны іске асыру мерзімі 2025 жылдың қазанына дейін деп белгіленген.
Өз кезегінде «Қазақстан-Қытай халықаралық өндірістік паркінің» төрағасы И Фацзюнь: «Пандемияның салдарынан Қазақстандағы құрылыс жұмыстары 2-3 жылдай тоқтап қалғаны рас. Бірақ, Қытайдағы жұмыс тоқтаған жоқ. Біз технопарк салу үшін бірнеше компаниямен сөйлесіп, меморандумға қол қойдық. Желтоқсан айында технопарктің логистикалық орталығын ашуды жоспарлап отырмыз, – деді.
Осыдан кейін «Fujian Dazhuo Group» төрағасы Линь Сяову, Халықаралық сауда жөніндегі Сямэнь кеңесінің төрағасы Ке Биру алдағы атқарылатын жұмыстарды баяндап, ұсыныс-тілектерін айтты.
Жиын соңында Бейбіт Өксікбайұлы әлеуетті Қытай инвесторлары үшін әкімшілік және экономикалық қолайлы жағдайлар жасайтынын және болашақта қолдау көрсетуді одан әрі жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Айдар ҚАЛИЕВ,
Жетісу облысы





